Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Иманғали» орталық мешітінде қайырымдылық пакеттері таратылды

«Иманғали» орталық мешітінде қайырымдылық пакеттері таратылды

16-маусым күні «Иманғали» орталық мешітінде қасиетті Рамазан айының құрметіне орай  мұқтаж жандарға қайырымдылық пакеттері таратылды. Осымен екі жыл бойы дәстүрлі түрдеүзбей ұйымдастырылған қайырымдылық көмекке өтініш білдіргендердің қатары биыл да көп болды. 

«Жерде бір жетім қуанса, көкте мың періште қуанады», – дегендей  әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі мүгедектер және асыраушысы жоқ көп балалы аналар мен жетімдерге көмек қолын созуды мақсат еткен қайырымдылық шарасының мақсаты осы – көмекке мұқтаж жандардың аз да болса көңілін көтеріп, қолтығынан демеу.

Қашан да қайырымдылыққа ерекше мән беретін ҚМДБ-ның мұнайлы өңірдегі өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы аталған шараны ашып, Рамазан айында жақсылық жасаудың сансыз сауапқа кенелтетін құлшылық болып табылатынын айтты.

«Қасиетті Рамазан – құлшылық айы. Бұл айда жасалған қайырымдылықтың сауабы сансыз еселенеді. Алланың үйінен медет тілеп, көмек сұрай келген жандарға есігіміз лайым да ашық. Жағдайы жоқ жанға көмектесу – бұл пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті. Алла Тағаланы разы ететін амал. Сондықтан да шын ықылас, шын ниетпен сіздер үшін дайындалған сыйымызды қабыл алыңыздар»,  – деді өкіл имам.

Айта кету керек, шара барысында 210 отбасыға қайырымдылық пакеттері  (макарон, күріш, қант, өсімдік майы, жұмыртқа, т.б.) таратылды. Сондай-ақ, шараның әрбір қатысушысы арнайы тігілген киіз үйлерде еркімен қалаған киімдерін таңдап алып, мәре-сәре қуанысып, тарқасты.

 

«Иманғали» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Құран сайысының жеңімпаздары марапатталды

Құран сайысының жеңімпаздары марапатталды

16-маусым, қасиетті жұма күні жұмаға жиылған жамағаттың алдында дәстүрлі V облыстық Құран сайысының жеңімпаздары марапатталды. Айта кету керек, бұл сайыс 14-маусым күні «Иманғали» орталық мешітінде өткен  болатын.

ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы 12-24 арасындағы жас жамағаттарды қамтыған сайыстың  Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылғанын айтты.

«Ақпараттық-талдау орталығының дінтанушы мамандары Батырбек Убаев, Мейіржан Құлсымақов және мешіт ұстаздары, түркиялық Хусейн Кая, арабиялық Абдулазиз Зайд Абдулазиз Ахметтер әділқазылық еткен сайыс 2 номинация бойынша өтті. Біріншісі – Құранның ең соңғы 30-парасын жатқа айту, екіншісі – қатысушының еркі бойынша (өзі жаттаған сүрені) Құранды көркем оқу. Айта кету керек, 30-параны жатқа айту номинациясы бойынша 24 үміткер бақ сынаса, екінші номинация бойынша 12 шәкіртіміз қатысты», - деді өкіл имам.

Сөз соңында аталған доданың бас жүлдесін иеленген құрманғазылық Оразбеков Нұржанға (24 жас) кіші қажылық (Умра) жолдамасын табыс етіп, 1-орын иегері, Мақат ауданы атынан қатысқан Орынбасаров Серікті (22 жас) 100 000 теңге, 2-орынға ие болған құрманғазылық Қабдуллаев Айдарбекті (22 жас) 50 000, 3-орын биігінен көрінген«Иманғали» орталық мешітінің шәкірті, оператор маман Жәнібеков Нұрайбекті (18 жас) 30 000 теңгедей қаржылай сыйлықтармен марапаттады.

Құранды көркем оқу сайысының қорытындысы бойынша да жеңімпаз атанған Иманғалиев Саламат (1-орын), Берден Әлижан (2-орын),  сондай-ақ, Нұрсұлтанов Диярлар да (3-орын) өкіл имам қолынан сыйлықтарын алды.

 

 «Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Зекет беру – ол Алланың әмірі

Зекет беру – ол Алланың әмірі

Зекет беру – Алланың әмірі, пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті.Бұл туралыҚұран Кәрімде: «...әрі намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер және Аллаға көркем қарыз беріңдер. Өздерің үшін алдын-ала қандай жақсылық істеген болсаңдар, оны Алланың алдында содан да қайырлы әрі ұлы сый күйінде табасыңдар. Алладан кешірім тілеңдер. Шын мәнінде, Алла – өте Кешірімді (Ғафур), ерекше Рақымды (Рахим)» (Мүззәммил, 20) делінген.

          Осы орайда «Иманғали» орталық мешіті қасиетті Рамазан айында зекет беру құлшылығына ерекше көңіл бөліп, қайырымға мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлының бастамасымен 16-маусым күні әлеуметтік жағынан аз қамтылған 15 отбасыға зекет берілді.

          Алланың үйінен бөлінген зекет қаражатына разы болған ағайынның қуанышында шек болмады. Қашан да өтінішін қабыл алып, көмектесуге даяр тұратын өкіл имамға ризашылығын білдіріп, ақ тілектерін жолдады.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі  

Толығырақ ...