Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атыраулық жамағат Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті

Ұлыстың Ұлы күні – Әз Наурыз мерекесін атыраулық мешіт жамағаттары бүгін салтанатты жағдайда атап өтті. Мереке құрметіне Атырау қаласындағы мешіттер бірігіп, орталық «Иманғали» мешіті ауласына бес киіз үй құрды. Ақшаңқан үйлерде мерекелік дастархан жайылып, абыз ақсақалдар, ақ жаулықты әжелерден бастап, үлкен-кіші толықтай бас қосқан мерекелік шарада жиналғандарды Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров арнайы құттықтады.

 

          Этнограф ғалымдар кемінде бес мың жылдық тарихы бар деп саралаған Наурыз мерекесімен жамағатты құттықтаған  өкіл имам Батыржан қажы Берденұлы Ұлыстың Ұлы күнінің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды. «Күллі шығыс халықтарына тән Наурыз мерекесінде күн мен түн теңеліп, табиғат ғажайып бір күй кешеді. Жер Ананың тоңы  жібіп,  қоршаған орта толықтай жаңарады. Бұл жағынан алғанда Наурыз – ғарышпен астасқан мереке. Сонымен бірге, Наурыз адам мен адамды бауырластырады, ескі өкпе - ренішті ұмыттырып, ағайынды бір-бірімен жақындастырады. Яғни, қашанда Наурыз адамзатты ынтымаққа бастайды. Бұл элемент ислам дінінің негізгі мақсатымен сәйкес келеді» деген өкіл имам Батыржан Мансұров ұлттық құндылықтар, дін мен дәстүр жөнінде айтып өтті.

 

          Мерекелік  шара түрлі спорттық жарыстарға ұласты. Мешіттің ерлер жамағаты  арқан тартыс, қазақша күрес, кір тасын көтеру, қол күрес түрлері бойынша өзара бәсекеге түсті. Қазақша күрес бойынша Б. Қасым, Ж. Сұлтанов және З. Касимов үздік деп танылды. Қол күрес спорттық жарысында М. Абуталиев бірінші орынды иеленді. Екінші және үшінші орындарды А. Тәуекелов пен Д. Маминов өзара бөлісті. Кір тасын көтеруде М. Есмағамбетов топ жарып, Қ. Сүйінқұлов екінші орынға, А. Айтуғанов үшінші орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздарға қой малы сыйға тартылды. Арқан тартыс жарысы бойынша, Рысқұлов, Абуталиев және Кулмашев командалары оқ бойы озық көрінді. 

 

          Және бір айта кетерлігі, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Атырау облысы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен қыз ұзату, сыңсу дәстүрі көпшілікке көрсетіліп, енді бір киіз үйде кішкене нәрестеге азан шақырылып, ат қойылып,  бесікке салу рәсімі дәріптелді. Сондай ақ, абыз ақсақалдар арасында бата жарысы өтті.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.



 

Толығырақ ...

Жаназа және жерлеу рәсімдері

Жаназадағы ысырап, садақаның мейрамханаларда тойдан кем болмай өтуі, бейіттерді хан сарайындай етіп тұрғызу соңғы жылдары белең алып барады.  Индер аудандық «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиевтің ұйымдастыруымен орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаевтың  қатысуымен «Борат» мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен жиын өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ашып, жүргізіп отырды. 

Наиб имам Мұрат Мұстафаев өзінің баяндамасында «өңіріміздегі жаназа намазы мен жерлеу рәсімдерін, садақаларды ысырапшылдыққа жол бермей, бірізділікке түсірсек» деген ұсынысын білдірді. «Әсіресе, жақынынан айрылып, қапа болған әулеттің садақаларды мейрамхана жалдап шығынданбауына жол ашқанымыз жөн. Қаделер мейлінше шаңырақтың өзінде өтсе. Жаназаның ортақ дастархан мәзірі бекітілсе. Халық арасында жаназа, садақаларға әуелгі кезекте Бас Мүфтидің жергілікті жердегі тағайындаған имамдарына жүктелсе. Ал, халық арасында молда атанып кеткен жандар тұрғылықты мекен-жайы бойынша мешіттерге тіркеліп, қолына арнайы құжаты болуы керек» деген  наиб имам М.Мұстафаев жерлеу рәсімдерінде  гүл қойып, марқұмның суретін алып жүру  де дінімізге жат екендігін, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы тарапынан басылып шыққан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты жаңа кітапта осы мәселеге қатысты біраз мәселе қамтылғанын айтып өтті. Сонымен қатар, наиб имам қаделерді үші, жетісі, қырқы, жүзі, жылы деп өткізіп, қайғы түскен үйге  ауырпалық салмай, марқұмның  қаделерін біріктіріп  өткізуді ұсынды.

 Яғни, шариғатта мұндай қаделер өткізу міндет болмағанмен, ұлттық салт-дәстүрімізде бұл көнеден келе жатыр. Сондықтан да, тұрғындар арасында пікірталастар да орын алды. Мысалы, «Қазақстаның Құрметті Жолшысы»  Қуан Иғалиев айтып өткендей, «үші мен жетісін біріктірсе ешкімнің қарсылығы болмас, бірақ қаделердің бәрін тыйып тастауға келісу қиын. Себебі, қаделерде   марқұмды еске алады, ағайын-туысына көңіл айтады», - деді ол. Атырау облысы Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық талдау орталығының аудандағы  өкілі Қымбат Кәрім де қаделерде ысырапшылдық басымдығын, алайда бәрін бірдей тыйып тастау қисынсыз екендігін, себебі қаделердің өзінің орны мен  тәрбиелік мәні барын айтты.  

Жиынды қорытындылған Индер ауданы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында  ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке, орынсыз сән-салтанатқа жол бермей, керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану мәселесінің орынды көтерілгендігін  атап өтті.

«Әйіп қажы» мешітінің баспасөз – қызметі.

 


Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу