Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қиямет күніне иман

«Ақырет»  сөзі – соңғы деген ұғымды білдіріп, дүние тіршілігінің соңғы уақытын, біткенін білдіретін діни термин. 

Аят пен хадистерде ақырет, қиямет, ақырзаманның күмәнсіз болатыны білдіріледі. Мысалы, қиямет – дүние тіршілігінің бітуі, яки бітуіне жақын қалғаны білдірсе, ақырзаман қияметтің жақындауы деген сөз. Дүние тіршілігі тоқтаған кезде қиямет қайым Исрафилдің (а.с) бірінші рет сүр үрлеуімен басталып, екінші сүр үріліп, Аллаһтың құзырына барғанға дейінгі аралықты қамтитын кезең. Қиямет қайымның қалай болатындығын баян еткен аят пен хадистер көп. Бірақ қашан болатындығы беймәлім, оны тек Аллаһ біледі. Ақырет күні болса, Исрафилдің (а.с.) екінші сүр үрлеуімен басталған қайта тірілу, Аллаһқа есеп беру, жаннат пен жаһаннамдағы орындарына бару мен ондағы өмірдің басталуына дейінгі кезең екендігі ислами танымға байланысты еңбектерде келтірілді. Ақырет күніне иман  ету – иман негіздерінің бірі. Оған сену – парыз. Құранда Аллаһқа иман етуге байланысты айтылған аяттарда ақырет күніне иман етуде бірге айтылады. Ақырет күніне иман етуімізді бұйырған аят пен хадистер саны көп болғандықтан, бірнешеуіне ғана тоқталып өтейік:

«(Мұхаммад (с.а.у.) Олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады» ( 2. Бақара-4).

«Кім Аллаһқа, ақырет күніне иман ететін болса және ізгі амал жасаса оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды» (2. Бақара-62).

«Бірақ кім Аллаһқа,ақырет күніне, періштелеріне, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар» (2.Бақара-177).

Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.с) да бұл жайында айтқан хадистерінің жеткілікті екені белгілі. Сол хадистерден бір екеуін келтіретін болсақ: «Қиямет күні Аллаһ Тағала арада аудармашысыз сіздердің әрбіреуіңізбен міндетті түрде сөйлеседі. Сол кезде адам оңына қарайды, сонда дүниеде жсаған амалының пайдасын көреді. Сол жағына қарайды ол кезде де жасаған амалынан басқасын көре алмайды. Алдына қарағанда жаһаннамнан  басқасын көре алмайды. Олай болса бір құрманың жартысын болса да, садақа ету арқылы өздеріңді тозақтан сақтаңдар» (Бұхари, Муслим, Тирмизи риуаяттары). 

Кімде-кім ақыретке сенбесе, иман етпеген болып саналады. Діннің жіберілу мақсаты – әрбір адамның ақыретте Жаратушы алдында бұл дүниеде жасаған амалы үшін жеке-жеке есеп беретіндігін ескерту. Сол үшін аятта: «Кімде-кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сенбесе, сонда тым ұзақ адасты» (4.Ниса-136) деп келтіреді. Ақырет күніне байланысты аяттар мен хадистердің мазмұнына мән беріп қарасақ, біз білетін нәрсе секілді көрінгенмен, олар ғайып әлемі болғандықтан нақты айта алмаймыз және ғылыми тұрғыдан дәлелдей де алмаймыз. Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с) хадистерінде қалай айтылса, солай сенумен шектелемізде, көбіне ақылға салып жорамалдап жатпаймыз. Ақыреттегі болатын жағдайлардың аталымы бұл дүниедегі нәрселермен аттас болғанымен заты мүлдем ұқсамайды. Мысалы, Исрафил(а.с) періште сүр үрлейді, адамдар махшар алаңына барғанда олардың бұл дүниеде жасаған амалын тіркеуге алған амал дәптері беріледі. Амалдарын таразыға тартады,  сырат көпірінен өтеді деген кезде осы өмірдегі үлкен, даңғарадай сырнайды елестетсек, тіпті қателескен боламыз. Сол секілді амал дәптері дегенде де күнделікті қолданып жүрген дәптер, яки күнделік, есеп қисап тіркейтін қалың дәптерге ұқсайды деу әбестік болады. Таразыны да біз білетін қол таразыға, электронды немесе басқа да үлкенді-кішілі сауда таразыларына балай алмаймыз. Бұл атаулар бізге таныс болғанымен, болмысы беймәлім. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақырет мәселесі дініміздегі сенімнің негізгі тірегі болып саналады. Құран сүрелерінің басым көпшілігі ақыреттік өмір заңдылықтарына ұдайы сілтеме жасап өтеді. Ақыреттегі ахуалдың қалай болатындығын анық түрде баян етіп, түрлі мысалдармен келтіреді. Мұндағы мақсат пенденің о дүниелік өмірге бұл дүниеден дайындап, жауапкершілік сезімді санасына құю. Құран  аяттарына зер салып қараған кезде ақырет күнін түрлі атаулармен атап, оның соншалықты маңызды екендігін нақыштап келтіреді. Мысалы, Яумул ахир (ақырғы күн), Яумул бағс (қайта тірілу күні), Яумул қияма (қиямет күні), Саат (қиямет уақыты), Яумуддин (дін мен жаза күні), Яумул хисаб (есеп күні), Яумут-тәлақ (қауышу күні), Яумул-хулуд (мәңгілік күн), Яумул хуруж  (шығатын күн), Яумут-танад (айғайға басатын күн) тәрізді т.б. бірнеше атаулармен аталады.

Думан БАЛЫҚШИЕВ, 

«Жылыой мұсылмандар» орталық  мешітінің ұстазы. 

Жоғарыға