Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Көшпелі дәріс - Дамбы мешітінде

islam-atyrau.kz/2 тамыз, 2019 жыл. Орталық "Иманғали"  мешітінің ұстазы Ерболат Боханов Атырау қаласына қарасты Дамбы ауылында орналасқан Қызыл балық мешітінде көшпелі дәріс өткізді.

Бұл жолғы дәріс тақырыбы сахаба Сайд Ибн Зейдке арналды.  Сайд Ибн Зейд Алла Елшісінің (с.ғ.с) соңынан ерген ең танымал, беделді сахабалардың бірі. Діни мәліметтерде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жұмақ туралы сүйіншілеген он адамның арасында сахаба Сайд Ибн Зейдтің де есімі аталады. 

Жамағаттың басын ізгілік жолында біріктіруді көздеген дәріс барысында сұрақтарға емін-еркін  жауап алуға да мүмкіндік берілді.

Еске сала кетелік, Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен мұндай көшпелі дәріс Атыраудың мешіттерінде әр аптаның сейсенбі күні сайын өтіп келеді. 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Қиямет күніне иман

«Ақырет»  сөзі – соңғы деген ұғымды білдіріп, дүние тіршілігінің соңғы уақытын, біткенін білдіретін діни термин. 

Аят пен хадистерде ақырет, қиямет, ақырзаманның күмәнсіз болатыны білдіріледі. Мысалы, қиямет – дүние тіршілігінің бітуі, яки бітуіне жақын қалғаны білдірсе, ақырзаман қияметтің жақындауы деген сөз. Дүние тіршілігі тоқтаған кезде қиямет қайым Исрафилдің (а.с) бірінші рет сүр үрлеуімен басталып, екінші сүр үріліп, Аллаһтың құзырына барғанға дейінгі аралықты қамтитын кезең. Қиямет қайымның қалай болатындығын баян еткен аят пен хадистер көп. Бірақ қашан болатындығы беймәлім, оны тек Аллаһ біледі. Ақырет күні болса, Исрафилдің (а.с.) екінші сүр үрлеуімен басталған қайта тірілу, Аллаһқа есеп беру, жаннат пен жаһаннамдағы орындарына бару мен ондағы өмірдің басталуына дейінгі кезең екендігі ислами танымға байланысты еңбектерде келтірілді. Ақырет күніне иман  ету – иман негіздерінің бірі. Оған сену – парыз. Құранда Аллаһқа иман етуге байланысты айтылған аяттарда ақырет күніне иман етуде бірге айтылады. Ақырет күніне иман етуімізді бұйырған аят пен хадистер саны көп болғандықтан, бірнешеуіне ғана тоқталып өтейік:

«(Мұхаммад (с.а.у.) Олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады» ( 2. Бақара-4).

«Кім Аллаһқа, ақырет күніне иман ететін болса және ізгі амал жасаса оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды» (2. Бақара-62).

«Бірақ кім Аллаһқа,ақырет күніне, періштелеріне, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар» (2.Бақара-177).

Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.с) да бұл жайында айтқан хадистерінің жеткілікті екені белгілі. Сол хадистерден бір екеуін келтіретін болсақ: «Қиямет күні Аллаһ Тағала арада аудармашысыз сіздердің әрбіреуіңізбен міндетті түрде сөйлеседі. Сол кезде адам оңына қарайды, сонда дүниеде жсаған амалының пайдасын көреді. Сол жағына қарайды ол кезде де жасаған амалынан басқасын көре алмайды. Алдына қарағанда жаһаннамнан  басқасын көре алмайды. Олай болса бір құрманың жартысын болса да, садақа ету арқылы өздеріңді тозақтан сақтаңдар» (Бұхари, Муслим, Тирмизи риуаяттары). 

Кімде-кім ақыретке сенбесе, иман етпеген болып саналады. Діннің жіберілу мақсаты – әрбір адамның ақыретте Жаратушы алдында бұл дүниеде жасаған амалы үшін жеке-жеке есеп беретіндігін ескерту. Сол үшін аятта: «Кімде-кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сенбесе, сонда тым ұзақ адасты» (4.Ниса-136) деп келтіреді. Ақырет күніне байланысты аяттар мен хадистердің мазмұнына мән беріп қарасақ, біз білетін нәрсе секілді көрінгенмен, олар ғайып әлемі болғандықтан нақты айта алмаймыз және ғылыми тұрғыдан дәлелдей де алмаймыз. Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с) хадистерінде қалай айтылса, солай сенумен шектелемізде, көбіне ақылға салып жорамалдап жатпаймыз. Ақыреттегі болатын жағдайлардың аталымы бұл дүниедегі нәрселермен аттас болғанымен заты мүлдем ұқсамайды. Мысалы, Исрафил(а.с) періште сүр үрлейді, адамдар махшар алаңына барғанда олардың бұл дүниеде жасаған амалын тіркеуге алған амал дәптері беріледі. Амалдарын таразыға тартады,  сырат көпірінен өтеді деген кезде осы өмірдегі үлкен, даңғарадай сырнайды елестетсек, тіпті қателескен боламыз. Сол секілді амал дәптері дегенде де күнделікті қолданып жүрген дәптер, яки күнделік, есеп қисап тіркейтін қалың дәптерге ұқсайды деу әбестік болады. Таразыны да біз білетін қол таразыға, электронды немесе басқа да үлкенді-кішілі сауда таразыларына балай алмаймыз. Бұл атаулар бізге таныс болғанымен, болмысы беймәлім. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақырет мәселесі дініміздегі сенімнің негізгі тірегі болып саналады. Құран сүрелерінің басым көпшілігі ақыреттік өмір заңдылықтарына ұдайы сілтеме жасап өтеді. Ақыреттегі ахуалдың қалай болатындығын анық түрде баян етіп, түрлі мысалдармен келтіреді. Мұндағы мақсат пенденің о дүниелік өмірге бұл дүниеден дайындап, жауапкершілік сезімді санасына құю. Құран  аяттарына зер салып қараған кезде ақырет күнін түрлі атаулармен атап, оның соншалықты маңызды екендігін нақыштап келтіреді. Мысалы, Яумул ахир (ақырғы күн), Яумул бағс (қайта тірілу күні), Яумул қияма (қиямет күні), Саат (қиямет уақыты), Яумуддин (дін мен жаза күні), Яумул хисаб (есеп күні), Яумут-тәлақ (қауышу күні), Яумул-хулуд (мәңгілік күн), Яумул хуруж  (шығатын күн), Яумут-танад (айғайға басатын күн) тәрізді т.б. бірнеше атаулармен аталады.

Думан БАЛЫҚШИЕВ, 

«Жылыой мұсылмандар» орталық  мешітінің ұстазы. 

Толығырақ ...

Мақат ауданында рухани шара өтті

islam-atyrau.kz/2 тамыз, 2019 жыл. Мақат аудандық орталық мешітінің бас имамы Біләл Сағындықовтың ұйымдастыруымен жамағат арасында рухани шара өтті.

Жамағаттың өзара бауырмалдығы мен ынтымағын арттыру мақсатында өткен шарада Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов жиналған жамағатқа Алла разылығы үшін жақсы көру жайында және қазіргі мұсылмандарға керек болған  мына бір оқиғаны еске түсірді. "Әбу Идрис әл-Хавляни мына оқиғаны жеткізген. Бірде Дамашықта жүріп, мешітке бас сұқтым. Мешіттің ішінде тістері маржандай жас жігітті дүйім жұрттың қоршап тұрғанын көрдім. Мен ол адамның кім екенін сұрадым. Маған оның Муаз ибн Джабал екенін айтты. Келесі күні мешітке ертерек бардым. Барсам ол менен бұрын жеткен екен. Ол құлшылығын аяқтап болғанда барып амандасып: "Алланың атымен ант етемін, мен сені Алла разылығы үшін жақсы көремін" дедім. Ол: "Алла Тағаланың атымен ант етесің бе?" деп сұрады. Мен "Иә, Алла Тағаланың атымен ант етемін!" дедім. Ол: "Сен шынымен Алла Тағаланың атымен ант етесің бе?" деп қайталап сұрады. Мен "Иә, Алла Тағаланың атымен ант етемін" дедім. Сол кезде ол мені өзіне қарай тартты да, Алла Елшісінің мына сөздерін айтты. "Алла Тағала: "Мен үшін бір-бірін жақсы көретіндерді, Мен үшін бір-бірімен кездесетіндерді, Мен үшін бір-бірінің қалын білетіндерді және Мен үшін ештеңе аямайтындарды міндетті түрде жақсы көремін" деген сөзін жеткізді. 

Шара соңында жамағаттың ынтымақ бірлігі үшін дұға жасалды.

 

Мақат аудандық орталық мешітінің баспасөз - қызметі.

Толығырақ ...