Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Ғайбат, жала жабу ұнамсыз іс

Ғайбат, жала жабу ұнамсыз іс

  Ғайбаттың сөздік мағынасы біреудің сыртынан жағымсыз,жарамсақ сөз айту. Бір адамның бойындағы кемшіліктерді басқа біреуге оның сыртынан айтуды «ғайбат» дейді.

Жала жабу деп - адамның сыртынан оның ар - намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз. Жалада шындық болмайды.

Қазақта «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар» деген сөз бар. Ғалымдар жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екендігін айтқан. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді. Әбу Һурайрадан  р. а  жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ғайбаттың, жала жабудың не екенін ұқтыру үшін айналасындағылардан:  «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме, - деп сұрайды. Олар: «Оны Алла және Алла Елшісі жақсы біледі»деп жауап қатады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ғайбат деген - бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың» деді. Сонда біреуі: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше ?», - деп сұрақ қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал, егер бойында болмаса, онда жала жапқаның»  - деп жауап берді. (Имам Муслим).

Алла Тағала Құранда ғайбаттың, жала жабудың үлкен күнә екендігі жайында былай дейді: «Мүмін еркектер мен мүмін әйелдерді жоқтан өзгемен ренжіткендер, анық сол жаланы және үлкен күнәні  өз мойындарына артқан болып есептеледі». («Ахзаб» сүресі, 58 аят).

Тағы бір аятта:  «Бір - бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма ? Иә бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар...»Хужурат» сүресі, 12 аят).

Мүмін адам өзге біреуді жамандаудан, ғайбаттаудан, жала жабудан, кемшілігін іздеуден барлық лас істерден аулақ болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Кім Аллаға және қиямет күніне иман еткен болса, жақсы сөз сөйлесін  немесе үндемесін»деп айтқан. Алла Тағала жүректерімізді бірлестіріп, кәміл мұсылман болуымызды, Пайғамбарымыз Мұхммедке (с.ғ.с) лайық үмбет болуды нәсіп етсін.

 Қайрат ХАЙРУЛЛИН,

«Мәулімберген» мешітінің наиб имамы.

Жоғарыға