Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Шәкірттерге ерекше сый жасалды

Атырау қалалық Құспан Молла мешітінде «Дін және жастар» тақырыбымен кездесу болып өтті.  Құптан намазынан кейін арнайы жайылған дастархан басында құрылған емен-жарқын сұхбат кезінде Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров жастар, мемлекетшілдік, отаншылдық тақырыптары төңірегінде уағыз айтты.

Батыржан қажы Берденұлының пайымынша, Отанды сүю өз халқын, өмір сүріп жатқан жерін, ұрпақтан ұрпаққа сабақтаса жалғасып келе жатқан барлық құндылықтарды сүю деген сөз. «Мұсылманға туған жерін таңдау еркі берілмеген, алайда, ол өз туған жерінің болашағы, амандығы үшін жауапты. Демек, әр адам өз елінің өркендеуіне, рухани гүлденуіне үлес қосуы тиіс. Отанымызда Алланың сансыз нығметі мен мол қазынасы тұнып тұр. Демек, белгілі бір туған жердің нәсіп етілуінің өзін - Алланың құлына деген махаббаты деп қабылдауымыз керек» деп атап өтті Бас имам.

Кездесу аясында Құспан Молла мешітінде таджуидтен дәріс алып, Құран кітап оқи алатын деңгейге жеткен шәкірттерге сый ретінде қасиетті «Құран Кәрім» және Имам Ғазалидің (Алланың оған разылығы болсын) «Ихья Улюмиддин» кітабы табысталды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі.

Толығырақ ...

Жастар - ел болашағы

Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қаратон елді-мекенінде «Жастар - ел болашағы» атты кездесу болып өтті.

№22 және №23  жалпы орта білім беретін мектептерде өткен жиынға Жаңа Қаратон кентінің әкімі Қ.Сағынбайұлы, «Нұрқас - Сатыбалды» мешітінің имамы А. Сарсекеев, ауыл әкімшілігінің жастар жөніндегі қоғамдық төрағасы М. Адилов, Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінің полиция аға лейтенанты Р. Жаналинов қатысты.

Ұстаздар және оқушылармен арада өткен кездесуде «Нұрқас - Сатыбалды»  мешітінің имамы А. Сарсекеев дәстүрлі ислам дінінің артықшылығы, исламдағы бала тәрбиесі, тәрбие, ата-ананың бала алдындағы міндеттері туралы кеңінен ой қозғады. Талай елдің жас буынын адастырып жүрген уахабизм мен салафизмнің тармақтары және пайдаланатын әдіс-тәсілдерін ашып көрсеткен имам жастарды зымырап өтіп жатқан уақытты тиімді пайдалана білуге шақырды.
Жылыой аудандық орталық 

 

мешітінің баспасөз-қызметі. 


Толығырақ ...

Валентин мерекесі қайдан шықты?

Бисмиллаһир рахманир рахим!

Әсіресе, жас буын арасында «Ғашықтар мейрамы» ретінде тойланып жүрген «Валентин күні» жақындап келеді. Қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бұл «мерекені» біздің ата-әжелеріміз тойлапты деген дерек тарихта да жоқ. Десе де, жастарымыздың осы мерекені айрықша күтуінің мәні неде?

              Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, алдымен «Валентин күнінің» шығу тарихына көз жүгіртсек.   «Валентин күні» − мұсылман  елдері  тұрмақ,  христиан  мемлекеттерінің   өзінде үлкен  дау тудыратын мейрам.   Себебі,  шығу тарихы    түрлі бейәдеп    аңыздармен  байланысты.  Мейрам ежелгі  Римдегі  Луперкалий  деп аталған аморальды   мерекеден  бастауын  алады.   Бұл мейрам кезінде ежелгі  Римде   құрбандыққа  мал шалып,    мал терісінен  дүре қамшы  жасайтын  болған.  Сол елдің  еркектері  бір-бір  дүрені қолына  алып,  жалаңаш шешініп  тастап,  жолына  кездескен  әйелді   соққыға жығып,  кейіннен  сонымен  жұптасқан.  Уақыт  өте келе    мейрамға  тыйым  салынса да,  тойлау дағдысы   «Валентин күніне»  ұласқан.

                          Тағы бір тарихшылар тобының айтуы бойынша, бұл күн ежелгі көп құдайшыл Рим қауымынан бастау алатын көрінеді. Римдіктерде 14 ақпан күні  тойланатын «Жер құдайына» арналған мереке бар. Сонда орындайтын бір рәсім болыпты. Әйелдер (немесе қыздар) өз есімдері жазылған қағазды бір қорапқа тастайды. Әр еркек қорапқа қол сұғып, үлесіне тиген қағаз арқылы өзіне мерекелік  серік таңдап және жыл бойы келесі мереке жеткенше сол адаммен бірге өмір сүрген. Тағы бір деректер бойынша, Клавдий ІІ император тұсында өмір сүрген жас жігіттер әскери қызметтен бас тарту үшін үйленіп алатын болған. Мұндай айланың айылын тарту үшін Клавдий ІІ әскери борышын өтемей жатып,  үйленуге тыйым салады. Ал, Валентин болса легионерлерді құпия түрде некелестірген делінеді. Осылайша, Валентин билікке қарсы шығып, түрмеге түседі. Түрмеде жатып абақты бастығының қызына ғашық болып, ашық хаттар жазып тұрған. Тұтқын Валентиннің басы 14 ақпан күні шабылады. Ал, жазған хаттары оның өлімінен кейін оқылады. Бертін келе, яғни, 469 жылы Рим Папасы Геласиус 14 ақпанды «Әулие Валентин» күні деп жариялаған. Бұл деректерден осы бейресми мерекенің асыл дініміз бен салт-дәстүрімізге жат әрекет екенін айдан анық көреміз.

Рухани құндылықтарға бай дініміз исламда да мерекелер бар. Бірақ, исламдық мерекелер адамдарды қуаныш пен шаттыққа, инабат пен ибалылыққа, имандылық пен адамгершілікке бастайды. Және «мереке» деп, әдетте, береке-бірлік пен татулықты арттыруға себеп болатын сауабы мол қасиетті күндерді айтады. Бұл әрине, Ораза айт пен Құрбан айт. Сондай ақ, халқымыз Ұлыстың ұлы күніне теңеген  Наурыз мерекесін де жылылықтың, ынтымақтың бастауы ретінде қарастыруға болады.

Алланың берген нығметтерінің қадірін білмесек, қияметте зардабын тартатынымыз туралы қасиетті Құранда (Тәкәсүр сүресі, 8-аят) «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар» деп келтірген. Өзін мұсылманмын деген әр ата-ана «Валентин күнін» тойлауға көз жұма қарамай, ұлы мен қызын намыссыздықтан аулақ болуға үгіттеп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде «Үш адам жәннатқа кірмейді: ата-анасының қарғысына ұшырағандар, «дайюс» (әйелін, қарындасын, анасын, әр туыс қарындас-әпкелерін қызғанбайтын еркек) және өзін еркекке ұқсатқан әйел» деп ашық ескерту жасаған.

 «Кеше бала ең,

Келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті ғой бір қалыпты тұра алмасқа,

Адамды сүй, Алланың құдіретін сез.

Не қызық бар дүниеде бұдан басқа?» деп, қазақтың бас ақыны Абай атамыз жырлағандай, махаббатымыз Аллаға, онан кейін Пайғамбарымызға с.ғ.с, ата-анамызға, елімізге, жерімізге шын жүректен арналса, бір күндік махаббатқа сонша еліктемес пе едік?! Баршамызға Алланың рақымы мен нұры жаусын.  

 

Р.З. Құраш Жарсуат ауылдық мешіт имамы. 

Толығырақ ...

Иманды жастар - ел болашағы

«Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінде жастар жамағатына арналған айлық отырыс болып өтті. Жылыой ауданының бас имамы А. Исаев жиналған жамағат арасында тақуалық, бауырмалдылық, ынтымақты арттыру және ұдайы зікірде болудың пайдалары туралы ойларымен бөлісті. Мешіт ұстазы Д.Сүлейменов «Ауызбіршілік және адасқан топтардан аулақ болу» тақырыбында насихат айтты. 

Мешіт жанындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Б. Сағындықов ұйымдастырған ақ дастархан басында намазды енді бастап отырған жастар үшін бес уақыт құлшылықты жамағатпен бірге оқудың артықшылығы, дәрет алудың пайдалары, білім алудың маңызы туралы да кеңінен ой қозғалды.

Жүзден аса жас жамағат қатысқан игі шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

 

 

Жылыой аудандық орталық
мешітінің баспасөз қызметі


Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу