Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Турашылдық пен шыншылдық

Турашылдық пен шыншылдық

    Бізді жоқтан бар етіп жаратқан, бізге сансыз нығметтер берген, сол нығметтердің ең ұлысы болған иманды берген Аллаға сансыз шүкірлер болсын. Екі дүниенің сардары, адамзаттың асыл тәжі пайғамбарлардың сұлтаны болған соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың сәлемі мен игілігі болсын.

Асыл дініміз Ислам діні әрбір бұйрықтарымен тиымдарында қоғамға, адамға тек пайдалы болатыны ақиқат. Себебі бүкіл әлемді жоқтан бар етіп жаратқан Жаратушы иеміз ненің пайдалы ненің зиянды, қайсы бір істе хайыр бар немесе жоқ екенін бізден әлде қайда жақсы білуші. Тек жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтарған асыл дініміз турашыл болуды, өтіріктің ауылынан алыс жүруді үнемі ескерткен. Шыншыл болудың маңыздылығы сонша Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп бұйырады: «Уа иман келтіргендер, Алладан қорқыңдарда шыншылдармен бірге болыңдар» - Тәубе сүресі, 119 аят. Яғни Алланың әмірлерін орындап тиғандарынан тиылыңдар, сондай-ақ ниетімен де ісімен де сөзімен де турашыл, шыншыл болған кісілермен бірге болыңдар. Қазанға жақындасаң қарасы жұғады дейді атам қазақ. Міне сондықтан да біз кіммен бірге жүргенімізге, кіммен дос болғанымызға назар салып, зер салып қарауымыз керек екен. Себебі қарға өлексеге алып барғанындай, өтірікші де сізбен бізді жақсылыққа сүйремейді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.у) бұл турасында Ибн Масғудтан келеген хадисте былай деп бұйырады: «Шынында турашылдық, иесін жақсылыққа жетелейді. Ал жақсылық болса жәннатқа жетелейді. Үнемі шыншыл болған жан, Алла Тағаланың құзырында шыншыл деп жазылады. Ал өтірік болса адамды күна жасауға итермелейді. Күнә болса иесін тозаққа апарады. Үнемі жалған сөйлеген адам Алла Тағаланың құзырында өтірікші деп жазылады». Имам Бухари және имам Муслим жеткізген. Хадистен ұғатынымыз ашық және айқын нәрсе. Ол қандай жағдайда болмасын шындықты айту. Кейде пендешілікке салынып өтірік айтуға тура келді, айтпасам болмайтын еді деген сияқты алдамшы сөзер айтамыз. Негізінде Алладан «Иа Алла, мені өтірік айтудан сақта» деп дұға жасап, сонымен қатар қандай да бір жерде болмасын өтірік айтпауға тырысатын болсақ, Алла Тағала бізге жәрдем беріп қояды екен. Ал Алланың жәрдемі бір құлына келетін болса оның орындалуында күман жоқ нәрсе. Біз шыншыл болуға тырыссақ Алла Тағала бізді қандай да бір қиын сәттерден де өтірік сөйлетпей, жалған айтқызбай сол қиындықтан шығарып қояды. Сондықтан да мен өтірік айтпасам болмайтын еді, ол жерде амал жоқ жалған сөйлеу керек еді деген сияқты сөздер мен істерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек екен.

Сафуан ибн Сүлеймен (р.а) былай дейді: «Біз Уа Алланың елшісі, мумин қорқақ бола ма?» - деп сұрадық

«Ия» деп жауап берді пайғамбарымыз (с.ғ.у). «Біз және мумин сараң бола ма?» - деп сұрадық, пайғамбарымыз (с.ғ.у) «Ия» деп жауап қатты. Біз және «Уа Алланың елшісі, мумин өтірік айта ма? – деп сұрадық. Бұл сұраққа Пайғамбарымыз (с.ғ.у) «Жоқ» деп жауап қайтарды. Имам Малик«Муатта». Міне бұл хадистен де түсінетініміз мумин ешқашан жалған сөйлемейтіндігі. Ия мумин қорқақ болуы мүмкін, сараң болуы мүмкін бірақ ешқашан өтірік айтпайды, жалған сөйлемейді. Себебі өтірік айту екі жүздінің белгісі. Алла Тағала баршамызды өтірік айтудан сақтап өзінің шыншыл құлдарының қатарынан қылсын. Әмин!

Айтжан АБДИРОВ,

Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің бас  имамы.

 

Жоғарыға