Таухид үшке бөлінбейді \ ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы | islam-atyrau.kz
- Бөлім: Медиа дәрістер
Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті
Мешіт жамағатын ауызбіршілікке шақыру, Ислам діні құндылықтарын насихаттау, жат ағымның алдын алу мақсатында ҚМДБ-ы Атырау өңіріндегі өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлының бастамасымен әр ай сайын дастархан басында жамағатқа айлық уағыз өткізу дәстүрге айналған болатын.
Сәуір айында өтуі тиісті айлық отырыс белгілі исламтанушы Қабылбек Әліпбайұлының облысымызға келу іс-сапарымен тұспа-тұс келгендіктен, бұл жолғы жиын қонағы "Нұр Астана" мешітінің наиб имамы болды.
Отырысты өкіл имам Батыржан Берденұлы ашып, белгілі исламтанушы
Қабылбек Әліпбайұлын жамағатпен таныстырды. Қ.Әліпбайұлының 1-сәуір күні насихат айтатынын естіп, алыс-жақыннан ағылған ағайынның көптігі сондай - мешіт іші жамағатқа лық толды.
Жиын барысында Қабылбек ұстаз салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен біте қайнасқан Ислам дінінің теңдессіз құндылықтары туралы сөз қозғай келіп, қазіргі таңда қоғамда белең алып отырған ағымға бөлінудің зардап-зиянына тоқталды. "Біз - кешегі Наурызбай, Бөгенбей, Кенесары мен Махамбеттердей елін жаудан қорғаған батырлардың ұрпағымыз. Ал, бүгінгі таңда қаракөз жастарымыз айрандай ұйыған елдің ішін ала тайдай бүлдіріп, Сирияға асуда. Бұл - елге достық ойлаған, ел ертеңіне алаңдаған жастың тірлігі емес, туған халқына жаулық ниетпен қару ұстаған адамның бейнесі. Алған ілімі асыл пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне жеткізбейтін адасқан бауырдың әрекеті. Олай болса, кейінгі өскелең ұрпақ осыдан сабақ алып, Алла Тағала разылығына қауыштыратын білімнен сусындауға ұмтылғаны абзал", - деді ол өз сөзінде.
Жиын соңында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген Қабылбек Әліпбайұлы ілімді даладан емес, Алланың үйінен іздеудің керегін айтып, татулықты үндеді.
"Иманғали" орталық
мешітінің баспасөз қызметі
1-сәуір күні "Иманғали" орталық мешітінде құптан намазының алдында белгілі исламтанушы, "Нұр Астана" мешітінің наиб имамы Қ.Әліпбайұлы жамағатқа уағыз айтты. Қ.Әліпбайұлын жамағатпен таныстырған өкіл имам Батыржан Берденұлы ұстаз уағызының құптан намазынан кейін де жалғасын табатынын ескертті.
Қабылбек ұстаз көтерген мағыналы уағыз тақырыбы асыл дініміздің атын жамылып, жамағатқа іріткі салуды көздейтін адасқан ағымдардың жат пиғылынан сақ болу, олардың алдын-алу мәселелері болды. "Адасқан ағымға еріп, елінен, дінінен безіп жүрген кім десек, ол бізбен бірге жер-ананың суын ішіп, топырағынан нәр татып жүрген қаракөз қандастарымыз. Олардың азып-тозып, Алланың емес, адамның құлы болуына алып келген не? Әрине, үйдегі тәрбиенің кемдігі, ұлттық мүдденің әлсіздігі, тарихи сауатсыздық. Міне, осы сынды ұлттық құндылықтар бала санасына сіңбесе, сенің үйіңнен де дінінен бейхабар, тілі шорқақ, ұлтсыз, қайырсыз баланың өсіп шығуы әбден мүмкін. Сондықтан да ар-намысты, адал болуды үндейтін мұсылмандық тәрбиеге ден қойып, адамдық қалпымызды түзеу арқылы көркем мінезге қол жеткізуіміз керек. Бұл - пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті", - дей келе, экстремистік ағымдардың алдын-алуда маңызы зор тәрбие мен білімнің маңыздылығын атап көрсетті.
"Иманғали" орталық
мешітінің баспасөз қызметі