Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Қамкөңіл жандарға - жан жылуы

Қамкөңіл жандарға - жан жылуы

іslam-atyrau.kz/27 наурыз, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Әт - Тақуа мешітінің «Жастар ұйымы»  әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ, асыраушысы жоқ қамкөңіл қариялар, мүгедек жандар мен жалғызбасты аналар үшін қайырымдылық шарасын өткізді.

Әт - Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлының өзі бас болып, шара қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтады. Ізгіліктің нұрын шашқан мереке құрметіне қамкөңіл жандарға қайырымдылық пакеттерін үлестірді.

Сондай-ақ, Наурыз мерекесінің құрметіне мешіттің «Ақсақалдар алқасы» бастаған жамағат ақ  дастарханда бас қосты.

Елдің тыныштығы, бауырдың бүтіндігі үшін дұға жасалған жиында Әт - Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы қоғам бірлігін сақтаудың маңызы туралы уағыз айтты.

«Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті - өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар, исламда зорлық жоқ. «Бақара» сүресінің 256 аятында «Дінде зорлық жоқ» деп Алла Тағала анық түрде баян еткен соң, әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек» деп атап өтті Әт - Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы.

 

Атырау қаласы Әт - Тақуа мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға