Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Діни экстремизммен күресудің қазіргі кезеңдегі маңыздылығы

Діни экстремизммен күресудің қазіргі кезеңдегі маңыздылығы

Қазіргі халықаралық қауымдастық шеңберінде діни экстремизмнің нақты әрі ықтимал қауіп-қатерлері халықаралық құқықтық-саяси сипат алып отыр. Олай деп тұжырым жасауымыздың басты себебі – діни экстремизм ең алдымен қоғамның дәстүрлі тұстарын, яғни моральдік-этикалық, өзіндік діни, саяси, құқықтық, әлеуметтік, психологиялық, экономикалық қырларын, сосын барып жаһандану үрдістерімен ұласып халықаралық қауіпсіздіктің жай-күйін түйреп ететін құбылыс болып табылады. Жалпы ұғымдағы экстремизмнің ең негізгі түрлерінің бірі болып танылатын бұл күрделі құбылыс өз кезегінде діни экстремистік идеологиялық негіздерді қолданудан бөлек, экстремистік идеологиялық құралдарды пайдаланумен де ерекшеленеді. Демек, бұл және одан туындайтын факторлар діни экстремизммен күресудің кешенді зерттеу тұрғысынан қарастыру қажеттілігінің бар екендігін айқындайды. Тілге тиек етіліп отырған құбылыспен күресу ісінің күрделі болуының бүгінде анықталып отырған бірнеше себептері бар: біріншіден, оның қауіптілігін ескертетін арнайы немесе жеке халықаралық-құқықтық құжаттың әлі күнге болмауы оған қарсы іс-қимылдарды жүзеге асыруды лаңкестікпен күресу аясында жүргізуге итермелейді; екіншіден, жоғарыда айтылған себепті ескере отырып мемлекеттердің ішкі және сыртқы мүдделері ортақ көзқарастағы мүддеге толық өтпеуі салдарынан «жалпықамтушы» мүддені толық көздейтін халықаралық-құқықтық модельдің жасалмауын алға тартады; үшіншіден, осы құбылыспен күресу көбінде мемлекеттік, нақтырақ айтқанда ішкімемлекеттік деңгейлерде ғана жүргізіліп келеді; төртіншіден, дін мен діни мәселелерге және діни ағымдарға байланысты кейбір мемлекеттердің саяси-құқықтық ұстанымдарының халықаралық-құқықтық нормаларға сәйкес келмеуінен және бесіншіден, «діни экстремизмге» қатысты теориялық-әдістемелік және тәжірибелік маңызы бар мәселелерді ғылыми зерттеуге арналған еңбектердің, оның ішінде заңгерлер тарапынан талқыланып жатқан жұмыстардың тым аздық болуымен, сондай-ақ олардың бір-бірімен үйлесім таппай жатқандығымен де түсіндіріледі.

Халықаралық ұйымдар, әсіресе Біріккен Ұлттар Ұйымы және аймақтық немесе аймақаралық ұйымдардың қызметтеріне назар аударатын болсақ, олардың күн тәртібіндегі мәселелерінің ішінде діни экстремизмнің біркелкі келісіліп мақұлданған анықтамасын айқындау шешілмей отыр. Мемлекеттердің өзара жасасқан екі жақты шарттары да бұл орайда діни экстремизммен күресудің мақсаты мен қағидаттарын, бағыттары мен нысандарын, қала берді механизмдерін нақтыламайды.

Бүгінде Орталық Азия мемлекеттерінде, оның ішінде соңғы уақытта Қазақстан Республикасының аумағында қалыптасып отырған жағдай экстремизм мәселесіне жалпы көзқарас тұрғысынан ғана емес, оның әрбір түрлері мен ағымдарын және міндетті түрде діни экстремизмге де жете көңіл бөлуді талап етеді. Осы тұста Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелермен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп» деген пікірі маңызды және оның маңыздылығы экстремизмнің, оның ішінде діни экстремизмнің лаңкестікке (террористік актіге) «серпіліс» беруімен немесе оған ұласуымен анықталады.

Жоғарыда айтылып өтілген себептер мен олардың жалпы мазмұндық жиынтығы осылайша зерттеу тақырыбының өзектілігін анықтап береді.

 

 

Атырау облыстық «Иманғали»

орталық мешітінің наиб имамы

Алпысбай Махсат Қайратұлы

Жоғарыға