Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


ИСЛАМДАҒЫ ЖАТ АҒЫМДАР

ИСЛАМДАҒЫ ЖАТ АҒЫМДАР

Ислам тарихында ең алғашқы ірі бүліктер мен мұсылмандардың жік-жікке бөлінуі үшінші халифа Хазіреті Османның (р.а.) өлтірілуінен кейін басталды. Ел арасында харижиттік пікірлер мен көзқарастардың пайда болғанын байқаған сәтте-ақ көзі ашық ғалымдар мұсылмандарды Алланың тура жолынан аумауға шақырып, харижиттердің адасуын түсіндіруді міндет деп есептеген. Өкінішке орай, бүгінгі күні біраз бауырларымыз білместікпен харижиттік ағымдардың ығына кеткенін байқамай жүр. Өйткені, харижи ағымының өкілдерінің көбі Құранды мықтап жаттаған тас қарилар, яғни, қурра еді. Олардың намазда сәждеде жатқандығы соншалықты маңдайлары жара боп жүретін. Бірақ, осыншама құлшылық еткендерімен, оларда өкінішке қарай, Абайша айтқанда, хикмет, парасаттылық деген болмады. 

Харижит деп аталу тарихы

         «Харижи» сөзі – сөздікте «бөлініп шыққан», «көшіп кеткен», «қарсы шыққан», «бағынудан бас тартып», «көтеріліс жасаған» және «сапты өзгерткен» деген мағыналарды білдіретін «хуруж» сөзінің түбірінен өрбіген сөз. Әдебиеттерде белгілі бір ағымды ұстаушылардың ортақ аты ретінде, ал жалпы алғанда харижи немесе осы сөздің көпше түрі хауариж деп қолданылып жүр. Харижит ағымы – Хазірет Әлидің (р.а.) төрешілік ұйғарымды қабылдағаны үшін оған қарсы шығып, көтеріліс жасаған саяси қозғалыс. Әуелі олар Хазірет Әлиді (р.а.) қолдап, Хазіреті Мағауияға (р.а.) қарсы шығып соғысқан,  кейбір адамдар мәселенің түйінін төрелікпен шешу керек деген ойды қолдаған ағым.

         «Хизб-ут-Тахрир» («Хизб-ут-Тахрир аль-Ислами», «Исламның азаттық партиясы») – халықаралық экстремистік саяси-діни ұйым. Исламның азаттық партиясы (мұсылман бауырлар) ағымынан бөлініп шығып, палестиналық Тақиюддин Набхани деген адамның басшылығымен 1953 жылы Сирияда алғаш рет пайда болды. Аталған партияның идеясы әлемнің 40-тан астам елдерінде таралған, көптеген мұсылман елдерінде бұл партияның әрекетіне ресми түрде тыйым салынған.

 

Уахабилік ағым - Мадхалиттер, Суруриттер, Тəкфириттер

 

Негізінен осы үш топтағылар да қазіргі таңда өздерін таза мұсылман санайтын уаххабиттік «сәләфи» ағымның өкілдері. Енді кезегімен аталмыш топтарға тоқтала кетейік.

 Мадхалиттер – Раби ибн Хади әл-Мадхалидің (1932 ж. дүниеге келген) көзқарастарын ұстанған мәдиналық сәләфилерге берілген атау. Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайға орай, 1991 жылы Сауд Арабия территориясына Америка әскерлерін кіргізуге байланысты мәселеде ел ғалымдарының пікірі екіге жарылып, бір топ әскер кіргізуді күпірлік деп тапқан. Тегі эфиопиялық Мұхаммед Аман әл-Жами өкіметтің ұстанымын қолдап, қарсы шыққандарды харижиттер деп жариялаған. Бұл сол кездегі билікке ұнап, Саудияда жамия деген топ пайда болды. Өкіметтің қолдауымен олар күш алып, өздеріне қарсы шыққандардың бәрін адасушылық, бидғатшылық және өкіметке қарсы шығумен кінәлады. Кейін оның пікірлерін осы Раби әл-Мадхали жалғастырды. Мамандардың айтуы бойынша, Раби әл-Мадхалидің ұстанымдары «Мұсылман бауырлар» және Сәйд Құтыптың көзқарасына реакция ретінде пайда болған. Кезінде оның өзі жиырма жылға жуық осы «мұсылман бауырлардың» арасында жүрген. Ол Сәйд Құтыптың әділетсіз басшыға қарсы шығу керек деген ұстанымына қарсы шыққан. Осылайша ол «мұсылман бауырлар» мен Құтыпты әрдайым кінәлап, оған қатысты арнайы еңбек те жазған. Олардың ұстанымдарынан бұл өте айқын байқалады. Өздеріне ұнамаған суруриттерді көбіне «ихуан», «құтыпшылдар» немесе харижиттер т.б. секілді жағымсыз атаулармен атап, өздерін ақ қылып көрсетікісі келеді.

Олардың негізгі ұстанымдары қандай жағдайда да мемлекет басшысына бағыну болғандықтан Таяу Шығыс елдеріндегі диктаторлық режимдегі билік басындағыларға ұнап, бірқатар елдерде радикалды топтарға қарсы күш ретінде қолдау тапқан. Кейін бұл қозғалыс көптеген араб елдерінде кең таралды.

Мадхалиттер қазіргі мұсылмандардың негізгі проблемасы таухид улухияны бұрмалауда деп санайды. Сондықтан, исламды барлық жаңалық (бидғат) атаулыдан тазарту керек дейді. Олар тек мәзһаб ұстанушыларды ғана емес, өзге сәләфилерді де өте қатаң сынайды. Сондықтан да олар көбіне сәләфи тәкпіршілдер арасында беделге ие. Ең жақсы көретін тақырыптары – бидғат. Олар бидғатты жақсы-жаман деп бөліп жатпайды. Жиһад жайлы ұстанымдары байсалды ретінде танылғанымен, 2000 жылы мұсылмдарды Индонезиядағы қарулы қақтығысқа қатысуға шақыруы арқылы үстанымдарында қайшылыққа түскен кездері де жоқ емес. Демек, қалыптасқан саяси жағдайға байланысты ұстанымдарын кез келген сәтте өзгертуі мүмкін.

Бұларды қаншалықты байсалды дегеніңізбен тарихта із қалдырған уаххабизмнің негізін қалаушы Мухаммед Абдулуаххабтың төзімсіздігі мен билікке қарсы ұстанымын еске алсақ, мұның конспиративті ұстаным екенін көреміз. Олардың ел президенті билгін мойындап, Қазақстандағы мұсылмандардың қара шаңырағы, ҚМДБ-ны мойындамай, елді имамдарға қарсы қоюлары осының көрсеткіші болып табылады. Олар интернет ресурстарын өте тиімді пайдаланады. Көптеген сайттары белсенді жұмыс жасайды.

Ал суруриттерге келсек, олар – мемлекеттің елге Америка әскерлерін кіргізу шешіміне қарсы шығып, сол кездегі билікті күпірлікпен айыптаған мәдиналық сәләфи жамағат. Олардың басшысы Сириялық Мұхаммед әс -Сурури. Әлбани оларға осы суруриттер деген атауды беріп, үмбеттің харижиттері деп атаған екен.

Мұхаммед әс-Сурури 50-60 жылдары «мұсылман бауырлар» ұйымының белсенді мүшесі болған. Сәйд Құтыптың әделітсіз басшыға қарсы шығу керек деген идеяларын жалғастырумен қатар, сол кездегі ихуандарды дәстүрлі сунниттік бағытты ұстау жолында реформа жасауға шақырды.  Алайда сириялық ихуандар (Мұхаммед әл Бәннаның ізін жалғастырушылар) бір ғана жолды ұстанып, өзге ағымдарды жамандау ихуандардың жағдайын әлсіретіп, халықты билікті құлатуға қарсы көтеруге кедергі келтіреді деп санайтын.

1967 жылы Сирия өкіметінің ихуандармен қақтығысуы нәтижесінде Мухаммед әс-Сурур Сауд Арабиясына қашады. Осында жүріп өз насихатарын жүргізеді. Оның ең белсенді шәкіртінің бірі Сәлман әл-Ауда, кейін осы саудиялық суруриттердің лидеріне айналады.  

Негізінен суруриттерге байсалды деп анықтама берілгенімен, әсілінде өте төзімсіз келеді. Мемлекет билігінің кәпір елдермен қарым қатынас жасамауы қажет деп санайды. Саудиялық суруриттер бес уақыт намаз оқымаған мұсылманды кәпірге санайды. Бұл топ та Ибн Тәймия мен оның идеяларын саясиландырып жалғастырған Мұхаммед Абдулуаххабтың көзқарастарын ұстанады. Саудиялық суруриттер «Араб көктемінің» басталуына идеологиялық тұрғыдан дайындық жүргізген белсенділердің қатарынан саналады.

Қазақстанда олардың бірнеше жамағаттары бар. Олар кезінде алғаш болып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына баламалы діни қауымдастықтар құрған. Өздерінің әмірлері, кеңестері (шура) болған. Қаржылық қорлар, білім беру орталықтарын (құжыра) құрған. Суруриттер де мадхалиттер де әйгілі әхли сүннет уәл жамағаттың ақидадағы имамдары саналатын Имам Әшғари мен Имам әл Матуридиді адасқан философтар деп атайды. Бұл – олардың дінді кең түрде түсінуге қауқары жетпейтін келте түсініктерінің жемісі.

 

 

Индер ауданы «Әйіп қажы» мешітінің

Бас имамы

Е.Қамзағалиев

Жоғарыға