Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Өкіл имам имамдар семинарында дәріс оқыды

Бүгін, 16-мамыр ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы күні кеше ашылу салтанаты өткен үш күндік имамдар семинарында «Хадис тағылымы» тақырыбы бойынша дәріс оқыды.

«Хадис – өз бастауын Құраннан алатын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметін тура жолға бастайтын өсиет сөздері. Хадис – сүннет негізі. Ислам дініндегі Құраннан кейінгі қос қайнар көздің бірі. Сондықтан хадистен тағылым алу – Құран хикметін терең түсінуге жол ашады», – деді бас имам өз сөзінде. 

Дәріс соңында имамдар өз сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасылды.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Жасөспірімдердің тәрбиесі

 

ҚМДБ-ы «Әйел-қыздар» секторының Атырау өңірі бойынша жетекшісі, «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы Айжарқын Түзелова APEC Petrotechnic жоғары білім беретін колледжінде өткен «Жасөспірімдердің тәрбиесі» атты шараға қатысты.

Сондай-ақ, шараға аталған оқу орнының медбикесі Күләш Садиева, облыстық медицина колледжінің әйел-қыздар дәрігері Гүлмира Қайралиева қатысып, жасөспірімдердің тәрбие, тазалығы туралы өз ойларымен бөлісті.

Қатысқан адам саны – 50 студент.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Білім – жәннатқа апарар жол

 

15-мамыр күні «Иманғали» орталық мешітінде ҚМДБ-ы «Әйел-қыздар» секторының Атырау өңірі бойынша мүшесі, мешіт ұстазы Бибінұр Қармысованың ұйымдастыруымен «Білім – жаннатқа апарар жол» атты тақырыпта білім сайысы болып өтті.

Сайысты ҚМДБ-ның өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы ашып, «білімнің пайғамбарлардан қалған мирас, Алла Тағаланың әмірі, Құранның әлқиссасы екенін айтты. Өйткені, Құранның алғашқы аяттары адамзатқа білім алуды бұйырып, білгендер мен білмегендердің тең емес екенін баян етеді. Сондықтан тал бесіктен жер бесікке дейін білім алу – ортақ парыз», – деді.   

Сайыс барысында әйелдер жамағаты екі топқа бөлініп, қойылған викториналық сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, жартылай айтылған хадистерді толықтырып, хадис жаттаудан да өзара бақ сынасты. Жеңімпаздарға ескерткіш сыйлықтар тарту етілді.  

Қамтылған адам саны – 25.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

«Исатай-Махамбет» мешітінде Құран жарысы өтті

Махамбет аудандық «Исатай-Махамбет» мешітінде аудандық жастар ресурсының қолдауымен, «Исатай-Махамбет» мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айының құрметіне орай ерлер жамағаты арасында «Құран –тура жолға бастар жол» атты Құран жарысы болып өтті.

Аудан бойынша 20 үміткер қатысқан сайыста сайыскерлер екі талап бойынша өзара сынға түсті. Бініншісі – 30-шы параны жатқа айту, екіншісі –  30-шы парадағы қысқа 22 сүрені жатқа айту.

Құран сайысына «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Ардақ Жұмабекұлы, Индер аудандың «Әйіп қажы» мешітінің наиб имамы Бейбіт Ағыбаев, Мақат аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Даурен Құттыбаев, сондай-ақ, аталған «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы Мейрамбек Қожахметов төрелік етті.

Сайыс қорытындысы бойынша 30-параны жатқа айтудан жүлделі бірінші орынды Дамбы селолық мешітінің жамағаты Әсет Бейбарыс, екінші орынды "Махамбет-Исатай" мешітінің жамағаты Хамидолла Алмас, ал үшінші орынды Дамбы селолық мешітінің жамағаты Серікұлы Абдулла иеленді.

 Екінші номианация бойынша бірінші орынды Индер аудандық «Әйіп қажы» мешітінің жамағаты Жұбан Әбілхайр, екінші орынды Мақат аудандық мұсылмандар мешітінің жамағаты Кереев Майрамбай,үшінші орынды Мақат аудандық мұсылмандар мешітінің жамағаты Дүйсенғалиев Сұлтан иеленді.

Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша

баспасөз қызметі,

Махамбет аудандық

«Исатай-Махамбет» мешіті

Толығырақ ...

ЖАР ТАҢДАУДАҒЫ МҰСТАХАП АМАЛДАР

بسم الله الرحمن الرحيم

الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على رسولنا محمد و على آله و اصحابه اجمعين

Аллаға және ақырет күніне сенген адам әр ісіне пайым-парасаттылықпен қарайтыны даусыз. Күрмеуге келмес жіңішке дүниелерді де рухани һәм шариғи сүзгіден өткізіп барып іс қылмақ. Ал әрбір ісіне осындай көзқараспен баратын жан міндетті түрде неке қиылғанға дейін әбден ойланып, шешімге түбегейлі келгеннен кейін ғана оң қадам басады. Өйткені бір ғана «неке» адамдардың тағдырына, болашағы мен абыройына әсер етеді. Сондықтан неке қиылғаннан кейін ешқандайда сылтау айтпастан, таңдаған жарымен өмірінің соңына дейін бірге ғұмыр кешуі міндет. Сол себепті неке қимастан бұрын болашақ ерлі-зайыптылар бір-бірін жақсы танып, біліп алуы қажет. Бұл тұрғысынан келгенде адамзаттың тұтас ғұмырындағы барша мәселелерді қамтыған шариғатымыз, отбасының баянды өмір сүрулері үшін жар таңдау әдептерін де ұсынған.

Біріншіден болашақ жарыңды көріп, ұнатып алуың. Әбу Һурайра (р.ғ.) риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйленгісі келетін жігітке: «Оны көрдің бе? – деп сұраған. Ол: «Жоқ», – деп жауап берген. Сонда пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бар, оны көр», – деп бұйырған.

Бұндағы айтылған хадистің мазмұнына парасаттылықпен бойлайтын болса, көрудегі мақсат болашақ ерлі-зайыптылар бір-бірін тану арқылы ұнатып үйленуі керек екенін байқаймыз. Қызды ұнатса, одан әрі әрекет етеді, ал ұнатпаса әрекетін тоқтатады.

Негізінен, қалыңдықты көрудің де өз әдебі бар. Бұған дәлел Жабир (р.ғ): «Бану Суләйм руынан бір әйелге құда түскім келді. Оның келбетімен пішінінің маған ұнайтынын білуім үшін оған білдіртпей құрма ағаштары бұтақтарының арасына жасырынып, оны көріп алдым. Сөйтіп барып оған үйлендім», – деген.

Дегенімен бұл әрекет қыз ұсынысымды қабылдайды деген сенім басымырақ болғанда ғана жасалады. Ал, айтқан ұсынысым қабылданбайды деген ойы үстем тұрған жағдайда қызға көз салу дұрыс емес. Егер екі жақ тең болса, қарауға рұқсат етіледі. Себебі болашақ құдалар және ерлі-зайыптылар тең деңгейде болуы немесе жігіт жақ жоғарғырақ дәрежеде болып, қыз жақты ұнатса отбасының болашағына оң ықпалын тигізеді. Жігіттің көруге мүмкіндігі болмаса, қалыңдықты көруге басқа жақын кісіні жіберуге болады. Бұл істі біздің елімізде жеңгелердің атқаратыны шариғатымыздың әдебіне сәйкес келеді.

Қалыңдықты көру немесе осы мақсатта адам жіберу құда түсуден бұрын жүзеге асырылуы тиіс. Өйткені қалыңдықты құда түсіп болғаннан кейін көріп, күйеу жігіт қызды ұнатпай қалса, онда қалыңдықтың абыройына нұқсан келтіреді және оның үй-ішіне жайсыздық тудырып, ұятқа қалдырады әрі азарға душар етеді[1].

Қызды сыртынан көрген жігіт оны ұнатса, истихара намазын оқуы абзал. Әбу Әйюбтен (р.ғ) жеткен хадисте Аллаһтың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құда түсетініңді жасыра тұр. Одан соң жақсылап дәрет ал. Сосын Аллаһтың саған нәсіп еткен (рақағат) намазын оқы. Одан соң Раббыңды мақтап, дәріптеп былай деп дұға қыл: «Ей, Аллаһ! Сен құдіреттісің, менде ешбір құдірет жоқ, Сен білесің, ал мен болсам білмеймін, әрі Сен ғайып нәрселерді білушісің. Егер әлгі әйелде (атын айтып) мен үшін дініме, дүние істеріме және ақыретіме жақсылық бар екенін білсең, оны маған жазғайсың. Ал одан басқа әйел мен үшін менің дініме, дүние істеріме және ақыретіме жақсырақ болса, соны жазғайсың», деп айт», – деген.

Пенденің истихара намазын оқуы және бұлай дұға етіп ол істі Аллаға тапсыруы адам өмірінде өте маңызды орын алады. Бүгінгі күндегі көріп отырғанымыздай жастардың сезімге беріліп, ата-анасыныңда сол шешімге келуіне мәжбүрлі етіп отбасын құруы, көп жағдайда өкінішпен аяқталып жатса, кейбіреулерінің көңілі қалаған қызына қол жеткізе алмауы арқылы өмірден өз орындарын жоғалтып жатады. Ал, дініміз пенденің басқа бір пендеге тәуелді болып, дәрменсіз болуын қаламайды. Сондықтан кез-келген істе қажет намазын оқуы, Жаратушыға тәуекел етіп сол істің шешімін Тәңірге тапсыруы пендені сезімге беріліп қателесуден сақтаса, оданда маңыздысы Алла Тағаланың толықтай қамқорында болып, ойлағанынан да қайырлы ізгілікке қол жеткізе алады.

Негізінен пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттерінде болашақ жарының тазалығынан бастап, тіпті оның дүниеге бала әкеле алуына дейінгі барлық мүмкіншіліктеріне қарап алу керек екендігін ескертілген. Сонымен қатар,  оған жету жолдарының әдептерінде үйреткен.

Анастан (р.ғ) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Умму Сулаймді бір әйелге жіберіп: «Тізесінің астына қарап, тамағының тұсын (және бір риуаятта «алдыңғы тістерін») иіске», – деген. Бұндағы мақсат әйелдің тазалыққа қаншалықты мән беретіндігін байқау және жағымсыз иістерді тексеру. Сол сияқты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдің алақандарына, жүздеріне және тобықпен балтырының арасына қарауды да өсиет еткен. Себебі, алақаны оның денсаулығын білдірсе, жүзі оның ажарын білдіреді. Ал, тобықтан жоғарғы жағы дүниеге ұрпақ әкелу қуатын аңғартады. Бұл амалдар даналықпен қалыңдыққа сездірмей, көңіліне тимей өзіңе жақын болған әйел адамның көмегімен жасалуы шарт. Мысалы қалыңдықты көруге барған әйел құшақтасып амандасқан болып, жағымсыз иістерін тексерсе, әңгімелесу барысында басқада пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттерін орындауына мүмкіндік алады. Бұл үкім тұрмысқа шығатын жігітіне көз салмақ болған қалыңдыққа да жүреді. Қалыңдық та күйеу жігітті әбден танып барып тұрмыс құруы керек.

 Бүгінгі таңда кейбіреулер танып білу үшін қызбен жігіт болып біраз уақыт жүру керек деп ойлайды. Әлбетте, адамдық өмір сүру жүйе дұрыс болуы үшін үйленбеген қызбен жігіттің жеке қалуы немесе бірге жүруі қатаң тыйым салынады. Екі жақ бірін-бірі жақсы тану үшін жоғарыдағы өсиеттермен қоса хитба жасаудың да ерекшелігіне тоқталсақ болады.

Хитба – яғни, құда түсудің маңызы өте зор. Құда түсу екі жақтың арасындағы айқындықты қамтамасыз етеді. Танысу барысында әрқайсының табиғатында бар артықшылықтары мен кемшіліктері анықталады. Екі тарап бір-бірінің кемшіліктерін біліп әрі оны көтеруге шамасы келетініне көзін жеткізеді. Өйткені кейбір кемшіліктерді бәзбіреулер көтере алса, басқалары көтере алмауы мүмкін. Сөйіп, осы негізде екі жақ барлық жағдайларды сезе отырып құдаласуға келіседі. Бұл – некенің көркем әрі берік болуына септігін тигізеді. Құда түсу сонымен бірге күйеу мен қалыңдыққа және олардың әулеттеріне мәһр мөлшері, тұратын үйлері және неке құратын уақыты және т.б. мәселелерді анықтап алуларына мүмкіндік береді.

Отбасын құруды қалаған адам болашақ жарының мына екі сыйпатына мән берсе, еш уақытта қаталеспегені һәм бақытсыз болмағаны. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қыздарыңызды тақуа әрі көркем мінезді адам сұраса, оған үйлендіріңдер», – деп өсиет еткен. Бұл хадистің мәнісін Әли (р.ғ) былай деп түсіндіреді: «Егер жігіт тақуа әрі көркем мінезді болса, қызыңды жақсы көрсе аялап бағады. Ал, егер ұнатпасада ұрып-соғып немесе ренжітіп жылатпайды», – деген.

Неке қиылған уақыт отбасылық бүкіл жауапкершіліктердің жүктелуі. Бақытты отбасы болу Алла Тағаланың ең жақсы көретін амалы болса, ал отбасын бұзу Жаратушының ең жек көретін күнә ісі. Сондықтан отбасының жауапкершілігі ерлі-зайыптылардан бастап, маңайындағы барлық адамдардың Жаратушының алдында тіке тұрып жауап беретін маңызды ісі екенін мүмін мұсылманныың ұмытпағаны абзал.

 

Серікхан Ахмадиев,

ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы

Толығырақ ...