Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


ЖАСТАР ӨЗІН ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК?

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.
ЖАСТАР ӨЗІН ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК?

Жастық шақ әрбір адамның өміріндегі ең бақытты кезең. Өйткені, балғын кезең асуларды алып, белестерді бағындыратын мүмкіндік деп білген жөн. Бұл жастақ дәурен ақиық ақын Мағжан атамыздың тілімен айтсақ, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты болатын уақыт. Иә, қарап отырсақ, бойына имандылықты сіңірген бабаларымыз жасынан ерте есейіп, елдің ертеңін ойлады. Бірін-бірі жігерлендіріп, бір-біріне жақсылықта жаршы бола білді. Сол ұлы бабаларымыздың дәурен шақтары құр ойын, бос күлкімен емес, естіліктің үлгісімен қалыптасты десек артық емес.

 Мәселен, Шәкәрім Құдайбердіұлы:

«Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық», — деп заманындағы жастарды арамдықтан сақ болуға шақыруда және білімді жанның етегіне жабысу керегін өлеңмен өрді. Міне, бабаларымыздың мұншалықты жалынды жастық шаққа ықтияттылықпен көңіл бөлуі бекер емес. Әсілінде дінді терең білгені, тәрбиенің жастан бастап берілетінін әу баста түсінгені бұл. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өміріне қарасақ дін насихатын жүргізіп, тәрбие жұмысын жасауда жастарға ерекше мән бергенін байқаймыз.
Пайғамбар мектебінен алған тәлімдерінің арқасында жас кезінен жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, сауап пен күнәні айырып, жүрегіне мықты иман орнықтырған сахабалардың саны да жетіп артылады. Атап айтсақ, хазіреті Әли (р.ғ.), Абдулла ибн Масғуд (р.ғ.), Зубайр ибн Әууам (р.ғ.), Талха ибн Убайдулла (р.ғ.) сынды жас сахабалар нағыз қылшылдаған жас шағында иман шуағымен сәулеленіп өсті. Бұл кісілердің адамзат қауымын жақсылыққа ұйытқаны сондай Ислам тарихында есімдері өшпестей алтын әріппен жазылды.

Олай болса, Ислам мәдениетін негізге ала отырып, жалпы мұсылман баласы жас шағын қалай бағалау керек деген мәселеге аз-кем тоқтала кеткенді жөн санадым. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар: «Адам досының дінінде болады. Сол үшін әрқайсысыңыз дос таңдағанда аса назар аударсын». Шыны керек қай кезде де ортаның әсері ықпалды болады. Сондықтан, жастар жас шағын бос әрі қор етіп өткізбеу үшін жанұясы, оқитын жері, араласатын қоғамы, өмірдегі достары, қызметтік ортасы секілді мәселелерге мән беруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тәлім-тәрбие, адами құндылық немесе жаманшылық пен азғындық та осы ортаға қарай қалыптасады.

Бір хадисте: «Кісі сүйгенімен бірге болады», — делінген. Адам біреуді жақсы көргендіктен онымен достыққа барады. Жақсы көрмесе, достық та жоқ деген сөз. Демек, дос жақсы болса, ол ақылшы. Ал, жаман болса ше?! Өміріңнің қорлығы содан басталады. Сол үшін бабалаларымыз: «Қазанға жоласаң қарасы жұғады, жаманға жоласаң бәлесі жұғады», «Жақсы дос –басыңа дос, жаман дос – асыңа дос», — деп кесіп айтқан.

Сондай-ақ, жастықтың ең қайталанбас кезі – ол бос уақыт. Қасиетті Құранда мүміндердің ерекшілігін былай сипаттайды: «Олар бос сөз және пайдасыз істерден аулақ жүреді». («Мүминун» сүресі, 3-аят) Алла тағала: «Бір іс біткенде дереу екінші іске кіріс, сонымен айналыс, Раббыңа жөнел!» («Бақара» сүресі, 148-аят), — деп уақытты тиімді өткізуге бұйыруда. Ал, аятқа сай әрекет жасау көп жағдайда жастық кезеңге тиесілі. Егер Абай атамыз айтқандай өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ деген нәрселерден сақ болу үшін уақытымызды пайдалы етіп өткізген жөн. Қоғамымызда тепсе темір үзетін шағында ешкімге пайдасын тигізе алмай, бар өмірін ішімдік, бұзақылық, арсыздық сынды нәрселермен қор етіп жатқандар қаншама?! Сол үшін әрбір мұсылман баласының уақыты, күні, сағаты тиімді жұмсауда жоспарлы болуы қажет. Яғни, уақытын жақсылыққа жұмсаумен жеке басына, отбасына, қоршаған ортасына табыс әкелуі керек.

Жастар үшін тағы бір ескеретін мәселе. Мұсылман жастық дәуірінен бастап Құдай тағала харам еткен дүниелердің бәрінен бойын таза ұстауды қатаң талап еткені жөн. Әсіресе, әуесқойлықпен басталатын шылым шегу, ішімдік ішу, зина жасау, құмар ойнау сынды тағы басқа жиіркенішті әдеттер жастық уақыттың қорлығы десек болады. Сондықтан Алла: «Зинаға жақындамаңдар. Ол масқаралық, бұзықтық», — («Исра» сүресі, 32- аят) деп әмір еткен. Алла тағала аятта «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ. Аңғара білсек, «Зинаға жақындамаңдар» деу арқылы арсыздықтан алыс болуды бұйыруда. Арсыздық, ұятсыздық жағдай бүгінгі қоғамның үлкен дертіне айналып барады. Некесіз бала, тастанды сәби сынды жағдайлар осы арсыз істің нәтижесі. Сол үшін иманды жан өзіне харам істерді жиіркендіріп, сауап амалдарды жақсы көрсеткені қандай жақсы?! Оның жемісін уақыт еншісі көрсетеді.

Сонымен қатар жастар өзін үнемі әдептілікке, тазалыққа баулуы қажет. Тәкаппарлық, менмендік сынды мінездер кісіліктен алыстатады. Оның орнына ұлылықтың белгісі кішіпейілділіктен ары аспайды. Күнделікті жай айнаға қарағанда өзімізді түзеп бағатынымыз бар емес пе?! Түр-әлпетіміз бен киімімізде кемшілігіміз болса, қарап отырып түзетеміз. Міне, сол секілді мұсылман мұсылманның рухани айнасы. Бір мұсылман бауырына қараған сәтте оның бойынан бір кемшілік көрер болса, «бұл нәрсе менде де болуы мүмкін» деп өз-өзін көркем мінезділікке әрдайым тәрбиелеуі тиіс. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның айнасы. Өзгенің кемшілігін өзінің бойынан көреді», — деп айтқан. Ілім қақпасы атанған хазіреті Әли (р.а.): «Ең алдымен өз нәпсіңе, сосын барып өзге адамдарға насихат ет!» десе, ислам ғалымы Имам Шафиғи: «Өзіңе қатты, өзгеге жұмсақ бол!» — деп өнегелі сөз қалдырған екен.

Қорыта келе, әрбір адам жастық шағын өкінішпен емес, өнегелі жолымен еске алатындай болса, бұл басқа қонған бақыты. Сол үшін иманды жан қандай болу керегін сөзі мен ісінің тазалығынан көрсетсе нұр үстіне нұр. Мұсылман деген пәк сипатына кір жұқтырмаса игі. Ата-ананың арманы да осы емес пе?!

Мағжан ақын:

«Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн», — деп кейінгі жастарға үлкен бағыт көрсеткен. Шынында ұрпақтың иманды, таза, текті болуы қоғамның беріктігін одан әрі сақтамақ. Құдай тағала жүрегі иманмен толысқан, елі мен жеріне шын жаны ашитын жастарымыз көп болуды нәсіп етсін!

 

Жоғарыға