Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Ислам және отбасы

Ислам және отбасы

 Отбасын құрып, бала сүю – адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті, адами тұрғыдан алғанда парыз болып саналады.

«Ақ неке», «киелі неке», «ақ отау», «қасиетті шаңырақ» сынды тіркестер арқылы да, ата-бабаларымыз  отау құрудың маңызын асқақтатып, қасиетін ұғындырып отырған. Ең алдымен, неке – Алланың алдындағы аманат. Осы ретте бүгінгі тақырыбымызды имандылық пен ізгіліктен бастау алатын Ислам дініндегі некенің шарттарына арнағанды жөн көріп отырмыз.

Шариғат бойынша неке қиюда үш бірдей негізгі талап орындалуы керек. Біріншіден, неке қию үшін қалыңдықтың әкесінен рұқсат алынуы міндетті. Әкесі қашанда қызының бақташысы, яғни, оны бағып-қаққан адам. Әкесі болмаса, күйеу жігіт тарапы әкесінің ағасынан не інісінен рұқсат алуы керек. Қазақта да «ата-ананың батасын алу» деген керемет дәстүр бар. Ислам ғалымдары да осы үрдісті басшылыққа алуды бұйырады. Екіншіден, некенің қиылуына қос куәгер керек. Және ол куәгерлер жұбайлардың жақын туыстары болғаны абзал. Неге? Айталық, жұбайлардың мінездері үйлеспей немесе бір-бірімен түсініспей қалған жағдайда, оларды татуластыратын ең алдымен куәгерлері болады. Одан кейін әйелдің хақысы, яғни, сыйлық берілуі керек. Осы үш шарт орындалғаннан кейін ғана неке қиылады.

Ерекше назар аударарлық тағы бір мәселе - Құранда ер адамдардың әйел адамдарға қарағанда үстем екендігі айтылады. Бұл жерде «үстем» деген сөз ер адамның отбасын асыраушы, қорған ретіндегі роліне маңыз беру мағынасында қолданылып отыр.

Қай заманда да ер азамат нәпақа табушы, отбасын барлық керек-жарағымен қамтамасыз ететін адам ретінде айтылып келді. Демек, өзінің қанатының астындағы балапанды құстар қалай қорғаштаса, ер адам да отбасына солай қарауы керек. Ал, әйелдің басты парызы – отбасының берекесін келтіру, күйеуіне мойынсұну және балаға тиісті деңгейде тәрбие беру.

Қасиетті Құранда: «Еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы» деген. Ендеше, осы жауапкершілікті арқалаған еркек отбасынының тізгінін өз қолына алып, парасаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен басқаруы тиіс. Еркек отағасы екенмін деп дөрекілікке, «мен айттым болдыға» салынбай, бар мәселені өзара түсіністікпен, үнемі ақылдасумен шешкені жөн. Әйелдер де еріне бағынуы тиіс. Әйел болмысы басшылық не қаттылыққа емес, керісінше, мейірімділік пен ұяттылыққа, инабаттылық пен ізеттілікке бейім.

Асылында, Алла Тағаланың алдында пенде еркек немесе әйел болғандығымен, байлық, мансабымен емес, иманының деңгейімен өлшенеді. Олай болса, некені сақтап, салиқалы ұрпақ тәрбиелеудің басты құпиясы – өзара сыйластықта жатса керек.

Назарбай АБДУРАМАНОВ, Атырау қалалық Құспан молла мешітінің наиб имамы.

 

 

Жоғарыға