Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУ – БЕРЕКЕТКЕ СЕБЕП

Алла Тағала былай дейді:

«Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе алыс жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атымен құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» «Хаж» сүресі, 27-28-аяттар.

Бұл аяттарда құрбандыққа шалынатын малдың Алладан берілген несібе екендігі айтылуда.

Айт күндері құрбан шалу – құлшылық. Ал мұның ең маңыздысы құрбандықты – Аллаға арнап шалу. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғибадатқа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген рызығы болғандықтан оның етін сол отбасымен бірге қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күнделікті өмірде тұрмысы төмен жандардың да аз еместігін ескерген жөн. Ондай жандардың жай-күйін күнделікті бұқаралық ақпарат көздерінен де байқауға болады. Бір күндік өміріне талшық етерлік ас таппай жүрген жандар да жоқ емес. Сондықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, ал мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп.

Әбу Ханифаның айтуынша, жеуге де, таратуға да болады, алайда ол уәжіп емес. Бұйрық түрі үнемі уәжіптікті талап етпейді. «Пақырды тойдырыңдар» деген бұйрық байларға берілмесін деген мағынаны білдірмейді. Өйткені сахабалар құрбанның етін бай, кедей көрші-қолаң мен туыстарына да беретін. Осы тұрғыдан алғанда, құрбандық шалатын айт күндері шалынған сан мыңдаған құрбанның еттері бай-кедей, жетім-жесір, кедей-кепшік, жас-кәрі, әйел-еркегімен бүкіл адамзатқа сый ретінде қабылданып, осы үлкен жақсылықты нәсіп еткен Раззақ (шынайы Рызық беруші) Жаратушының разылығы үшін сансыз шүкірлік етіп, бұл мерекенің кең көлемде аталып өтілгені абзал.

Құрбандық шалудың негізгі мәні мен маңызы

* Құрбан шалу – мұсылмандықтың рәмізі.

* Құрбан шалу – ұлы ғибадат.

* Жүректі дүниеқұмарлықтан, сараңдықтан аластатады.

* Құрбан шалудың қоғамдық пайдалары да мол.

* Құрбан шалу – құл екендігіміздің, дінге бекемдіктің белгісі.

* Құрбан шалу – Алланы еске алу әрі шүкір ету.

* Құрбан шалу – Алланың жомарттығына құлдардың да қайтарым жасауы.

* Құрбан шалу – Аллаға деген сүйіспеншіліктің белгісі.

* Құрбан шалу шаңырақты берекеге бөлейді.

* Құрбан шалу бәле-жалаларды аластатады.

* Құрбан шалу Алланы ұлықтауды әрі мұсылмандардың бір-біріне деген жанашырлығын білдіреді.

* Құрбан шалған адам өзінің діни міндетін орындаған болып табылады.

* Құрбан шалу мүмінді ақиретте мол сауапқа кенелтеді.

* Құрбан шалу – күнәлардың кешіріміне себеп.

* Құрбан шалу – баршаға, әсіресе кедейлерге жасалған жанашырлық.

* Құрбан шалу бай мен кедейдің арасын жақындастырады.

* Құрбан шалу – қоғамдағы татулық пен ынтымақтың ұйытқысы.

* Құрбан шалу – мұсылмандардың бір-біріне қол ұшын созып тұруының, бауырмашылдығының белгісі.

* Құрбан шалу - қоғамды игілікке, ізгілікке бастайды.

* Құрбан шалу  - кедейлердің қабағын ашады, тағдырға өкпе артқызбайды.

*Құрбан шалу - көрші ақысын еске салып, татулыққа бастайды.

* Құрбан шалу - мал шаруашылығына көңіл бөлдіреді.

 

Құрбандық шалудың маңызы

 

Бұрынғы кезге қарағанда біз бүгінгі күні діни құндылықтарымызды насихаттауға, құрбандық шалу дәстүрімізді жандандыруға, қоғамда қайырымдылық шараларының көптеп ұйымдастырылуына анағұрлым көбірек мұқтажбыз. Оның төмендегідей өзіндік себептері де жоқ емес:

Жеке адам тұрғысынан ғана емес, отбасылық, әлеуметтік, экономикалық, тіпті бұл дүние мен о дүниенің игілігіне бөлену тұрғысынан құрбандық шалу

Ислам дініндегі міндет екенін мұсылмандардың сана-сезіміне мықтап орнықтыру;

Алла Тағалаға ең ұнамды ғибадат болғандықтан уәжіп ретінде бір ғана құрбандықпен шектелмей, нәпіл құрбандықтарды қоса шалып, осы ізгі істің өрісін кеңейту арқылы сауабын арттыра түсу;

Еліміздің ертеңі үшін иманды да салауатты ұрпақтың өсіп жетілуі жолында сапалы шәкірт тәрбиелейтін ілім ордаларына, діни сауат ашу мақсатында қызмет атқаратын білім ошақтарына қолдау білдіруге шақыру;

Құрбандық шалудың мұсылмандық міндет екенінен бейхабар жандарға ұқтыру;

Мүмкіндігі жоқ кісілердің атынан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) секілді құрбандық шалып сүннетті орындау;

Құрбандыққа шалынған малдардың еттерін тарату арқылы бүкіл адамзаттың жүрегінде асыл дініміз Исламға деген жылылық сезімін ояту;

Алла Тағалаға керегі құрбандықтың еті не қаны емес, құлының ниеті екенін жақсы білу.

Жоқ-жітіктің атынан құрбан шалу – сүннет.

Сахабалардың айтуынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жағдайы жоқ адамдардың атынан да құрбандық шалған.

Бұл жайлы Жабир былай дейді:

«Хазірет Пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге мешітте едім. Құтпасын бітіріп мінберден түсті. Содан соң құрбандық қошқарды өз қолымен бауыздады. Бауыздап жатқанда: «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар! Бұл менің атымнан және үмметімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан», - деді».

 

Жабир арқылы жеткен тағы бір хадисте өзінің және үмметінен жағдайы келмейтін жандардың атынан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) екі құрбандық шалғандығы да айтылады. Сондықтан да жағдайы бар мүміндер ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіруге тырысқаны жөн.

 

Ниеттің де сауабы мол

 

Мүмін амалымен жете алмайтын сауапқа ниеті арқылы жетеді. «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүмінге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» және «мүміннің ниеті амалынан қайырлы» деген секілді хадистер қай істе де мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар:

«Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім», - деген ниетте болса, мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады.

 

Айт күнгі тазалық

 

Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған тағы бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі. Абдуллаһ ибн Амр ибнул-Астың  айтуынша, бірде Пайғамбарымыз:

«Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үммет үшін мереке етті», - деді. Осы кезде бір кісі: - Уа, Алланың Елшісі! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?», - деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі:

«Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін қырынғаның да жеткілікті. Бұл Алланың құзырында сен үшін құрбандық шалғанмен тең», - деді.

 

Әйел кісі құрбандық шала ала ма?

Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық мұсылманға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы – уәжіп.

 

Құрбандық шалудың уақыты

 

Құлшылық Алла Тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс атқарылуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн.

Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті орындарда түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, оны садақа ретінде атау қажет.

Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, айт намазы оқып болғандай уақыт өткен соң құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис жеткен.

 

Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

 

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шалады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да шала алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық саналмайды.

 

Құрбан шалудағы өкілдік

 

Құрбандық малын мүмкіншілігі болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал және сауабы да мол. Бірақ басқа біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбанды бауыздайтын адамның мұсылман болғаны абзал. Яһуди немесе христиандарға да бауыздатуға болады. Өйткені Құранда кітап иелерінің Алла Тағала үшін бауыздағандарынан жеуге болатындығы баяндалған.

«Кітап берілгендердің бауыздағандары және басқа да тағамдары сіздерге халал етілді. Сендердің тағамдарың оларға да халал етілді». 

«Мәида» сүресі, 5-аят.

Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немесе қолхат сияқты жолдармен өзінің орнына өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атынан құрбан алып шалады. Хазірет Әлидің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) орнына өкіл ретінде құрбан шалғаны жөнінде риуаят бар.

 

Дүниеден озғандардың атынан құрбандық шалына ма?

 

Кез келген адамның дүниеден озған туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне сауабын бағыштау ниетімен құрбандық мал шалуына болады. Бірақ мойнына құрбандық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс. Бұл жерде мына мәселеге де басты мән беру керек: егер қайтыс болған кісі өз атынан арнайы құрбан шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, бұл құрбандық осы айт күндері шалынуы тиіс. Құрбандық шалған адам оның етін жей алмайды. Оның етін толығымен таратуы керек. Егер қайтыс болған кісі арнайы өсиет етпей, бірақ сөйте тұра оның артынан қалған дүние-мүліктен алынып құрбан шалынса да оның үкімі әлгіндей болады. Ал марқұм өсиет етпеген, бірақ сіз ізгі ниетпен өз қаражатыңызға мал сатып алып оны құрбан айт күні, немесе басқа кез келген уақытта шалуға болады. Мұндай құрбандықтың етін жоқ-жітікке таратуға да, өз отбасыңызға да қалдыруға болады.

 

Құрбан айт намазы

 

Жұма намазы парыз болған жандарға осы екі айт намаздары да – уәжіп.

Құрбан намазын кешіктірмей, ал Рамазан айт намазын аздап кешіктіру – сүннет. Рамазан айтта айт намазынан бұрын құрма секілді бір нәрсе жеу, ал Құрбан айтта айт намазы оқылмай тұрып ештеңе жемеу – мұстахап.

Наурызбай Тағанұлы,

ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары


«Иман» журналы

Жоғарыға