Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


«ҚҰДАЙ ЖОҚ» ДЕП АМАН ҚАЛҒАН ИШАН

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.
«ҚҰДАЙ ЖОҚ» ДЕП АМАН ҚАЛҒАН ИШАН

Қазақ халқының басынан небір нәубетті жылдар өткенін тарихтан жақсы білеміз. Байдың малын, жарлының барын тарып алып, бірін айдап, бірін атып жатқанда қазақтың иман байлығын тартып ала алмады сол жылдар. Алғашында байларға қырғидай тиген патша үкіметі іле-шала молдаларға құрық сала бастады. Ұланғайыр даламыздың қай бұрышында да балаларды имандылыққа, тазалыққа тәрбиелейтін дін адамдары аз болмаған.

Солардың бір шоғыры Сырдың бойында еді. Кезінде дін таратуға келген қожаның ұрпақтары да осы аймақта көп шоғырланған. Олардың көпшілігі аса білімді, дінді терең меңгерген, ел арасында ахун, ишан атанған кісілер. Сол бір зұлмат жылдары бір түрмеде қырыққа жуық молдалар атылыпты деген сөз айтылатын. Солардың арасынан жалғыз ишан аман қалыпты. Ол әйгілі Марал ишанның немересі Сүлеймен ишан екен. Ол қалай аман қалып жүр дейсіз ғой. Бұл оқиға туралы белгілі жырау Алмас Алматовтың «әкемнен естігенім еді» деп айтатын әсерлі әңгімесі бар. Онда ол кісі былай деп баяндайды. – Арыстарымыз қамалған Қазалының Ақмешіт түрмесінде бір күнде 36 қожа-молда-ишандар атылды деген дерек ел аузында жүретін. Кейіннен іздестіргенде болған жайт расталды, бірақ боздақтардың аты-жөні анықталмай отыр. Осы оқиғаға қатысты әкемнің айтқаны бар еді.

Жаңалық жата ма, Сүлеймен ишан атылмай аман шығыпты дегенде, әкем де ағаларының хабарын білмек болып іздеп барып, жолыққан екен. Қазалыдан Жезқазғанға шығар бетінде үлкен қорым, ишанның атымен аталады. Тірісінде елге сыйлы болған ишанның өзі Керей Марал ишанның тұқымы, ал ол тарихта қалған белгілі тұлға. Әкем барып, Сүлеймен ишан оңаша қалғанда «қасыңызда біздің де кісілер болып па еді» деп бастайды. «Болды, тақсырлар. Үш ай қамалып жаттық. Үкіметтен келіп, кінәмізді бетімізге басқан ешкім болмады. Оған да ренжіген ешкім жоқ, ақсақалдарымыз «үкіметтің қолы тимей жатқан шығар» деп жамандыққа жорыған жоқ. Үш ай дегенде таң қараңғысында, тұтқындарды сыртқа шығарып, түрменің қабырғасын жағалай тұрғызып қойды. Шолақ күрте киіп, белдерін шарт буған үш-төртеуі үйіріліп тұрды да, орталарынан біреуі шығып, біздерге жақындады. Не болады деп қарап тұрмыз. Бір кезде саптың басында тұрған ақсақалға жақындап, тапаншасын маңдайына кезеп, «Құдай бар ма?» деп сұрады.

Ақсақал: «астафиралла» дегенше болған жоқ, маңдайдан оқ тиіп сұлап түсті. Ишан-қожалар есін жиып үлгерген жоқ, шетінен баудай қиылып құлап жатыр. Жаналғыш саптың соңына да тақап қалды. Жанымда тұрған Алпамыс деген қожа еді. Білегімнен ұстап алып, «Балам тым жассың. Амал қыл, Алла кешіреді, кешіреді. Мына алапатты жұртқа жеткіз» дей берді. Тапаншасын тақап, діннен безген сұрағына іркілместен, «Аллаһу акбар» деді де, Алпамыс қожа құлап түсті. Тажал менен де «Құдай бар ма?» деп сұрады. «Жоқ» деп көзіне тура қарадым. Менен қарсылық күтпеген болса керек, жаналғыш абдырап тапаншасын төмен түсіріп, басқаларына «Мынау «жоқ» деді» деп дауыстады. Содан түрмеден босатылдым. Көз алдым да небір тақсыр, молдалар, иманына берік күйінде оққа ұшып, шейіт болды»-деп Сүлеймен ишан сөзін аяқтайды. Әкем ауыр күрсініп, суалған жанарын сүртіп Ишанға қараса, екі көзінен аққан жас бетін жуып кетіпті. Сақалының ұшындағы тамшылар өңірін ылғалдапты. Екі бүктетеліп қалған кеудесін көтеріп, әкеме қарайды.

Күдігін сейілткісі келген әкем: «Тақсыр, Аллаға шәк келтірдіңіз бе?» дейді. Сонда Сүлеймен ишан: «Алладан басқа тәңір» деген сөйлемді ішімнен, ал «Жоқ» деген сөзді дыбыстап айттым» деп жауап беріпті. «Алладан басқа тәңір жоқ» деген сөзді айтып аман қалдым. Ал Жаратқанның бірлігіне шек келтірмек түгіл, қас-қағым сәтте сұрқия сауалды санасына сидыра алмаған дуалы ауызды арыстарымыз «Алла ұлық» деп қайырылмай кете барды» деген екен. Міне, сол бір зұлмат жылдар қазақтың малы мен жанын алса да иманын алмады деуіміздің де бір сыры осы еді.   

Олжас СӘНДІБЕК

kazislam.kz

Жоғарыға