Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қош келдің, Рамазан!

Міне, биыл асыға күткен Рамазан айы он күн ерте келіп мамыр айының 16-шы жұлдызына тура келді. Ақиқатында барша мұсылман Рамазан айын, анасын ұзақ сапардан күткендей күтеді. Бірде баласы әкесіне: «Әке, мен Рамазан айын өте қатты сағындым. Ол бізді сағынады ма?» - деп сұрақ қояды екен. Сонда асқар таудай әкесі: «Әрине, балам ол да бізді сағынады. Сол себепті жылда Рамазан он күн бұрын ерте келеді» деп жауап қатады. Ал, қоштасарға келгенде қимасын ұзақ сапарға аттандырғандай қиналып жүрегіміз елжіреп, көзімізге жас үйіріледі. 
Рамазан - араб сөзі, түбірі «рамзау» - «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді» деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары кешіріледі» - дейді. Сондықтан, Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға негіз бар.
Рамазан - ерекше ай. Бұл айда жасалған ғибадат, құлшылықтарға Алла Тағала еселеп сауаптар жазады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла Тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыздың сауабын жазады»,- дейді. Демек, бұл айда жай садақа жасаған кісі басқа айда зекет бергендей сауап алады, ал бес парыздың бірі - зекетті осы айда өтесе, жетпіс рет зекет жасағанның сауабын алады. Сондай-ақ, нәпіл, тарауих намазға жығылса, басқа айда парыз намаз оқығанның сауабындай сауапқа кенеледі, ал парыз намазын оқыса, басқа айда жетпіс парыз намазын оқығанмен тең сауап жазылады. Сол себепті, бұл айды әдеттегіден де имандылыққа барынша ден қойып, маңызды өткізген жөн.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Санаулы күндер. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін. Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін. Сонда кім өз қалауымен қайырлы іс жасаса, ол өзіне жақсы. Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздерің үшін жақсы», (Бақара сүресі-183-184) – деген аяттарда парыз оразаның мәні, негізгі сипаттары, уақыты, қазасын өтеу жайлы айтылады. Ораза шартты ғибадат болғандықтан, оны парыз ретінде кімнің орындауға міндеттілігі немесе кімдердің босатылатыны, қабыл болу-болмауының шарттары, бұзылатын немесе бұзылмайтын жағдайлары шариғатта бекітілген. 
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұлық айдың ерекшелігі жайлы былай дейді: «Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен дүлей жындар кісенделеді. Тозақтың қақпалары тарс жабылады да, біреуі де ашылмайды. Жұмақтың қақпалары айқара ашылады да, біреуі де жабылмайды. Бір жаршы: «Ей, жақсылық қалаушы, баста! Ей, жамандық қалаушы, таста! Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады» деген ( Тирмизи). Имам Муслим таратқан риуаятта Алланың Елшісі  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Даңқты да Ұлық Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені, ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі оразасын ашқанда, ал екіншісі Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық» деген (Муслим).
Ораза күнәлардан тазартады
Ораза – нәпсінің тойымсыздығынан туындайтын азғындықтан, оның жаманшылығынан сақтайтын және күнәларымыздың кешірілуіне бірден-бір себепкер болатын маңызды құлшылықтың түрі. Ардақты Пайғамбарымыз: (с.ғ.с) былай дейді: «Кім – кімде Алла үшін бір күн (болса да) ораза ұстайтын болса, Алла Тағала ол пенде мен тозақтың арасын аспан мен жердей қашықтықта ұзақ қылады» деген. Тозақ кәпірлердің һәм күнәһарлардың мекені екендігі белгілі. Олай болса, Алланың разылығын күйттеп ораза ұстаған пенде, Алланың қалауымен тозақтан аман қалып, жәннатқа кіреді. Тіпті ораза ұстаушыларға арнайы дайындалған «Райян» жәннатына.
Ораза - мінез-құлқымызды көркейтетін «мектеп»
Ораза тек аштықта болу ғана емес. Ораза - адамды жаман мінез-құлықтардан арылтып, бойымыздағы жақсы адами қасиеттерді көркейтіп, рухани тәрбиелейтін мектеп.
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед: (с.ғ.с) «Кімде-кім жалған сөйлеуді және сол жалғандықпен өмір сүруді тәрк етпеген болса, Алла оның жеп-ішуден тыйылғандығына мән бермейді. (Оған мұқтаж емес)» деп қатаң ескертеді. Яғни, бұл хадистен біз оразаның тек ішіп-жемнен тыйылу ғана емес екендігін анық аңғарамыз. Негізгі мақсаты – адамның адамдық қасиеттерін ояту, оны көркемділікке тәрбиелеу.

Ораза - денсаулық кепілі
Алла Тағала адамзатқа зиянды нәрселерді әмір етпейтіндігі бесенеден белгілі. Осыдан 14 ғасыр бұрын ардақты Пайғамбарымыз: «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады» деген болатын. Қазір тіпті мұсылман емес медицина саласының ғалымдары да осы бір ақиқатты мойындап, адамдарды ашығу жолдарымен емдеу үшін сан түрлі клиникалар ашуда. Бұл  ораза ұстаудың қаншалықты денсаулыққа пайдалы екендігін көрсетеді. Ораза, яғни ашығу қант ауруына тосқауыл болып, қанның қоюлануының алдын алады. Ашығу арқылы жаңа жасушалар пайда болып, ескілері жойылады. т.б. Оразаның осы сияқты денсаулыққа көп пайдасын келтіруге болады.
Алайда, кейбір мұсылмандар өрескел қателікке барып, оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деп ұстауы дұрыс емес. Неге о бастан ниетіңізді түзеп, жалғыз Алланың разылы үшін, парыз болғандығы үшін деп ораза ұстамасқа? Сонда Алланың разылығын да алады, деннің саулығы да сақталады.

Ораза сансыз нығметтердің қадірін сезінуді үйретеді
Адам қолындағының қадірін жоғалтқанда түсінеді. Немесе «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» демекші, Алланың берген сансыз ризық несібесінің де қадірін аш болғанда, ораза ұстағанда түсінесің. Яғни ораза ұстау арқылы 11 ай бойы аталмыш нығметтерден; ішіп-жемнен, түрлі тәннің ләззаттарынан уақытша болса да ұзақтаған сайын сол нәпсі қалауларының қадір-қасиеті одан сайын арта түсері ақиқат. Бұл түсінік адамды әрбір нәрсенің қадірін білуге, шүкір етуге үйретеді. Ең бастысы - сол сансыз нығметтерді берген Алланы танып, Оған деген шүкіршіліктің артуына себеп болады. Қасиетті Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, (сендерге берген нығметімді) міндетті түрде арттырамын» деген Алла Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді.
 
Ораза сабырлы болуға тәрбиелейді
Құран кәрімде: «Алла сабырлылармен бірге» немесе «Расында, Алла сабырлыларды жақсы көреді» деу арқылы сабырлы болудың қаншалықты маңызды екендігін айтады. Ал осы бір қасиетке оңай жетудің бірден-бір жолы – ораза ұстау. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : «Ораза – сабырдың жартысы, әрбір нәрсенің зекеті бар, дененің зекеті – Ораза» деген болатын.
Демек, ораза ұстау арқылы біз сабырлы болуды үйренеміз, күнә атаулыдан бас тартуды, басқаны ренжітпеуді, біреудің ақысын жемеуді, ашушаң болмауды, тәкаппарлықты, басқаны өсектеп не ғайбаттамауды үйренеміз. Сонымен қатар, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға, аштыққа төзуді үйренеміз. Жоғарыда айтылғандар оразаның сан түрлі пайдасының бір ұшқыны ғана.
Сауабының, пайдасының осыншалықты көп екендігін біле тұра, Рамазан сияқты қасиетті айды оразасыз қалай өткізуге болады. Басқалар сауапқа, жақсылыққа, берекеге қарық болып қуанып жатқанда, біз де мұсылман ретінде қатарымыздан қаламыз ба?!
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім себепсіз Рамазан айында бір күн ораза ұстамаса, жыл он екі айдың әрбір күнінде ораза ұстаса да, (Ол оразасы) Рамазан оразасына жетпейді» -деп қатаң ескерткен.
Алла Тағала ұстағалы тұрған оразамызды қабыл еткей. Рамазан айын ең көркем түрде, барынша пайдалы өткізуді, күнәларымыздан тазаруды, Алланың сүйікті құлдарынан болуды нәсіп еткей.

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,
 «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінің ұстазы.

Толығырақ ...

ҚАСИЕТ ПЕН ҚҰТҚА ТОЛЫ БЕРЕКЕЛІ АЙ БОЛСЫН

Бисмилләхир Рахманир Рахим! Алла Тағаланың қалауымен қасиетті Рамазан айына да келіп жеттік. Бұл ай, расында, өте қадірлі де ерекше, мұсылман қауымы үшін берекелі уақыт.

Бұл жайында Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып немесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Иә, Рамазанда Жаратқанның құлдары жаппай ораза ұстайды. Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Ұлы Құдірет разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшісінің (с.ғ.с): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла Тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» деген салмақты ескертулері жаңғырып тұрады.

Салман Фарси (р.а.) айтады: «Расулалла (с.ғ.с.) Шағбан айының соңында бізге әсерлі уағыз айтты: «Сендерге өте ұлы әрі берекелі Рамазан айы келе жатыр. Бұл айда мың айдан артық бір түн бар. Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, түнгі намазды сауап алғанға себеп етті. Бұл айда ізгі амал істеумен Алла Тағалаға жақындаған адам, Рамазан айынан тыс уақытта парыз амалын істеген болады. Рамазан айында парыз амалын орындаған адам басқа айда орындаған жетпіс парыз амалдың сауабын алады. Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат. Бұл – қайырымдылық, яғни, аштықты сезініп, кембағалдарға жанашырлық ету айы. Бұл айда мүміннің ризығы молаяды. Біреу ораза ұстағанды тамақтандырса, оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді» деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандырғанға шамамыз жете бермейді», – дегенде, ол: «Алла Тағала тіпті бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі – Хақ Тағаланың рахметі, екінші бөлігі – кешірімі, үшінші бөлігі – тозақтан азат болу. Хақ Тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен, яғни, қызметін жеңілдеткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді. Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуін істеу міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс, ол: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ» деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал, ол: Хақ тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстауға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хаузымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейді», – деді».

Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан, Жаратқанның құлдары бұл айда әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған небір сорақы іс әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне «Мен оразамын» деген жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып, сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп білместердің өзі де терең ойға шомып, тәубасына келеді.Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құдіреті күшті Алла Тағаланың мына сөзін жеткізді: «Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін. Егер біреу тіл тигізіп не өзімен төбелеспек болса, оған: – Аузым берік! – деп ескертсін». (Муслим)

Күні бойы аштық пен шөлдің қиындықтарына төзе білген, тіпті, жаздың небір ми қайнатар аптап ыстықтарында да ауыз бекітуге шыдаған жандар ендігі жерде өмірде кездесетін небір қиындықтарға мойымай, сабырлылық танытады.Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Ұлылығы шексіз Алла Тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын, яғни сауабын Өзім беремін» деген. (Бұхари).

Күн батысымен азан оқылған сәтте ораза ұстағанның жан дүниесінде құдды бір ғажайып мейрам басталғандай болады.  Алла елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады».

Рамазан - қайырым мен мейірім айы. Аузы берік адам бұл айда күнделікті азығына, ас-тамағына ақшасы жетпейтін кедей-кепшіктің жағдайына түсіп, олардың хәлін мейлінше түсінеді. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп  хәкім Абай  дөп басқан емес пе?! «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген қазақтың қанатты сөзінде де ғибрат мол. Рамазан - барша адамзатты  жақындастыратын ай. Бай мен кедейді, патша мен пақырды теңестіретін ораза адамдардың Алла алдында бірдей екенін сезіндіреді. Алла Тағала баршамыздың екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей! Рамазан бойы жасалған құлшылық, дұға-тілектеріміз қабыл болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын Жаратушы Иемізден тілейміз.  Рамазаннан Рамазанға  дейін тақуалығымызды жалғастырып, амандықпен, имандылықпен, жақсылықпен жете берейік! Мұратымыз асыл, иманымыз кәміл болғай! Әумин!

А. ИСАЕВ,

«Жылыой Мұсылмандар»

Жылыой аудандық мешітінің бас имамы. 

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу