Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Жүректегі бірлік

Жүректегі  бірлік

 Құдай Тағала Құранда: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік...[1]». Бұл аяттан Алла адамдарды бір-бірін «тану үшін» ғана ұлт пен ұлысқа бөлгенін айта келіп, бір ата, бір анадан тарағанымызды еске салу арқылы татулықта, берекеде болуға үндегенін аңғарамыз.

 Басқа халықтармен мәміледе «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар[2]», - деп келетін Құран аяты бар. Мұны терең түйсінген қазақ халқы өзге дін өкілдерін де сыйлап, құрметтеп отырған. Тарихи себептермен елімізге келген өзге ұлт өкілдеріне қырын қарамай, құшақ жайғаны осының айқын айғағы. Бұл аяттан қоғамдағы діні басқа адамдармен де көркем қарым-қатынас жасау әрбір мұсылманның асыл қасиеті, жақсы сипаттарының бірі екенін аңғарамыз. Қазақ халқы адамдарды нәсіліне, дініне, көзқарасына бөлмей «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп, көршісі кім болса да, онымен сыйласып, дәм-тұз айқастырып, жоқ-жітігіне қарайласып, достық қатынасты жоғары қойған.

 

Алайда, бірлік тілде болғанымен жүректе болмаса, қоғамда жеміс бермейді. Жүрек біздің дінімізде аса маңызға ие. Жүректің ісі шынайы, нақты болады әрі нәтиже береді. Жүректің шынайылығы бұл дүниеде ғана емес, ақыретте де аса маңызды. Ол туралы Құранда: «...Тек, кім Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады[3]»деген сүйінші аят бар. Ғалымдар бұл жүректің «Алланың әмірлерін орындаған, адасушылықтан ада, көркем мінез-құлықпен безенген» жүрек екенін айтады.

 Демек,  бізге бірліктің ауыз жүзінде ғана болғанынан жүректе болғаны аса маңызды. Сонда ғана қоғамда шынайы бірліктің көрінісі, нәтижесі болады. Абай атамыз да «бірлік ақылға бірлік, малға бірлік емес» дегенде осыны меңзесе керек.

 «Рухани жаңғыру» аясындағы біздің қоғам үшін бірлік пен берекенің мынадай пайдаларын тілге тиек етуге болады:

 Әуелі, береке, бірлікте болу – Алланың әмірін орындау. Қастерлі Құран «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» деп насихаттайды.

 Дінімізде көрінісі бар ғибадаттармен қатар, рухани да құлшылықтар бар. Намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару, зекет берудің құлшылық болғанындай, Алланың кез-келген әмірін дұрыс орындау ғибадат ретінде саналады. Яғни, жоғарыдағы аяттың негізінде айтсақ, бөлінбеу, берекеде болу, халықтың бірлігін, тұтастығын сақтау да Алланың әмірін орындау болып, дінімізде сауапты істерден саналады.

 

Н.ЕРМАҒАМБЕТОВ, «Мәулімберген» мешітінің наиб имамы.

Жоғарыға