Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Бұл дүниеде ең бірінші жақсылық жасауымызға лайықты болған адамдар ол ата-ана екені даусыз. Алла Тағала қасиетті Құран кітабының көптеген жерлерінде ата-анамызға жақсылық жасауды бұйырған. Сол үшін де олардың хақтары мұсылман үшін ең үлкен хақтардан болып саналады. Ата-ананы құрметтеу – ең көркем құлшылық, күллі игі істердің негізі және жұмаққа апаратын жол екендігі ақиқат. Айша анамыздан (р.а.) келген хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (ﷺ) айтады: «Мен түсімде жәннатта екенмін. Жәннатта Құран оқылып жатқанын естіп: «Бұл кім?» – дегенімде: «Харис ибн Нұғман», – деген жауапты естідім», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабалардан Харис ибн Нұғман жайлы сұрайды. «Оның амалы қандай амал?» – дегенде, сахабаларының барлығы: «Уа, Алланың Елшісі! Оның жақсы бір амал жасап жүргенін көрмейміз. Алайда, ол анасына көп жақсылық жасайды», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Оның істеп жүргені жақсылық», – деп үш мәрте қайталайды. Анаға жасаған жақсылығының арқасында қандай нығметке жеткенін қараңыз.
Ата-ана перзенттеріне жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, қарай алмаған болса да, балалары оларға жақсы қарауға міндетті. Өйткені, кісі қартайған сайын бала көңілді және қорғансыз бола түседі. Сәбиінің балалықтағы небір қисық әрекеттеріне кешіріммен қарап, мейірімділік танытып, енді өздері балаларының мейіріміне мұқтаж болған шақта оларға жақсы қарау – адамзаттың асыл борышы. Бұл міндет «әке-шешемді құрметтеймін» деген құрғақ сөзбен орындалмайды. Олардың қажеттіліктерін өтеп, қарайласып, рухани һәм материалдық мүмкіндіктерді жасаумен ғана жүзеге асады.
Құран Кәрімде былай деп әмір етіледі: «Раббың тек қана Өзіне құлдық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал, егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып: Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр»,- (Исра сүресі 23-24 аяттары). Бұл жердегі әрбір сөзге терең мән беріп қарау керек. Аятта сенім негіздерінің ең бастысы Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарау әмір етілген. Осылайша, Алланың алдында ананың қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген. Сүреде бұл мәселенің маңыздылығына назар аудару үшін адамға балалық шағын елестетіп сүйіспеншілік, мейірім мен жанашырлық сезімдерін ояту үшін «егер олардың біреуі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде (жандарыңда) қартайса» дейді. Қартаюдың өзіне тән құрметі болумен қатар, оның әлсіздігі мен дәрменсіздігі тағы бар. «Қолдарыңда (жандарыңда)» деу арқылы қартайған әлсіз шағында паналауға мұқтаждықтарын білдіреді. Тіпті, оларға «үһ» деп айтпа деу арқылы әке-шешеге әдепсіздік танытпау керектігі айтылып, «оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле», оларға «бәле болдыңдар ғой, әбден шаршаттыңдар ғой» деп кейіме, жылы сөздер айтып көңілдерін аула дейді.
Қасиетті аятта Алла Тағала ата-анаға «түһ» деп айтудың өзіне тыйым салып тұр. Бұл кейістік білдірудің түрі, ата-ананы жәбірлеудің ең жеңіл түрі саналады. Осы аяттың мағынасы туралы Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла «түһ» деуден де төмен нәрсе болса, оған да тыйым салған болар еді. Ата-анасын құрметтемеген жан қанша ізгі амал істесе де ешқашан да жәннатқа кірмейді. Керісінше, ата-анасын құрметтеуші қандай (кіші) қателік істесе де ешқашан тозаққа кірмейді», – деген. Жаратқан Иеміз адамзат атаулыны ата-анаға жақсылық қылуға бұйырып, өсиет еткен. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Біз адам баласына ата-анасына ізгілік қылуды өсиет еттік. Оны анасы әлсіздік үстіне әлсіздене жүріп көтереді де, оны екі жылда емшектен шығарады. Маған және ата-анаңа шүкірлік қыл! Шындығында, қайтатың жағың Мен жақ», (Лұқман, 14). Сондай-ақ, тіпті, ата-анасы Құдайға серік қосатын мүшріктер болса да, олармен жақсы қарым-қатынаста болуға үндейді. Алла Тағала былай деп бұйырады: «Ол екеуі өзің білмейтін нәрсені Маған серік қосуың үшін сенімен күрессе, онда оларға бойсұнба. Алайда, олармен осы дүниеде жақсы қарым-қатынаста бол» (Лұқман, 15).
Демек, ата-ана күпірлікке бұйырғанда ғана оларға бойсұнуға болмайды. Бірақ, соған қарамастан олармен жақсы қарым-қатынаста болу міндеттелінген. Сондай-ақ, ата-анамен жақсы қарым-қатынаста болып, оларға қызмет ету Алла жолында жиһад жасаумен қатар тұратын ізгі амалға жатады. Абдулла ибн Масғұд (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға ең сүйікті іс қайсы?» – деп сұрадым. Сонда ол (с.ғ.с.): «Уақытында оқылған намаз», – деді. Мен: «Сосын қайсы?» – дедім. Ол (с.ғ.с.): «Ата-анаға жақсылық қылу», – деді. Мен: «Сосын қайсы?» – дедім. Ол (с.ғ.с.): «Алла жолындағы жиһад», – деді». (Бұхари, Мүслім риуаят еткен).
Ата-ананың екеуінің ішінде ананың орны ерекше. Әрбір пенде үшін жақсы қарым-қатынаста болуға, шынайы сұхбаттас, жолдас болуға анадан артық адам жоқ. Ол жайында төмендегідей хадис бар. Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бірде Алланың елшісіне (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Адамдардың арасында жақсы жолдас болуыма кім лайықтырақ?» – деп сұрады. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Анаң», – деді. Кісі: «Сосын кім?» – деді. Ол (с.ғ.с.): «Анаң», – деді. Кісі: «Сосын кім?» – деді. Ол (с.ғ.с.): «Анаң», – деді. Кісі: «Сосын кім?» – деді. Ол (с.ғ.с.): «Әкең», – деді». (Бұхари, Мүслім риуаят еткен).
Ата-ананы құрметтеуге үндейтін, оларға мойынсұнбауға қатаң тыйым салатын аяттармен бірге хадис шәрифтер де өте көп. Әнестен (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Сендерге күнәнің ең ауыры не екенін айтайын ба? Ол – Алла Тағалаға серік қосу және ата-анаға қарсы келу». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).
Өзінің ата-анасымен бірге басқаның ата-анасын да құрметтеу әрбір мұсылманға парыз. Өйткені, басқаның әке-шешесін құрметтемеу өзінің әке-шешесін құрметтемеумен тең. Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) былай деген: «Бірде Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Үлкен күнәлардың бірі адамның өзінің әке-шешесін балағаттауы», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Адам өз әке-шешесін сөге ме екен?» – деп сұрады. Сонда ол (с.ғ.с.): «Иә, ол бір адамның әкесін сөгуі арқылы өзінің әкесін сөгеді, шешесін сөгуі арқылы өзінің шешесін сөгеді», – деп жауап берді». (Бұхари, Мүслім, Ахмет, Термези, Әбу Дәуіт риуаят еткен).
Сөздің түйіні, «Әке-шешең ауру болса байлап бақ» деген текті халықтың бүгінгі ұрпағы ата-анасына «Қарттар үйінің» иісін де сездірмегенін, әрқашан жылы қабақ танытып, ризашылығына бөленіп өтуін бір Алладан тілеймін. Кімде-кім ата-анасын ренжіткен болса, онда дереу кешірім сұрап, ризалығын алғанымыз жөн болады. Себебі, пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ата-ананың ашуы - Алланың ашуы, ата-ананың ризалығы - Алланың ризалығы», - деген. Алла Тағала баршамызға Өзіне ғана құлшылық жасауымызды және ата-анамызға жақсылық қылуымызды нәсіп етсін. Әмин!
Біләл САҒЫНДЫҚОВ,
«Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінің
ұстазы.