Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Әр адам жолдасының дінінде болады

Қазақ достықты ерекше құрметтейтін халық. 

Ертеректе халқымыз достасу, достық сөздерімен бірге тамыр болу, анда дос болу деген сөз тіркестерін де көбірек қолданған. Екі жігіт қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп, мәңгі адал дос болуға серттесіп, ант ішкен. Айнымас достықтың белгісі болсын деп бір-біріне қымбат бағалы бұйымдар ұсынған. Дәйім тығыз қарым-қатынаста болып, арадағы байланыс үзілмеген. Жақсы жолдастар кейде өзара байланысты одан әрі нығайту үшін ұл-қыздарын үйлендіріп, құдандалы адамдарға айналған. 

Бұл сөзімізді абыз жырауларымыздан қалған өлең шумақтары қуаттай түседі. 

Екі жақсы дос болмас,

Дос болса түбі бос болмас.

Екі сырттан ит болса,

Қой жібермес қорадан,

Екі жігіт тең болса,

Ат жібермес арадан.

Сондай-ақ, халық арасында достықтың қадірі жайлы мынадай мақал-мәтелдер тараған. «Айрылмастай досыңа қайрылмастай сөз айтпа». «Айтулы достың малы бір, кемедегінің жаны бір». «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады». «Досың көңіліңді суытып айтады, қасың ойыңды жылытып айтады».

Осы айтылған ер-азаматтар арасындағы алғаусыз адал достық пейіл, мәрттік мінез жалпы мұсылмандық пайымдағы мүмін атаулыға меймандос көңілмен бір арнада тоғысады. Алла жолында дос болып, бауырласқан жандар түбінде жұмаққа да бірге кіреді. Оның ең ұлы мысалы ретінде Меккеден көшіп келген мүһәжірлер мен Мәдиналық ансарлар арасындағы бауырмалдықтан алға тартуға болады.

Алла Тағала: «Ал жұртты (Мәдинаны) және иманды тұрақ еткендер (ансарлықтар) болса, өздеріне көшіп келгендерді жақсы көреді де, оларға берілген нәрселер үшін көңілдерінде дық сақтамайды. Тіпті, өздерінде таршылық болса да, оларды өздерінен артық көреді. Ал кімде-кім өзінің сараңдығынан сақтанса, солар – табысқа жеткендер» деген.

Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дос таңдауда қателеспеуге, жақсы жанмен жолдас болуға шақырады. Өйткені, мұсылман – мұсылманның айнасы, дос арқылы адамның ғұмырлық ұстанымын, қадір-қасиетін бағамдауға болады.

Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын)  жеткен риуаятта Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Әрбір адам жолдасының дінінде болады. Сондықтан да сендердің әрбірің кіммен жолдас екендігіне қарасын» деген.

Жақсы жолдас қасыңда болса, көмегі мен кеңесін аямайды, сыртта болса, сыртыңнан тілеулес болады.

Бір кісі: «Уа, Расулалла! Жолдастардың ең жақсысы қандай?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең жақсысы – егер атың аталса, саған болысып, ал егер ұмытылсаң есіне алатыны», – деген

Дүние  үшін немесе күнә жолында дос болғандар Қиямет күні бір-біріне дұшпан болады. Бір-бірінен ақысын даулап, бірін-бірі айыптайды. Ол туралы қасиетті аяттарда айтылған.

Алла Тағала: «Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады» дейді.

Арақ ішу, құмар ойыны және басқа да Алланы еске алудан алыстататын күнәлі істер жолындағы достық ақиретте опық жегізеді.

Бұл туралы Алла Тағала: «(Қиямет күні залымдар былай дейді) Қап, әттеген-ай! Пәленшені дос тұтпаған болсам еді. Ол мен өзіме жеткен зікірден (Құраннан) алыстатты. Шайтан адамға опық жегізеді» дейді. 

Ал, бір-бірімен Алла разылығы үшін бауырларға айналған тақуа мүмін жандар Қияметте сол имани байланыстарының пайдасын көреді.

         Мақсот  БАҒЫТЖАНОВ,

        Мәулімберген мешітінің бас имамы.

 

Жоғарыға