Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ислам – береке-бірлік негізі

Ислам сөзі – «амандық, есендік, мойын сұну, бағыну, берілу» ұғымын білдіреді. Яғни, ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз.

Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы Пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия-107) делінген.

Қасиетті Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылуда. Өйткені Құран ынтымақ пен бейбітшілікті баса назарда насихаттайды.

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла Тағала Құранда:   

 «Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі» (Хужурат сүресі, 13 аят), - деп бұйырса, Пайғамбарымыз  да былай дейді: «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».

Хз. Пайғамбарымыз исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы ауадай қажет болғандықтан, Мадина халқы арасында іріткі салушы мунафиқтар мен олардың басында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Бірақ, осыны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын. Мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жазаламады. Хз. Омар қаншама рет мунафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Хз. Пайғамбарымыз мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлул қайтыс болмастан алдын баласын Хз. Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Хз. Пайғамбарымыз  көйлегін береді. Міне осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбар өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар Хз. Пайғамбардан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көп мысал келтіруге болады. Яғни, қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері расында да үлкен жетістікке жеткізді.

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді:

1. Өзгенің ақысын бұзбау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз  былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Аллаһ та оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).

2. Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бірқалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл-90).

3. Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Мұны да Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.

4. Сенім еркіндігі: ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз  бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер қорқытпаңдар»,-деген.

5. Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199)

 Құрметті бауырлар! Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады.  Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).

 

Ерболат БОХАНОВ,

Атырау облыстық «Иманғали»

орталық мешітінің наиб имамы.  

Жоғарыға