«Құлшылықтың абзалы» атты дұғалар жарысы болып өтті
- Бөлім:  Жаңалықтар
Орталық «Иманғали» мешітінде Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Атырау облысы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Құлшылықтың абзалы» атты дұғалар жарысы болып өтті.
Осыдан үш ай бұрын мешіт шәкірттеріне күнделікті оқитын дұғаларды, таңғы-кешкі зікірлерді оқып, ұстазға есеп беріп отыру жүктелген болатын. Ондағы мақсат – дұғаларды күнделікті оқи отырып, шәкірттердің тіл жаттықтыруына жол ашу еді. Осылайша, межелі күні дұға жарысына он бес қыз-келіншек қатысты. «Олардың арасында үш балалы аналардан бастап, тұрмыс құрмаған бойжеткендер де болды. Дұға жарысында әр қыз балаға бір-бірін қайталамай, дұға оқып шығу міндеттелді. Оның ішінде, зікір, Құраннан алынған дұғалар, пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүннетінен алынған дұғалардың барлығы айтылып шықты. Дұға оқу жарысы сегіз айналымнан тұрды. Нәтижесінде 180-ге жуық дұғалар оқылды» дейді шараны ұйымдастырушы ұстаз Зарина Жукенова. Тартысты бәсекеде үздік шыққандар екінші айналымға өтті. Екінші айналымда шәкірттер уағыз айтудан бақ сынасты. Зікірдің пайдасы, дұға оқу кезінде жазылатын сауап сынды тақырыптар жерибе бойынша таңдалды. Сайыс одан әрі викториналық сұрақтар түріндегі ойындарға ұласты.
Шәкірттердің рухани кемелдене түсуіне жол ашқан шара нәтижесінде дұға оқу жарысынан бірінші дәрежелі дипломмен Жанар Бекенова марапатталды. Марта Нетекова мен Әлия Нұралы екінші және үшінші дәрежелі дипломды өзара бөлісті.
Әйел-қыздар секторының жауапты ұстазы Зарина Жукенованың шәкірттері арасындағы үздік деп танылғандары арнайы мадақтамаға ие болды. Осылайша, «Үлгілі шәкірт» атағын 62 жастағы Айман Маева, 66 жастағы Рысты Джангулатова және 69 жастағы Сара Сугурова иеленді. Астын сызып айтарлығы, бұл шәкірттер тегіннен тегін үздік атанып отырған жоқ. Мәселен, Рысты Джангулатова орталық «Иманғали» мешіті жанындағы курсқа Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан келіп оқып жүр. Құран сабағы және Тәджуид сабағын сәтті аяқтаған ол енді Құран оқу кезеңіне аяқ басып отыр. Сара Сунурова апамыз ота жасатып шықса да, денсаулық жағдайына қарамастан, Құран-Кәрімді әдемілеп оқуды өзіне мақсат еткен жан. Айман Маева апамыз да аяғының ауырғанына қарамастан, мешітке алыс шақырымдардан қатынап, үлкен ниетпен сабақ оқып жүр. Және аталған шәкірттердің қай-қайсы да оқуда озат.
Барлық қатысушыларға «Алғыс хат» табысталған рухани сайыс осылайша шәкірттердің білім деңгейін ашық сарапқа салуға мүмкіндік берді.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі.