Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда діни мамандар резервін қалыптастырудың жаңа жобасы басталды

  іslam-atyrau.kz/17 ақпан, 2020 жыл.  Атырауда жамағат үшін оқыту семинары басталды.

Қазіргі уақытта Атырау қаласындағы орталық «Иманғали» мешітіне қарасты қайырымдылық мекемесінде оқуын бастаған шәкірттер облысты құрап отырған жеті ауданнан және қаладағы мешіттердің жолдамасымен дәріс алуда.

Шәкірттер бір айы бойы тегін білім алады. Олардың жатын орны, тамақтану мәселесі қамтамасыз етілген.

«Шәкірттерге білікті ұстаздар бір ай бойына ақида, фиқһ, сира, тәжуид, жаназа үкімі сынды тақырыптар бойынша дәріс жүргізеді. Және осы аралықта Құран оқуды үйреніп шығуға мүмкіндік бар.  

Біздің басты мақсатымыз – жат идеологияның алдын алу. Дәстүрлі дінімізді дәріптеу. Және кадр мәселесін шешудің жолдарын қарастыру.

Бір айлық курсты аяқтаған мамандарға сертификат беріледі. Ол сертификат арқылы шәкірттер имамдардың екі айлық курсында оқи алады.  Немесе медресеге түсіп, білімін шыңдауға  мүмкіндік бар. Осылайша, біз аймақта діни мамандар резервін қалыптастыруды көздеп отырмыз» дейді Атырау облысының Бас  имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Атыраудың орталық мешітінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

   іslam-atyrau.kz/17 ақпан, 2020 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен орталық «Иманғали» мешітінде жәрмеңке өтті.

Жəрмеңкеге мешіт шəкірттерінен құрылған еріктілер және қызметшілер, барлығы  40-қа жуық адам қатысты. Осылайша, үй жағдайында пісірілген тәтті тоқаш, өзге де кондитерлік өнімдер сатылымға шығарылды.

«Қайырымдылық шарасынан түскен  табыс көлемі  150 мың теңгені құрады. Біз енді жәрмеңкені  ай сайын тұрақты өткізуді жоспарлап отырмыз. Алла қаласа, қаржы мұқтаж адамдардың қажеттілігіне жұмсалады» дейді ұйымдастырушылар.

 

 

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Исатай ауданының ауылдарында "Жеті рухани қазық" тұғырнамасы насихатталды

 іslam-atyrau.kz/17 ақпан, 2020 жыл. Исатай ауданының бас имамы Шалқар Дәулетханұлы ауылдарды аралады. Ондағы мақсат жұртшылыққа «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын насихаттау.

Исатай ауданына қарасты Томан елдімекені, Қамысқала ауылдық округі, Тұщықұдық ауылдық округі, Аққыстау ауылдық округі, Жанбай, Нарын, Зинеден, Исатай ауылдық округтерінде өткен кездесу осылайша 500-ден астам адамды қамтыды.

«Өткен жылдағы ІІІ республикалық имамдар форумының басты оқиғасы – «Жеті рухани қазық» бағдарламасы болатын. Бұл құжатты тәлім әліппесі десек те болады. Тұғырнама мұсылманнан табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық.

Егер, әр мұсылман баласы осы қасиеттерді бойына сіңіруге жұмыстанатын болса, қоғамның рухани дамуында үлкен жетістіктерге жетеріміз анық» дейді Исатай ауданының бас имамы Шалқар Дәулетханұлы.

Ауылдық елдімекендерге іс-сапар Исатай аудандық орталық мешітінде қорытындыланып, жамағатқа «Жеті рухани қазық» тұғырнамасының мән-маңызы туралы уағыз – насихат айтылды.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

БАС МҮФТИ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ» ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

 іslam-atyrau.kz/17 ақпан, 2020 жыл.  ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жамбыл облысы, Қордай ауданына жасаған сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді.

Соның ішінде маңыздысы аталған аймаққа жақында ғана әкім боп тағайындалған Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен «Қоғамдық кеңестің» отырысына қатысты. Жиында негізінен Қордайдағы қақтығыс пен екі ұлт арасында туындаған түсініспеушілік айтылды. Ақсақалдар, кәсіпкерлер мен белсенділерден құралған қоғамдық кеңесте ұлтаралық татулықты сақтау, дінаралық діңгекті мықтап ұстау жағы көбірек сөз болды. Жаңадан тағайындалған өңір басшысы дін өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра беретінін жеткізді.

Өз кезегінде бас мүфти бұл жұмыстарға осы аймақтағы имамдар тегіс жұмылдырылады. Жамағатты тәрбиелеуде атқарылатын ортақ жұмысқа біз қашан да дайынбыз деді.

«Мұсылман – бір-біріне бауыр. Кішкентай қателік үлкен дауға айналды. Соның кесірінен бала жетім, әйел жесір қалды. Екі мұсылманның қару кезеніп, мұндай теріс әрекетке баруы жақсы іс емес. Сондықтан жұмыла жұдырық боп, бәріміз біріге алға жылжу маңызды дер едім. Қазақстан дейтін жалғыз отанымыз бар. Ал дінімізде отанды қорғаудың маңызы өте зор. Кешегі бабалардың қасық қанымен, аналардың көз жасымен келген байтақ даланы қорғау, қастерлеу баршаға ортақ» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кеңестің отырысынан соң ауыл ақсақалдары жастардың тәрбиесіне жете мән береміз, оларда сан жылдар бойы қалыптасқан сыйластықты жалғастырады деп уәде берді. Сонымен қатар Діни басқарма басшысы осы сапарында дүнгендер тұратын Ауқатты, Сортөбе, Масаншы ауылдарының тұрғындарымен де тілдесті. Оларға татулық турасында айтып, қаншама жылдан бері келе жатқан тұтастығымызға сызат түсірмеуге шақырды.

Толығырақ ...