Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас имам республикалық ардагерлер кеңесінде баяндама жасады

        Жақында қаламыздағы Салтанат сарайында республикалық ардагерлер ұйымының кезекті семинары өтті. Жиынға ел бойынша барлық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен қала, аудан әкімдері, еңбек ардагерлері, сондай-ақ түрлі мекеме, ұйым басшылары қатысты.

Толығырақ ...

Пайғамбарға (с.ғ.с) деген сүйіспеншілік – сезімнің шыңы

Пайғамбарлар – Алла тағаланың таңдаулы құлдары. Алла оларды адамдардың арасынан таңдап, әрбір кезеңдегі адамдарға тура жол көрсетуші ретінде жіберген. Олардың саны Аллаға ғана мәлім. Яғни Құранда есімдері аталған пайғамбарлардан басқа да пайғамбарлар бар. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы пайғамбарлардың ең соңғысы әрі мәртебесі ең жоғарғысы. Құран Кәрімде Алланы сүю үшін және Оның сүйікті құлы болу үшін Пайғамбарымызға бой ұсынуды бұйырған. Ал, пайғамбарға бой ұсынудың жолы оған деген сүйіспеншілігіміз арқылы көрініс табады. Ақынның тілімен айтатын болсақ:

Махаббаттан Мұхаммед болды пайда,

Мұхаммедсіз махаббаттан не пайда?

Яғни жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін Пайғамбарымызды шынайы сүю және бар махаббатты арнау болып табылады. Жаратушы иеміз Пайғамбарымызға сол үшін «Хабибім» яғни сүйіктім деп айтқан. Құран Кәрімде де Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілік бірнеше аяттарда көрсетілген.

Мұса пайғамбар: «Раббым! Көңлімді кеңейткейсің!» (Таха, 25) деп дұға еткен болса, пайғамбарымызға: «Сенің көкірегіңді кеңейтпедік пе?» деп бұйырған. Хазіреті Ибраһим пайғамбар: «Мен Раббым жаққа кетемін. Ол, маған тура жолды көрсетеді» (Саффат, 99) деген болса, пайғамбарымыз жайында: «Бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін құлын (Мұхаммедті) Мешіт Харамнан біз айналасын мүбәрак қылған Мешіт Ақсаға апарған Алла әр түрлі кемшіліктен пәк» - деп баяндайды (Исра, 1).

Нұх пайғамбар қауымына жіберілген кездегі алғашқы айтқанын: «Расында Нұхты еліне «Қауымыңды күйзелтуші азап келуден бұрын қорқыт» деп жібердік» (Нұх, 1) деген аятпен ескертіп, қауымын азаппен қорқытқан еді. Бірақ Алла Расулі (с.а.у.) жайында: «(Мұхаммед ғ.с.) Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік» (Әнбия, 107) және «Расында сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді. Оған қиналуларың ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүминдерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді» (Тәубе, 128) деген аятпен пайғамбардың үмметіне өте жұмсақ екендігін әрі мейіріммен қарым-қатынас жасайтындығы хабар берілген.

       Хақ пайғамбарға деген сүйіспеншіліктері шын жүректен әрі уыздай пәк еді. Халқымыздың ғасырлар бойғы жүрек үнін паш еткен өлең-жырларына үңілсек, олардың Алла Тағаланың:  «(Уа, Мұхаммед, оларға айт:) «Егер Алланы жақсы көрсеңдер мені үлгі етіп алып, соңымнан еріңдер, сонда да Алла Тағала сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Алла Тағала тым кешірімді, әрі аса Рақымды», – деген бұйрығына бас игендігін көреміз. Демек, Алланы сүю – Пайғамбарды сүйіп, оның салған тура жолымен жүру деген сөз. Оның ізі – Алла Тағаланың ризалығына алып баратын ең тура бағыт. Оның ізі – бақыттың жолы.  Сүйікті, пайғамбарымыз мінез-құлықтың ең жоғарғы шыңына жетті. Құран Кәрімде: «Шын мәнінде сен ұлы мінезге иесің» (Қалам, 4) деп, оның мінез-құлқының жоғары деңгейде екендігін баяндап тұр. Алла тағала басқа пайғамбарларға: «Әй, адам! Әй, Ибраһим! Әй, Мұса!» деп есімдерін атаса, пайғамбарымызды (с.а.у.) «Әй, Нәби! Әй, Расул!» деп шақырған. Бұл деген сөз Алла тағала құзырында пайғамбарымыздың мәртебесінің биік екендігінің айғағы. Сондықтан біз оны (с.а.у.) аса сүйіспеншілікпен құрметтеуіміз керек.

 

Асыланбек Есқайыров,

 

Тұрғызба ауылдық мешітінің имамы

Толығырақ ...

Жат мейрамның қасіреті

Қазақ  халқы  бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қазақтың дәстүрлі тәрбиелік  үлгі-өнегелері  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған.

         Халық даналығы балаларды  имандылыққа, еңбексүйгіштікке, ар-намысқа, адамгершіліктей  асыл қасиеттерге баулиды. Мәселен, «Білімсіз бірді жығар,білімді мыңды жығар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Жаман үйді қонағы билейді» сияқты мақалдардың тәрбиелік маңызы зор.

      Алайда елімізде жылма-жыл 31 қазан күні қаласақ та, қаламасақ та қазақ күнтізбесінде бейресми мереке болып өз орнын алып үлгерді. Қазіргі таңда хэллоуинді кәдімгідей атап өтеді. Қайта тірілген өлілер кейпіне еніп, түрлі киім киінгендер бұл күні Батыс елдеріндегідей үй-үйді аралап, тәттілер сұрамаса да, сорақылық жөнінен қасылар емес. Хэллоуин сөзінің мағынасы “мереке қарсаңындағы күн” дегенге саяды. Олай дейтін себебі, 9-ғасырда  Папа-3 Григорий  барлық әулиелер күнін тойлауды 13 мамырдан 1-қарашаға ауыстырады. Сол кездерде бұл күнді жыл бойына өз мейрамдары болмаған әулиелерге бағыштаған. Мереке қарсаңындағы күн (31 қазан) ескі ағылшын тілінде «All Hallows Even» немесе  «All Hallows Eve» («Барлық әулиелер кеші») деп аталған. Кейінірек атаулар «Hallowe’en» немесе  «Halloween», яғни Хэллоуин деп өзгертілген. Яғни, бұл күн – қайта тірілетін әулиелерді қарсы алуға дайындық күні.

     Біреудің «қаңсығы» - біреуге таңсық демекші, елден-елге жайылған бұл мейрам бізге жеткенше сан түрлі ырымдар мен сорақылықтарды жинай келіп, талғамсыз қоғамымызға тез-ақ сіңіп кетті. Мысалы, бассыз шабарман аңызынан қалып кеткен от жанған асқабақты бұл күндері біздің көшелерден де көре аласыз. Болмаса қараңғы көшеден тап берген түрлі құбыжықтарға тәттілер бермесеңіз, оңайлықпен құтыла алмайсыз. Қызық көріп қызынған жастардың «бұның бәрі дінімізге қайшы әрекет емес пе» ойланбауы қынжылтады. Әбу Дәудтің: «Кім бір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан саналады» деген хадисін еске алсақ, пұтқа табынушылар мен жын-шайтандарды тірілту қамымен қансорпа болған қиялилардың бұл әрекетін бұрыс дейтін біреу табылар ма?! Сонау ықылым заманнан бері қызына қырық үйден тыйым салып, ұлына ұлағат ұқтырған қазақ елі бұндай мерекені бір-ақ сөзбен “жынойнақ” деп атаған. Десе дегендей келбеті мен кескінін жындар мен шайтандарға ұқсатқандардың жынойнағынан ұлтымызға зиянынан басқа пайдасы бар ма?

    Атам қазақтың «Ауырып ем іздегенше, айырмайтын жол ізде» деген нақылға дер кезінде құлақ түріп, хэллоуинге қарсы шара қолдансақ, түптің түбінде бармақ тістеріміз сөзсіз.

 

Ажок Сарсекеев,

«Нұрқас-Сатыбалды» мешітінің

 

бас имамы 

Толығырақ ...

Ислам дініндегі некенің қадір-қасиеті

БисмиллахирРахманирРахим! Неке – отбасын құру және ұрпақ жалғастыру ниетіндегі үлкен іс. Ол адамның жаны мен ақылын адасушылықтан қорғай келе сезімді басқарады. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың «Үйленуге мүмкіндігі бола тұрып, үйленбегендер, менің үмметімнен емес» деген хадисі бар. Сондықтан, әрбір мұсылманға неке қиып, отбасын құру – мұсылмандық белгісі. Ол үшін, нақты шешім қабылдану керек. Байлығы мен тұлға әдемілігі, кербез сұлулығына қарап неке құрмай, мейірімді де қайырымды, жомарттығы мен рухани құндылықтарын ескеретін неке болуы тиіс. Ал, ойланбай құрылған неке қоғамдағы бірінші әйелдердің қиналысы болады, одан жетімектердің көбейеді, отбасыға көптеген ауырпашылықтар келеді.

          Ойланып, келісілген неке Алланың еркімен болғандай болмақ. Дегенмен, қазірде заманның бір үлгісі ретінде материалдық құндылықтар алға қойылып, рухани байлық көзге ілінбеуде. Тіптен, құда түсуде жастардың өмірлеріне қажетті мінез – құлықтары қаралмай, үй – жайы, білім қағазы, көлігі, ұялы телефоны, жаңа үлгідегі киімі және тағы да басқа дүние — мүліктерінің өлшемін ескертіп жатады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пен Айшаның (р.а.) тағамы болмаған көп кездер мен сәттердің болғанын әйелі Айшадан (р.а) риуаят етілген хадистерден білуге болады. Ертеде ата – бабаларымыз шаңырағын өзара түсіністікпен, бір – біріне деген махаббат сезіміне деген құрметпен негізделе құрылған. Оны дүниеге әкеп тіреудің қажеті жоқ. Әрине, оның өмірімізде алатын орны баршылық, алайда рухани құндылықпен араластырмау қажет. Осы ретте мына бір жағдай еске түседі. Күндердің күнінде ісі оңға басқан бір саудагер үйіне құр қол оралады. Әйелі күйеуіне кешкі асын беріп отырғанда, оның оң көзінің сол жағына қарай қисайған кемшілігін бетіне баса айтады. Әйелінің бұл сөзіне қатты ызаланған күйеуі: «Біздің отау құрғанымызға бірнеше жыл болды, сол уақыттан бері менің көзімнің кемшілігін бүгін ғана байқап отырсың ба?» — депті. Сонда әйелі: «Сізбен отау құрғалы бері мен сенің көздеріңе көңіл бөлмей, тек үйге алып келген дүние – заттарыңа назар тастап, қолыңа ғана қарадым. Бүгін сіз құр қол келгендіктен, жүзіңізге қарап, көзіңізге көзім түсті» — деген екен.

Жанұя мемлекетті құрайтын үлкен тетіктер. Ал, осы тетіктер үйлесіммен үлкен игі бастамадағы мемлекетті іске қосатын рухани байлықтар. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Ақиқатта адам үйленгенде үш түрлі ниетпен үйленеді. Біріншісі имандылығы, тәрбиелілігі, мінез – құлқы, парасаттылығы үшін. Екіншісі дүние – байлығы үшін. Үшіншісі сұлулығы үшін. Сіздер діндарлығына қарап үйленіңіздер, әйтпесе өз – өздеріңізге зияндық істеген боласыздар» — деген. Сондықтан, мұсылман адам кіммен некеге отыратынын білуі мен таңдауы болу қажет. Некеге отыратын мұсылман ері мен әйелі өзінің құзырлықтарын, оның болашағын ойша нақтылаған жөн. Мұсылман ері мен әйелі шынайы қасиеттегі тұлғалар болса, игі жақсы. Құдайдан қорқып, діндарлықпен қол ұстаса бірге жүру – үлкен қажеттілік бейнесі. Мұсылман ері алдында некелескен әйелін барлық қажеттіліктермен яғни баспанамен қамтамасыз ету, тамақтандыру, киіндіру міндеті бар. Ал, өз кезегінде мұсылман әйеліне келесі міндеттер жүктеледі яғни күйеуіне бағыну, күйеуінің ата – анасы мен туыстарын құрметпен сыйлау, басқа бөтен ер адамдардан өзін қорғау, күйеуі ұнататын киім кию және иіс суды қолдану. Күйеуінің жиған – тергеніне ие болу. Тіптен, күйеуі әйеліне бөлектенуді сұраса, еш қарсылықсыз бағыну (етеккірі болмаса). Бұл жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тұсында болған бір тарихи жағдайды айта кеткен жөн. Алыс жолға жиналған күйеуі әйеліне барлық керекті қажеттіліктерімен толық қамтамасыз етеді де әйелінің үйден шықпауын бұйрық етеді. Біраз уақыттан кейін, әйелдің екі туған ағалары әкесінің қатты науқастанып, әл үстінде жатқанын хабарлайды. Не істерін білмесе де, әйел күйеуіне үйден шықпау туралы ант бергенін ағаларына айтады. Сәл уақыттан кейін, әкесінің қайтыс болғаны туралы хабар келеді. Күйеуін құрметтеген әйел, әкесін жоқтаса да күйеуінің жазасын ұстанып, туған әкесінің жерлеуіне бармайды. Біраз уақыттан кейін сапардан күйеуі келеді. Әйелдің ағалары болған жағдайларды айта Пайғамбарға жүгінеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл әйел күйеуінің жазасын ұстанды және күйеуінің айтқан сөзін құрметтеді, мұнысымен өмірдің бар жақсылығына ие болады әрі жұмаққа барады! – деп жауап берген екен.
Мұсылман әйелі күйеуге шықпастан не мұсылман ері үйленбестен бұрын, әйел не ер адам бір – біріне туыс жақындастықтарын білуі тиіс. Әйел мен ер адамдар махрам және намахрам болып бөлінеді. Неке құруға рұқсат етілмеген адамдар яғни олар туыстық байланыстағы адамдар — махрамдар, ал неке құруға рұқсат етілген адамдар — намахрамдар яғни махрам санатына жатпайтындар. Неке құруға рұқсат етілмеген махрам санатына жататындарды үш түрге бөлуге болады: қандас, сүттес туыстары және неке бойынша жақын туыстары.
         Мұсылман әйелдің бір мезетте жалғыз ғана күйеуі болу керек. Егер күйеуі қайтыс болса, немесе күйеуінен ажырасқан жағдайда немесе идда уақыты (жаңа некеге отыру мерзіміне дейінгі аралықтағы күту мерзімі) аяқталғанда ғана басқа ер адаммен некеге отыра алады. Мұсылман ері отқа, күнге, пұтқа табынушылармен некеге отыра алмайды. Ал, яхудилер (еврей, жөйіттер) және христиандармен неке құруына болады. Кітап түскен қауымдар яхуди мен христиандар неке құру үшін, ислам дінін қабылдау жағдайында ғана рұқсат етіледі. Мұсылман әйелдер қай дінде болсын мұсылман емес ерлерімен яки дінсіз болса да неке құра алмайды. Сонымен қатар, ақша үшін бір уақытта екі некеге отыруға болмайды, оның ішінде азаматтық некеге рұқсат берілмеген.
        Қазіргі Батыс немесе Еуропаға еліктеп, көптеген жастарымыз Алланың алдындағы ең ауыр күнә қатарындағы ер мен ер немесе әйел мен әйел яғни біржыныстық қатынастарға баратындығы кездесіп жүрген жағдай. Қасиетті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Біржынысты адамдардың некесін қарғыс атсын!» деген. Шариғат бойынша ислам мемлекетінің ондай қатынастарға қолданылатын жазасы тек қана өлім. Тіпті, кейбір көптеген мұсылман елдерінде бағытын өзгерткен адамдарға қазіргі таңда өлім жазасы беріліп те жатыр. Ал, қазіргі зайырлы қоғам біржынысты некелерді әдеттегідей қабылдауда. Негізінде, бұл бүтіндей бір рудың тіптен халықтың жоюылуына әкеп соғатын апат. Елбасымыздың «Әр адамның құқығын қорғау Елбасының мүддесі болса да, демография стратегиясы бәрінен жоғары» қазақ халқының көбею мәселесі алғашқы орында.
           Еліміздің заңнамалық актілеріне сәйкес, отау тіккен екі жас азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне тіркелуі тиісті. Бұл мемлекеттік тұрғыдағы неке болғанмен, діни рәсімде де неке қиылуы да өте қажет. Бұл рәсімде неке қиюшы жастарға ер адамның әйелге, әйелдің ер адамға Жаратқан Алланың атымен бір – біріне серттесу куәлік сөздері айтылады. Мұның тәрбиелік маңызы қазіргі жастар үшін, өте зор. Одан мешітке ағылған жастарға құран оқып, некесін қиып, қайтара салмастан бір мезгіл болса да шариғат үкімімен таныстыру, діни уағыз – насихат, бірер хадис айтуды дін өкілдері тарапынан ұдайы талап етіліп жүрген жайт. Ал, енді ислам шариғатының үкімі бойынша, неке қию рәсімі күйеуге шығатын қыздың үйінде қиылғаны дұрыс. Себебі, әкесі қызының некесі қиылмағанша бөтен ер адамға қол ұстатып жіберуі дұрыс болып саналмайды. Бүгінгі кезеңдерде осы үрдіс ұзату халал тойы яғни арақ – шарапсыз өткен тойларда атқарылып жатқаны баршылық. Тойға жиналған көпшілікке де, екі жасқа да осы жерлерде тәрбиелі де ұлағатты насихаттар берілуде.
          Дегенмен, әңгі еліктеудің салдарынан қазір неке қиюшылар мешітке келе бастады. Мұның да өзіндік дұрыс емес жерлері бар. Мешіт – жердегі Құдайдың үйі болғандықтан, бұл жерге ерекше үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Мәселен, екі жас және оның қасына ере келуші жамиғат ішімдік қолданбай келуі, дәретті болуы, әйел заты мен жас қыз балаларының шаштары, денелері толық жабық болуы және де басқа да талаптар көп жағдайда орындалмай жатады. Бұған қоса, сол теріс еліктеудің нәтижесінде жастарымыз той үстінде Алла тыйған ысырапқа өтіп кетіп жатады. Ал, бұл жағдайларды саралайтын болсақ, әртүрлі немесе біртүсті, моделді автокөліктерді қатарынан қойып, шеру құруы және сол шерулік жүруде астамшы қылықтарға бой береді. Тіпті соңы апатқа әкеп соққан жағдайлары да жоқ емес. Және тойда аспанға салют атудан артық күнә жоқ! Бір жағынан ысырап, екінші жағынан атыс – шабыс жақсылықтың нышаны емес. Тарихта Намруд патша көкке садақ атып, «Мен Құдайды өлтірем» деген ақымақтың белгісін көрсеткені ізгі ниетті жандарды безіндіретін жайт. Ислам түсінігі бойынша атыс – шабыс, айғайдан Періштелер қашып, арадан береке кетеді.     Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Үш нәрсемен қалжыңдап, ойнауға болмайды: неке, талақ және ант» — дегені бар. Бұл үшеуі де адам тағдырына әсерін беретін іс – әрекеттер. Көптеген адамдар некесін «Талақ» деген сөздермен ғана шектеп, «Айтсам болды, бұзылады» деген есеппен жүр. Егер де, «Талақ» сөзін айтқан күннің өзінде, ер адамның ажырасу ниеті болмаса, талақ түспейді. Бұған исламда рұқсат берілсе де, неке бұзу дінімізде жақсы нәрсе емес. Мұсылман адамдар қандай жағдайда болсын, отбасын сақтап қалуы тиіс. Өйткені жанұя – мемлекет бөлшегі. Алайда, мұсылманның «Талақ» деген сөзі яғни «Сен боссың не айырылыстық» деген мағынаны білдіретін сөздерді ажырасу ниетімен айтып, некесін үздіруге құқылы. Сүннет пен шариғатқа сүйенсек, некесін бұзбақшы болған мұсылман ері үш ай ішінде яғни әр айда жеке – жеке күйінде «Талақ» сөзін айтуы тиіс. Сүннет бойынша, некесін үздірген мұсылман әйелі кейіннен яғни сол үш айдың ішінде татуласып не болмаса одан кейін болмаса қайтадан ислам дәстүрімен некесін қидыруына болады. Егер мұсылман ері үш реттен бір мезгілде «Талақ» сөзін анық айтса, қайтадан отасу мүмкіндігі болмайды. Кейбір ғалымдардың ерекше қаттырақ айтуларына қарағанда, үш талағын алған әйел сол ерімен қайта неке құра алады, егер әйелі басқа ер адамға күйеуге шығып, онымен біршама уақыт тұрып және некесін бұзып әрі ол адамнан талағын алғанда ғана алғашқы күйеуіне қайтадан қосыла алады. Сонымен қатар, талақ беріп, ажырасу үкімі тек ер адамның құзырында болса да, әйел сот үкімі арқылы күйеуінен ажырасса, ол неке бұзылған болып есептелінеді. Ер адам ашу, ыза, мас күйінде, өз – өзінен ерік кетіп яғни аффект жағдайында немесе тәрбиелеу, қорқыту, түзету мақсатымен бірнеше реттен талақ берсе де, бұл сөздер есепке алынбайды. Бұл жерде мына жағдайға зер салыңыздар. Бір әйелдің табақтағы және қазандағы қалған астың майын жалап жеу әдеті болыпты. Бұл ісі күйеуінің көңіліне еш қонбайды. Көрген сәттерінде бірнеше рет оған тыйым салынса да, әйелі бұл істен еш нәтиже шығармайды. Сонда ері бір күні былай дейді: «Егер табақты жалағаныңды көзіммен көрсем, бір мезгілде үш реттен «Талақ» сөзін еститін боласың» – дейді.
Күйеуінің бұл сөздері әйелінің есінен шығып кетеді. Күнделікті жұмысынан келген күйеуі әйелінің әдеттегі ісінің үстінен түседі. Осымен оның әйелі сөзсіз бөтен әйел бола некелері бұзылған болып саналады. Біршама ғалымдарды аралап, уайымдары күннен — күнге арта түсті, өйткені араларында жеті баласы бар еді. Сөйтіп, бір ғалымға екеуі келгенде, ғалым табақты қалай жалағанын әйелден сұрады. Әйел барлығын көрсете айтып береді. Сонда ғалым: «Сенің «Талақ» сөзің қабылданбайды, өйткені сенің әйелің табақты жалап – жұқтап емес, өзінің тамақ жеген саусақтарын жалап – жұқтады» — деген пәтуамен шығарып салған екен. Мұндай жағдайларда көбінесе отбасы жібінің үзілмеуін қадағалау қажет.
Өз заманының ұлы ғалымы Хасан аль – Басриге бір әйел күйеуінің еш себепсізден соққыға жығатынына шағына жүгініпті. Оған дем салынған кішкене бір тасты көрсетіп, күйеуі ызалана дауыс көтеріп келе жатқан кезеңде осы тасты аузына салуын айтады. Үйіне келген әйел аузына тасты салып, күйеуі ұрыс шығара бастаған кезде, әйел тек басын изей береді. Бұған шаршаған күйеуі ұйқыға жатып қалады. Бұл жағдай бірнеше күнге созыла ақырында екеуі татуласып, жақсы өмір сүріп кетеді. Халқымызда «Қыз – жат жұрттық» деген нақыл бар. Міне, күйеуге шыққан қызына көптеген ата — аналар теріс бағытта тәрбие беріп жатады. Екеуінің орталарына түсе бастайды. Сөйте келе, қызын күйеуінен ажырастырып жатады. Одан қоғамдағы бір шаңырақ ортасына түседі. Орталарында бала болса, оның тағдыры екіге бөлінеді. Бала әке немесе ана сөзіне зар болып, келешекте сондай адамдарға өшігу мінез — құлқына бойын сіңіртеді. Екі жастың арасына тұру – күнә. Расында, қыз баласы танымаған бөтен отбасына барып сіңеді. Сол шаңырақтың отымен кіріп, күлімен шығады. Егер де түсініспестікпен отбасы ыдыраған күннің өзінде әйел мен ер адам, тіпті құйрық – бауыр жесіп, төс қағыстыра мың жылдық болған құдалар да бір – біріне жақсы сөзбен тараса келешекке жақсылықпен қалуы керек.
           Мына адамдардың орталарындағы құпия сырлар өздерімен бірге қабірге кетіп, ешкімге естілмей көмілуі тиіс. Олар: Алла мен Пайғамбардың ортасындағы, әйел мен ер адамның, шынай достардың, ұстаз бен шәкірттің, бала мен ата – ана, бауыр ағайындардың ортасындағы және мәйіт жууға бірге түскен адамдардың мәйіттің денесіне қатысты болған жағдайларды басқалармен бөліспестен өздерімен бірге бұл жалғаннан ала кетуі керек! Кейбір адамдар ер мен әйел ортасындағы төсек қатынасын /тіпті зина яғни некесіз жақындық болса да/ тәркілей басқаларға айтып, оны әшекейлеп басқа біреуге жеткізу, мақтану күнәдан да ауыр және үлкен надандық! Әйел затының Жаратқанның разылығына бөленуі, Жәннеттің есігін ашуы еркекке қарағанда әлдеқайда оңай. Себебі, Алланың әмірін орындай күйеуіне мойысұнғанда, Жәннеттің сегіз есігінен қалаған қалың адамымен кіруіне уәде берілген.
          Құранда Алла тағала ер адам әйел адамды басқарады деген аяты «Ер адам» арабша «Рижаль» делінгендер: иманды, арақ ішпейтін, әйел затын құрметтейтін, ұрып – соқпайтын, адал ырзық табыстағы ерлерді меңзелген. Ал, тапқаны мен ішкені арам, отбасына дұрыс тәрбие бермей әрі ризық нәпақамен қамтамасыз етпеген ер адамдар ер атағына ие болмағандар. Жынысымен ер болса да, тынысымен еркек еместер! Менің айтатыным, бұл жалған өмірде салиқалы әйел немесе жар табу үшін түңгі клубтар мен ойын-сауық ордаларынан іздемей, мешіттер мен имандылық орындардан, текті де тәрбиелі шаңырақтардан сүйікті жарын тауып, дүние қазанында сол асыл қазынамен бірге тату өмір кешіп, бір жастықта қартаюды Жаратқан Алла баршамызға нәсіп етсін! 

 

Ербол Демеуов,

Жылыой мұсылмандар мешітінің

 

қызметкері 

Толығырақ ...

Əрбір амалдағы ниеттің құндылығы

          Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барлық мақтау бізді мұсылмандардан еткен, əлемдердің Раббысы Аллаға тəн жəне  Оның елшісі, пайғамбарлардың сардары, адамдардың ардақтысы -Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың сəлемі мен игілігі болсын!

          Алла Тағала құлдарын не үшін жаратқанын «Зарият» сүресінде: «Мен жылдар мен адамдарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым», - деп баяндайды. Келесі бір аятта «Ол сондай Алла – амал тұрғысынан қайсыларың ең жақсы екенін сынау  үшін өлім мен тіршілікті  жаратты. Ол – тым үстем, аса жарылқаушы», – деген (Мүлк, 2).  Демек, əр адам ізгі амал жасау керек, сол ізгі амалы Жаратқанға тән болған халде Жəннəтқа кіруіне себепші болады. Иə, тек амал жасау ғана емес, сонымен қоса, амалды жасаудағы ниет те маңызды. Егер амал бұйырылғандай жасалып, бірақ ниеті Алла тағаланың разылығынан басқа нəрсе үшін болса, онда ол керісінше Жəннəттан ұзақтатады немесе не мақсат болса соған қол жеткізеді. Одан басқа қарымтасы болмайды. Ол жайында амалдағы ниеттің маңызы жөнінде Мүміндердің әмірішісі Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) Алла елшісінің былай дегенін естідім дейді: «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты және, расында, әрбір кісіге ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Алла мен Оның елшісіне қарай қоныс аударса , ол Алла мен Оның елшісі үшін қоныс аударған (болып саналады) , ал кім мал-дүние табу не бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады).»  (Бұхари, Муслим).

           Сол үшін құл «мен Алланың өзіне мойынсұндым, əрі Одан басқаға құлшылық етпеймін», десе, онда алдымен Алланың бұйрықтары мен тиымдарын үйреніп, кейін оған ниетін дұрыстап алу керек. Кісі егер оразаны салмақ азайту үшін немесе денсаулық үшін ұстаса, онда ол ғибадат болмайды. Сол сияқты егер арақты денсаулығын ойлап ішпесе онда денсулығы ғана мықты болады, ал егер Алладан қорқып ішпесе əрі денсулық, əрі сауап жазылады.

Исламда «рия»деген ұғым бар. Яғни, «рия» кісінің  көрер көзді алдап жасаған амалдары. Мені пəленше көрсін, мақтасын,жақсы көрсін деген сияқты ниетпен болса, ол амал оны ащы азаюы бар тозаққа жетелейді. Өйткені ол Аллаға жасалатын амалды басқаға арнады. Бұл жайында мынадай хадис бар: «Рия ниетімен жасалған əрбір амал құнсыз болып, тек əуре болғаны қалады. Əрі ақыретте берер есебі ауыр. Оны пайғамбарымыз (с.а.у.) былайша баян еткен: Хазіреті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді: Мағынасы: «Қиямет күні ең әуелі сұрақ жауапқа үш түрлі кісі тартылады. Бірі: шейіт болған кісі. Ол Алла құзырына келтіріледі де, оған (дүниеде) берілген нығметтер бірме-бір көрсетіледі, ол да бұны мойындайды. Сосын: шүкіршілік ретінде нендей амал жасадың?,-деп сұралады. Ол: Сенің ризашылығың үшін, Сенің жолыңда шейіт болғанша күрестім,-деп жауап береді. Сонда: айтқан сөзің жалған. Сен батыл екен деп айтсын деп күрестің. Жұрт та сені осылай атады, деп оны сүйреп отырып тозаққа лақтырады».
        «Бірі: білім үйреніп, басқаларды да үйретіп және Құран оқыған кісі. Ол Алла құзырына келтіріледі де, оған (дүниеде) берілген нығметтер бірме-бір көрсетіледі, ол да бұны мойындайды. Сосын: шүкіршілік ретінде нендей амал жасадың? - деп сұралады. Ол: Сенің ризашылығың үшін білім алып, басқаға үйреттім және құран оқыдым,-деп жауап береді. Сонда айтқан сөзің жалған. Сен ғалым екен деген сөз үшін білім алдың, қари екен деген сөз үшін құран оқыдың. Жұрт та сені осылай атады, деп оны сүйреп отырып тозаққа лақтырады».
       «Бірі Алланың кеңшілігіне кенелген, дүниенің барлық түрі берілген кісі. Ол Алла құзырына келтіріледі де, оған (дүниеде) берілген нығметтер бірме бір көрсетіледі, ол да бұны мойындайды. Сосын: шүкіршілік ретінде нендей амал жасадың?,-деп сұралады. Ол: Сенің қош көрген барлық игі істерде қаражат жұмсадым,-деп жауап береді. Сонда: айтқан сөзің жалған. Сен жомарт екен деп айтсын деп жұмсадың. Жұрт та сені осылай атады, деп оны сүйреп отырып тозаққа лақтырады».- деген. (
Муслим, Термизи және Насаи). Көрсетілгендей бұл кісілер соншалықты үлкен іс істеуіне қарамай ниеттерінің дұрыс болмағаны себепті амалдары пайда бермей құрдымға кетті. Ал басқа бір хадисте Әбу Һурайрадан (р.а.): «Расында Алла тағала сіздердің сырт кейіптеріңізге және мал-мүліктеріңізге қарамайды. Бәлкім Алла тағала сіздердің жүректеріңіз бен амалдарыңызға қарайды», - деп (Имам Муслим және Ибн Мажаһ). Жаратушы Алланың ризашылығынан, құлшылықтың сауабынан мақұрым қалмайық. Жасаған әрбір ғибадатымыз тек қана Алла ризашылығы үшін болсын! Амалымыз бен ниетіміз бір болсын!

 

Дастан Сүлейменов,

Жылыой мұсылмандар мешітінің

 

ұстазы 

Толығырақ ...

ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛ – ҚАЗЫНАЛЫ ЕЛ

«Геолог» ауылдық әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Қарттары бар ел – қазыналы ел» атты кездесу өтті. Шараға Атырау қалалық «Қ.Мұңайтпасов» мешітінің бас имамы  Нартай Сүндетов қатысып, саналы ғұмырын ел дамуы жолында сарп еткен қарияларға ыстық лебізін білдірді.

Қарияларға арналып жайылған мерекелік дастархан мен мерекелік концерт көптің көңілінен шықты. Ерекше айта кетерлік мәселе, қариялар келешек ұрпақтың жат ағымнан алыс болып, тура жолмен ізгі ұрпақ тәрбиелеу ісіне үлес қосса екен деген ниеттерін білдірді. Бас имамның Құран оқуымен басталған мерекелік кездесу соңында ақсақалдар бата беріп, ризашылық сезімдерін білдірді. Қатарлары сиреп бара жатқан қарттарымызға қарап, көңіл босаса да, олардың орнын басатын ізгі тақуа аға буындарымыз көбейе берсе екен деген тілекпен тарқастық.

 

ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілдігі,

 

Қ.Мұңайтпасов атындағы мешіттің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Жас келсе іске...

Алла Тағалағаға сансыз мадақтар мен шүкірлер, Әз -Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлеметтер,бір-бірімізге ізет-құрмет болғай.Қазақ елі тәуелсіз ел атанып,Алланың аты ұлықталып,халқымыз хал-хадірлерінше дінге ден қоюда.Міне, осындай ұрымтал сәтті аса шеберлікпен һәм айламен өз пайда- ларына жаратуды ойлаған адасқан ағымдар елдің берекетін кетіруде.

  Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілдігі, оған қарасты мешітттердің имам-молдалары, Атырау облысы дін істері басқармасы да бар амалды жасап бағуда.Соның ішінде Атырау қаласындағы «Өнерпаз» үйінде орын тепкен белгілі ғалым-теолог Қанат Жұмағұлдың басқаруындағы  «Шарағат»  деструктифтік  діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» Қоғамдық қорының теолог-мамандары да біраз   іс тындыруда.

   Жақында аталмыш Қоғамдық қордың қатары Жамбыл облысы, Масаншы елді- мекенде орналасқан «Абдуллаһ ибн Масғуд» атындағы діни медресені жеті жыл оқып келген жас маман Еламан Бегалиевпен толықты.Теолог Еламан Жасөмірұлы ең алғашқы уағыз - насихатын қасиетті Жұма күні Атырау қаласы, Алғабас ауылы, «Мәулімберген» мешітінде бастап, Аллаға, асыл дініміз Исламға деген «Ықылас» турасында тұщымды уағыз айтты.Мешіт имамы Мақсот Бағытжанов пен мешіттің жамағаттары жас теологқа ризашылықтарын білдіріп, алдағы істеріне де сәттілік тіледі. Алла Тағала  Атырау мен Алтайдың арасын мекен еткен бейбіт, қонақжай, діндар халқымызды адасқан ағымдардың арбауынан арылтқай.Әумин!  

ҚМБД-ның Атырау облысы бойынша өкілдігі,

 

«Мәулімберген» мешітінің баспасөз қызметі.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу