Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Бас имам Батыржан Мансұров қайырымдылық сөресінің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысты

Бас имам Батыржан Мансұров қайырымдылық сөресінің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысты

 

 islam-atyrau.kz/27 сәуір, 2019 жыл.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров қайырымдылық бағытындағы азық-түлік сөресінің ашылу рәсіміне құрметті қонақ ретінде қатысты.

 Бүгін Атыраудағы СМП-163 ауданында орналасқан "Лидер" көтермемаркетіне қайырымдылық сөресі қойылды.

  "Қоғамдағы мұқтаж жандар кейде үйіне тиісті азық ала алмай қалады. Осындайда бұл жерге келіп, ол азаматтар керегін ала алады. Бұл игілікке атсалысушылар, яғни өз қалауымен садақа жасаушылар өзіне және отбасы үшін сауап арқалайды. Адам баласы таңнан кешке дейін садақа жасауы керек екен. Ол буын садақасы, сөз садақасы, қаражат садақасы болуы да мүмкін. Асылында, садақа адамды жетпіс түрлі пәледен сақтайды" деген Бас имам Батыржан Мансұров барша азаматтарды сауапты амал жасауға шақырды.

Шара барысында Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров жұртшылықты рақымды Рамазан айымен құттықтады.

Сөре мұқтаж жандарға қызмет көрсететін болады. "Нұрай" қайырымдылық қоры және "АсуҮміт" қайырымдылық қоры, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бірлескен үшжақты жоба аясында осылайша Атырау қаласы бойынша 7 - 8 сауда нүктесінде қайырымдылық сөрелері қойылады.

 "Біздің мақсатымыз - қасиетті Рамазан айында жұртшылықты қайырымдылық істерге үндеу. "Лидер" әмбебап маркеті желісінің клиенттері отбасына азық алып тұрып, осы сөреге кез-келген тағам түрін қойып кете алады. Бұл жерден кез келген уақытта мұқтаж жандар азық-түлік ала алады" дейді "Нұрай" қайырымдылық қорының жетекшісі Болатбек Қоңырбаев.

 Еске сала кетелік, ресми шараға Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Серік Қамидолла және Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өкілдері қатысты.

 

 Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз - қызметі.

 

Жоғарыға