Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Тарауих батасы жасалды

27-мамыр күллі мұсылман жұртшылығы асыға күткен Рамазан айының кіруіне байланысты 26-мамырдан бастап «Иманғали» орталық мешітінде бір ай бойы тарауих намазы оқылған болатын. 23-маусым күні 30 парадан Құран толық жатқа оқылып аяқталып, батасы жасалды.

Тарауих батасына ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы қатысып, Құран оқу сынды сансыз сауапқа ие іске мұрындық болған қариларға алғыс сезімін білдірді. Еліміздің амандығын, халқымыздың тыныштық, татулығын тілеген бас имам осындай бейбіт күннің нығметін нәсіп еткен Алла Тағалаға шүкір айтып, барша амалдардың сауаптан болуына тілектестігін жеткізді.

Айта кету керек, Рамазан айында мешіт жамағатына Құранды жатқа оқып ұйытқан қарилар – түркиялық Мұстафа Зенжиржи және Хусейн Каялар еді. Алла Тағала қариларымыздың хайырлы амалдарын сауаптан жазып, ел-жұртының амандығын бергей!

 

«Иманғали» орталық

 

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Қалалық «Әт-тақуа» мешітінде өткен Қадір түні

Қалалық «Әт-тақуа» мешіті айлардың сұлтаны болған Рамазан айының 26-ы күні жамағатқа ауыз ашар дастарханын ұйымдастырып, жылдағы дәстүр бойынша Қадір түнін биыл да ерекше дайындықпен атап өтті.

Құптан намазының алдында мешіттің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы мешіт жамағатын келіп жеткен Қадір түнімен құттықтап, қасиетті түннің кереметтері туралы уағыз-насихат айтты. «Қадір түні – асыл пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірін өзгерткен, яғни Оған (с.ғ.с.) Исламның қайнар көзі – Құранды түсіріп, пайғамбарлық өмір тарихына жол ашқан түн. Бұл түн – Құран-Кәрімнің «Қадыр» сүресінде сипатталып, Алла Тағаланың адамзат баласына нәсіп еткен ұлық нығметі. Бұл түн – Жәбірейіл бастаған періштелердің жерге түсіп, момын мұсылман баласының жасаған амал, тілеген дұға-тілектерінің көк құзырына көтерілетін түні. Сондықтан да бұл түнді құлшылықпен өткізуіміз керек», – дей келе, түнгі құлшылықтың сырлары туралы әсерлі уағызымен жамағатты ұйытты.  

Тарауих намазынан кейін жамағаттың жеке-жеке құлшылық етуі үшін үзіліс беріліп, аздаған демалыстан соң викториналық сұрақтарға негізделген  жамағатаралық білім сайысы ұйымдастырылды.

Таң намазының уақыты кіргенге дейін сәресі дастарханы жайылып, бір-біріне ризашылық, Алла Тағалаға шүкіршілік сезімдерін өнегелі сөздерімен өрнектей білген жамағат бірлік пен берекеге толы бауырмалдықтарын паш еткендей бір дастархан басында ауыздарын бекітті. Еліміздің амандығын, халқымыздың тыныштығын тілеп, жамағаттың алақан жайып бата қайырысқан сәті Жаратқан иемізге деген ыстық ықылас, мейір-махаббат пен көкейтесті дұға-тілегіндей әсер қалдырғаны сөзсіз.

 

ҚМДБ-ның Атырау өңірі

бойынша баспасөз қызметі,

қалалық  «Әт-тақуа» мешіті

Толығырақ ...