Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Таң намазын оқудың сегіз пайдасы

Таң намазын оқудың сегіз пайдасы

 

Таң намазын оқыған адам түні бойы құлшылық жасағанмен тең.

Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) былай деп куәлік етеді: «Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естідім: «Кім кұптан намазын жамағатпен бірге оқыса, онда ол түннің тең жартысын құлшылықпен өткізгендей болады, ал таң намазын жамағатпен бірге оқыған адам түні бойы құлшылық  жасағанмен тең». (Муслим, 260/656 )

Таң намазын оқыған адам Алланың панасында болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Таң намазын оқыған адам Алланың панасында болады және Алла ол үшін еш нәрсе талап етпейді», - деген. (Муслим, 261/657)

Адам  таң намазын мешітте,  жамағатпен бірге оқуды әдетке айналдырса, онда оған Қиямет күні сыйға Нұр тартылады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла түнде (қараңғыда) мешітке барған адамның жүзін Қиямет күні нұрландырады», - деген . (Сунан Ибн Мәжәһ, 781)

Таң намазын мешітте, жамағатпен бірге оқыған адам, сөзсіз, Жәннатқа кіреді!

Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Әл - Бардайнды орындаған адам – Жәннаттық», - деді.  Әл - Бардайн - Таң намазы (фәжр) және Екінті намазы (аср).
(Бұхари, 548/549)

Таң намазы ұйқыдан артық және ол тағдырды жеңілдетеді!

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Таңғы ұйқы адамның ырысын азайтады»  («Әл-Жами`ус-Сағир», 5129). 

Оның мәні: Таң намазы мен күннің шығу уақыты - зікір жасайтын уақыт, Алланы еске алатын кез. Осыған қатысты ғалымдар: «Таңғы ұйқы берекетті қашырады. Оның себебі - бұл ризық бөлінетін уақыт», - деген.

Таң намазын оқу – бүкіл әлемнің байлығын қолыңа ұстағаннан артық!

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Таң намазының екі рәкағаты (сүннеті) бүкіл әлем мен оның ішіндегі бар байлықтан артық», -деген. (Муслим, 96/725)

Таң намазын оқыған адамға періштелер куәлік етеді!

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен салемі болсын): «Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен аср намазында жиналып,  сендермен түнде бірге болғандары (көкке) көтеріледі. Сонда (Алла) Өзі жақсы біліп тұрса да олардан: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?» - деп сұрайды. Олар: «Біз оларды намаз оқып жатқандарында тастап келдік, сондай-ақ, олар біз оларға барғанымызда да намаз оқып жатыр еді», - деседі», - деген.
(Бұхари, 530)

Таң намазын оқыған адамды Алла жарылқайды және оған береке сыйлайды!

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі Аллаға жалбарынып: «Уа Алла, үмметімнің таңын игі (берекелі) ете гөр», - деп дұға жасаған.
(Тирмизи)

Арман ИСАЕВ, Жылыой мұсылмандар мешітінің бас имамы.

 

Жоғарыға