Мұсылманның ең басты қасиеттерінің бірі – оның мұсылман бауырына деген жоғары сүйіспеншілік сезімі мен махаббаты. Мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды. Егер сен жер бетіндегі байлықтың барлығын осы жолда жұмсасаң дағы, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарастырды. Шүбәсіз Ол бәрінен үстем әрі ұлық және әр ісі мен әр үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі.» (Әнфал сүресі 63-аят) деп ескер.
Ұлы Жаратушымыз Құранда: «Мүминдер бір-біріне бауыр» (Хужрат сүресі 10-аят) деп баяндайды.
Нұғман ибн Баширден (р.а.) жеткен хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады» деп мұсылман бауырлардың қиындықта да, қуанышта да бірге болатынын жеткізеді.
Расында Ислам адамдар арасын түрлі жолдармен біріктіреді. Солардың бірі – Алла разылығы үшін мұсылман бауырын жақсы көру. Мұсылмандардың арасындағы махаббат пен сыйластықты күшейтудің тәсілі – сыйлық беру. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Бір бірлеріңізге сыйлық беріңіздер – жақсы көресіздер». Бір-біріне қонаққа барып тұруы да сүйіспеншілікке жол ашады: «Уақыт өте бір-бірлеріңізге қонаққа барып тұрыңыздар, бұл – араларыңыздағы махаббатты күшейтеді». (Табарани)
Мұсылмандардың бір-біріне болған бауырластық, махаббатын сонау сахабалардың дәуірінен көруге болады. Пайғамбарымыз (с.а.у). Мадинада мұсылмандар арасында тығыз байланыс орнауы үшін, мұхажирлер мен ансарларды бір-біріне бауыр етеді. Хазреті Али (р.а.) ең соңында қалған кезде ұмытылдым деп ойлап, «Я, Расулалла! Мені ұмытып кеттіңіз бе?»- дейді. Әлемдердің мырзасы – Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Сен дүниеде және ақыретте менің бауырымсың» - деп жауап берді.
Мүминдердің бір-бірлерін жақсы көрулері - Алла Тағала разы болатын жақсы қасиеттердің бірі. Сондай-ақ, екі дүниеде бақытты болуымызға себепші болады. Осы орайда, екі дүние Сардары Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:
«Қиямет күні Алла Тағала былай деп бұйырады: Менің әміріме мойынұсынып, бір-бірін жақсы көрген пенделерім қайда? Оларды Аршымның көлеңкесінен басқа ешбір көлеңке болмайтын осы күні өз көлеңкеме паналатайын» (Мүслим, Биир 37)
Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көретін және сол мақсатта кездесіп,сол мақсатта айрылысытын мүминнің Аршының астында көлеңкелейтіні айтылған. Демек мұсылман бауырлардың бір-бірімен ренжісулері еш уақытта қабылданбайтын әрекет. Бұл туралы Расулалла (с.а.у.) былай дейді:
«Кез келген мүминнің дін бауырымен үш күннен артық ренжісіп жүруі халал емес. Үш күн өткен болса, онымен кездесіп, оған сәлем берсін. Ал егер сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Ал егер сәлемін алмаса, сәлемді алмаған кісі күнәқар болады. Сәлем берген кісі реніші басылып, райынан қайтқан болып есептеледі».
Бауырмашылдықтың жемістері:
— Алла тағаланың махаббаты. Құдси хадисте: «Кімде-кім Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көрсе, мәжілістес (бір отырыста болу) болса, бір-біріне зиярат жасаса, бір-біріне жәрдемдессе, Менің махаббатым оған нәсіп болады», – делінген.
— Алланың құрметіне ие болады. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім біреуді Алланың разылығы үшін жақсы көрсе, дәрежесін көтереді».
— Алланың аршысының көлеңкесінде болады. Әбу Хурайрадан жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Алла Тағала қиямет күні айтады: «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендерге ешкімге көлеңке нәсіп етпеген күні оларға көлеңке нәсіп болады».
— Иман ләззатын сезінеді. Әбу Хурайрадан жеткен хадис бойынша (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Кім егер иманның ләззатын сезінуді қаласа, Алла разылығы үшін бір адамды жақсы көрсін».
— Иман кемелдігі. Әби Умамадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім Алла разылығы үшін жақсы көрсе, жек көрсе, садақа берсе, бас тартса, иманының кәмілдігінің белгісі».
— Жәннатқа кіреді. Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Иман келтірмейінше жәннатқа кірмейсіндер және бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше толық иман келтірмейсіңдер, бір-бірлеріңді жақсы көруге апарар жолды көрсетейін бе? Араларыңда сәлем жайыңдар».
Қорыта айтқанда, кез келген мүмин дін бауырларымен әрдайым қарым-қатынас жасап тұруы керек. Оларды ойлап, дерттерін өзінің дертіндей білу қажет. Тіпті өзінен бұрын соларды ойлап, қажеттіліктерін өтеуі тиіс.
Нұрбек ИБАЙДУЛЛАЕВ,
«Жылыой мұсылмандары» мешітінің наиб имамы.