Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Зекет - исламның бес парызының бірі

Зекет - исламның бес парызының бірі

Зекет – сөздікте тазалық, тазалану деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасына келсек, Діннің белгілі бір дүниенің белгілі бір бөлігін кедейлерге берілуін міндетті қылған амал. Зекетті беру – парыз. Парыздығы Құран, Сүннет (хадис) және Ижма`пен (ғалымдардың келісімі) дәлелденген.

Құраннан дәлел: Зекет жайында көптеген аяттар бар. Ол аяттардың бірі:

وَاَق۪يمُوا الصَّلٰوةَ وَاٰتُوا الزَّكٰوةَۜ

Бақара сүресі 110-аятта: «Намазды тұрғызыңдар және Зекетті беріңдер»- деп Алла әмір етеді. Ал Хадиске келсек:

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رضي الله عنه قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم "بُنِيَ الإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلَاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَالحَجِّ، وَصَوْمِ رَمَضَانَ"

Абдуллаһ ибн Омар (р.а) жеткізген хадисте: Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді:

«Ислам бес негізден құрылған: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед (с.а.с) оның елшісі екеніне куәлік ету, Намаз оқу, Зекет беру, Қажылыққа бару және Рамазан айының оразасын ұстау».

Ижма'қа келсек: бүкіл мүжтаһид ғалымдар бір ауыздан зекеттің парыз екендігін айтып өткен.

Исламның бес негізінің бірі болған Зекет, һижреттің екінші жылында оразадан бұрын парыз етілген.

Зекеттің пайдалары

Зекет, негізінде дүние-мүліктік ғибадат болумен қатар бірнеше материалдық және моральдық пайдаларды өз ішіне қамтиды. Зекеттің пайдаларын рет-ретімен жазып шығуға әбден болады:

1.     Зекет – адамды сараңдықтан сақтайды, оны жомарттықа, мәрттікке тәрбиелейді.

2.     Зекет – адамның дүние-мүлікке деген құштарлығын жояды.

3.     Зекет – байдың кедейге деген мейірім мен жұмсақтығының ашылуын жандандырады.

4.     Зекет – байдың көпшілік арасындағы мәртебесін биіктетеді.

5.     Зекет – жүректің қатаюынан сақтайды.

6.     Зекет – байды жақсылық жасауға шақырады.

7.     Зекет – Алланың нығметтеріне қарсы адамның шүкір етуін үйретеді.

8.     Зекет – жоқ-жітікті мұқтаждықтан құтқарады.

9.     Зекет – кедейге адамдардың арасында абырой береді.

10.           Зекет – еңбекке қауқарсыз жандарға адам қатарлы өмір сүруге септігін тигізеді.

11.           Зекет – бай менен кедейдің ортасындағы байланысты орнатады.

12.           Зекет – адамды ішкі (рухани) ластықтан тазартады.

13.           Зекет – мал-дүниені әртүрлі бәле-жаладан, апаттардан, қауіп-қатерден қорғайды.

14.           Зекет – мал-дүниеге берекет беріп, көбеюіне жол ашады.

15.           Зекет – мал-дүниенің бір жерде (айналымсыз) тұрып қалудан сақтайды.

16.           Қысқаша айтқанда, Зекет – біздің сақтандыру полисіміз..

 

Айдын СЕРІКБАЕВ,

Атырау қаласы «Құспан молла» мешітінің

наиб имамы.

Жоғарыға