Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Бірлік - бақыт бастауы

Бірлік  - бақыт бастауы

Дана  халқымыз  қай  кезде  де  «Бірлік  болмай, тірлік болмас», «Бірлік түбі - береке» деп бірлікке шақырып отырған. Бұл жайында тарих беттерінен талай мысалдар келтіруге болады.

Хакім Абай да: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», - деп, ұлттың қадірін, елдің қасиетін тануға үндеді. Себебі, бірлігі кеткен елде береке болмайтын еді. Халқымыз ел татулығына отбасы институты арқылы қол жеткізді. Бесікте жатқанында-ақ баласына «батыр болар ма екенсің?» деп, үлкен үміт артып, арамнан алыс, адалға жақын өсуіне ерекше мән берді. Соның негізінде халқымыз мұсылманшылығын сақтап, тура жолды нұсқаған данаға, жырау мен шешенге, ел қамын жеген батыр ұлға кенде болған жоқ.

 Ислам - бейбітшілік, бірлік пен татулық діні. Бұл туралы қасиетті Қүранда көптеген аяттар кездеседі. Айталық, «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», - деген аяттың өзі-ақ бірлік жоқ жерде берекенің болмайтынына дәлел («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Ал, бірліктен ажырап, өз алдына бөліну - дінімізде бүлікке алып баратын бірден-бір жол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде былай дейді: «Кім көпшіліктен (жамағаттан) сүйемдей жер алыстаса, ол өз мойнындағы Исламның арқанын алып тастағандай болады».

Құранның әміріне итағат жасап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен өнеге алған ардақты сахабалар да әрдайым мұсылмандарды бірлікке үндеумен болған. Шоқтығы биік сахабалардың бірі, әділ халифа хазіреті Омардың (р.а.): «Әй, адамдар! Мен сендердің алдарыңда тұрмын. Кезінде Алла Елшісі біздің ортамызда осылай тұрып: «Сендерге сахабаларымды өсиет етемін және олардан кейін келетіндерді өсиет етемін... Жамағатпен (көпшілікпен) болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар. Өйткені, шайтан жалғызға жақын, екеуден қашық. Кім жаннаттың төрін қаласа, көпшілікпен болсын деп еді», - деп айтқан сөзі берекенің бірлікпен ғана келерін тағы да растай түседі.

Ислам тегінде, «әс-сәләм» ұғымынан шығып, жер бетіне тыныштық және бейбітшілік тілеу деген мағынаны береді. Дін белгілі бір руға, тайпаға түспеген, адамзатқа насихат ретінде түскен. Ислам діні қазақ даласына осыдан он екі ғасырдан астам уақыт бұрын келді.

Міне, Ханафи мазһабын (жол, мектеп) ұстанған сол ғасырлардан бері қарай Орталық Азияда діни қақтығыс, тартыстар болмаған екен. Діни танымдағы біртектілік теріс үғымдардың белең алуына жол бермеген. Бүгінгі таңда екі жолдың айрығында тұрған сындарлы сәтте дін саласы қызметкерлерінің мақсаты - ділімізге сай келмейтін дәстүрден тыс бағыттағы ағымдардың алдына тосқауыл қою. Бұл - бір.

 Екіншіден, дәстүрлі дінімізге жат, теріс бағытта адасып жүрген бауырларымыздың өзегінен теппей, өз ортамызға тарту - біздің азаматтық міндетіміз. Біз дәстүрлі дінімізді насихаттап, сол туралы жастарға білім берумен қоса, халық арасын айыратын дін бұзарлық ниет, пиғылдан сақтандырғанымыз жөн-ақ. Мәселен, теріс діни ағым жолында жүрген жастар ел арасына іріткі салмай, бауырмалдыққа, бірлікке келу керек.

Қасиетті Құран-Кәрімде Алла Тағала: «Біз сендерді үнемі орта жолды ұстанатын қауым еттік», - дейді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз Мүхаммед (с.ғ.с.): «Ақиқатында дін - жеңілдік. Ендеше, дінге қатысты қарысып қалмаңыз, онда оған деген сеніміңіз азаяды. Адамдарды дұрыс бағытқа бастаңыз, оларды жақындастырыңыз және соған қуанатын болыңыз», - деп бауырмалдыққа, бірлікке шақыруды үндеп, ел тыныштығын әр мұсылманға аманат еткен. Шынында да, «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл - тарихи заңдылық. Себебі, ел бірлігі - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мәңгілік елдігіміздің кепілі.

Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мемлекет те сол сияқты. Ендеше, кім-кімнің де дінге қатысты байсалды ұстанымда болуына ықпал еткеніміз абзал. Жұртын жанындай сүйген Ақтамберді жыраудың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар» бүтіндікке шақыруының да мәнісі осы болса керек. Бұхар жырау бабамыз: Қазағым халқым, батырым, Арманым бірлік арманым, - деп жырлаған.

 Алла Тағала Құран Кәрімде әмір етті: Бірінші Аллаға, одан соң Пайғамбарына және өз араларыңнан шыққан басшыға, ата-аналарыңа бой ұсыныңдар, - деді. Осы айтылғандарды басшылыққа ала отырып, Алланың тура жолынан адаспасақ, екі дүниеде  де  бақытты  болатынымызға  күмән  жоқ.

 

Қ. ХАЙРУЛЛИН,  

«Мәулімберген» мешітінің наиб имамы.

Жоғарыға