Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Орталық мешітте елу отбасыға азық-түлік үлестірілді

 islam-atyrau.kz/26 желтоқсан, 2019 жыл.   Бүгін Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде қайырымдылық шарасы өтті.

Әлеуметтік жағдайы төмен, қамқорлықты қажет ететін 50 отбасы қамтылған акция барысында  азық-түлік және ет таратылды. Мұқтаж жандарға қайырымдылық пакеттерін Атырау облысының Бас  имамы Алтынбек Ұтысханұлы тапсырды.

«Дінімізде мұқтаждың қажетін өтеп, жетім-жесірге қамқор болу, жағдайы төмен адамдарға көмек қолын созу  қайырлы іс болып табылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде былай дейді: «Су отты қалай сөндірсе, садақа да дәл солай күнәларды жояды», - деп мұқтаждың қажетін өтеуге үндеген.

Мешіттерде қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру – ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың еліміздің мешіттеріне белгілеп берген басым бағыттардың бірі» дейді ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы.

 Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

«МҰСЫЛМАН ЗИРАТЫНЫҢ ТӘРТІБІ ЖӘНЕ ӘДЕПТЕРІ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

  islam-atyrau.kz/25 желтоқсан, 2019 жыл.  Нұр-Сұлтандағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғимаратында «Мұсылман зиратының тәртібі және әдептері» атты семинар өтті.

Семинарға ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қазы Ораз, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров, Шариғат және пәтуа бөлімінің басшысы Сансызбай Құрбанұлы, Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Батыржан Мансұров, Қайырымдылық және уахып істері бөлімінің басшысы Камалжан Тұрдыбаев, Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің басшысы Смайыл Сейітбеков, сондай-ақ бөлім мамандары мен барлық облыстың пәтуаға жауапты қызметкерлері қатысты.

Алғашқы сөзді алған Бас мүфти пәтуа берудің діни және қоғамдық жауапкершілігіне тоқталып, семинар жұмысының маңызын тілге тиек етті. Сонымен бірге, салт пен дәстүрдің сабақтастығын, мамандарға білім мен біліктілікті үнемі арттыру қажеттілігін айтты.

Жиында Қазақстандағы қазіргі зираттардың жағдайы баяндалды және желтоқсан айының басында Ғұламалар Кеңесінде қабылданған «Мұсылман зиратының тәртібі мен әдептері», «Құдай ас беру тәртібі» атты құжаттар таныстырылды. Оны халыққа жеткізу жолдары, әдіс-тәсілдері талқыланды. Сондай-ақ, ритуалдық қызмет көрсету мекемелерінің жұмысын реттеу және құдайы ас-мәзірлерін бірізділікке түсіру жөнінде нақты ұсыныстар беру тапсырылды.

Түстен кейін жиналыстың екінші бөлігінде 2019 жылы атқарған пәтуа жұмысының қорытынды есебіне талдау жасалды. Келесі жылдың жоспары, пәтуа жұмысының бағыт-бағдары түсіндірілді. Семинар соңында өткен жылдың жұмысы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен пәтуаға жауапты қызметкерлер мен бөлім мамандарына арнайы сертификат табыс етілді.

 
Толығырақ ...

Биыл елімізде 80 мешіт ашылды

  islam-atyrau.kz/25 желтоқсан, 2019 жыл.  Биыл еліміз бойынша 80 мешіт ашылды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мешіт істері бөлімінің басшысы Марат Жаппасбаев мәлімдеді.

«2019 жылы ашылған 80 мешіттің құрылыс жұмыстары мүфтият бекіткен арнайы ереже негізінде жүзеге асты. Жамағаттың игілігі үшін пайдалануға берілген мешіттің құжаты тиісті мекемелерге тіркеліп, ҚМДБ теңгеріміне өтті. Бүгінде мешіт салу көрсеткіші 0,67 пайызға артты. Қазір республика бойынша, жалпы мешіт саны – 2 691. Бүгінде жер-жерде 166 Алла үйі салынуда» деді Марат Абдуллаұлы.

Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт салудың арнайы ережесін бекітті. ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі бекіткен құжат «Қазақстан Республикасында типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртіп ережесі» деп аталады. Бұл – еліміз бойынша типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртібін қалыптастыратын негізгі құжат.

Ереже еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сонымен қатар ҚМДБ Жарғысына сәйкес әзірленді.

Айта кетейік, бұдан былай мешіт ғимараты жергілікті жамағаттың санына орай 3 деңгейде салынады: ауылдық (сыйымдылығы – 70-500 адам), аудандық (сыйымдылығы – 500-1500 адам), облыстық, қалалық (сыйымдылығы – 1000-5000 адам). 

 
Толығырақ ...