"Иманғали" орталық мешіті - ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ
- Бөлім: Бейнероликтер
Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті
Алла Тағалаға мың сан шүкір, қасиетті Құрбан айт мерекесіне де аман-есен жетіп, күллі мұсылман, соның ішінде тәуелсіз Қазақ елі мұсылмандары, қанында діннің асыл қасиеттері бар барша қазақ баласы шат-шадыман тойлап, қуанып «айттап» жатыр.Мемлекет те айт күнінде демалыс жариялап, асыл дінімізді ардақтауда.
ҚМДБ-ның филиалы, Атырау қаласы, Алғабас ауылы «Мәулімберген» мешітіне таң алакеуімнен халық айтқа ағылып келе бастады. Мешітке сыймаған халыққа аулаға арнайы төсеніштер жайылды.Айт намазына дейін «Мәулімберген» мешіті- нің бас имамы Мақсот Бағытжанов Құрбан айт хақында халыққа уағыз-насихат ай- тып, айт намазының оқылу тәртібін түсіндірді.Айтқа байланысты түйткілді мәселе- лерді бір мәрте түсіндіріп өтті.Одан соң «Кең-өзек» селолық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Жүсіп ата Дүйсебаев жиылған жамағатты «Құрбан айт»,-пен құттықтап, ақ батасын ақтарды.Барша жамағат мешіт имамына ұйып, айт намазын оқып, құтпа айтылып, «дүр сілкініп» көтерілген жамағаттар бірін-бірі құшақтасып, «Құрбан айт құтты болсын» айтысып, ерекше сезімге бөленіп жатты. Міне, нағыз Ислам діні, міне нағыз мұсылман -деп, бізде «бір жасап» қалдық. Ұлы Жаратушы иеміз баршамыздың дұға-тілектерімізді, шалып жатырған құрбандықтарымызды қабыл еткей.Қасиетті, қадірлі Құрбан айт мерекеміз құтты болсын, ағайын.Әумин!
Құрбан шалып, құрбандық етін тарату айт намазынан кейін Алла тағалаға жақындау ниетімен орындалатын игі құлшылықтардың бірі болып табылады. Осы орайда «Иманғали» орталық мешіті айттың алғашқы күні 300-ден астам әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі мүгедектер мен асыраушысы жоқ мұқтаж жандарға құрбандық етін таратқан болатын. Игі шара бүгін, айттың екінші күні де жалғасын тауып, 200 отбасыға құрбандық еті берілді.
Бір-біріне жылыұшырай амандасып, құрбандықтың қабыл болуын тілескен ағайын қайырымдылық шараларын өткізуде көптің көңілінен шығып жүрген мешіттің Бас имамы Батыржан Берденұлына алғыс білдіруді де ұмытпай, айттан айтқа аман-есен жетуді тілесіп, үйді-үйіне тарасты.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Шариғи мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ықыласы, тақуалығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисте «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», – әр мұсылман бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Құрбандық шалудың үкімі
Жағдайы бар адамға Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында уәжіп. Оған аят-хадистерден мынадай дәлелдер бар: Алла тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді («Кәусар» сүресі, 2-аят).
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені хадисте айтылған «сүннет» – жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһим (ғ.с.) салған жол деген мағынаны меңзейді.
Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?
Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:
1. Мұсылман болуы;
2. Ақыл-есі бар және балиғат жасына толуы;
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы;
Нисап мөлшері – 85 гр. алтын яки соның құнына тең келетін қаражат.
Ниеттің де сауабы бар. Мұсылман адам амалымен жете алмайтын сауапқа ниеті арқылы жетеді. «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүмінге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» және «Мүміннің ниеті амалынан қайырлы» деген секілді хадистер қай істе де мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылман: «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім», – деген ниетте болса, мейірімді Алла оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады.
Құрбандыққа қандай мал шалынады?
Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
3. Құрбандық мал сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят).
Құрбандық шалудың әдебі
Мұсылман адам Алла тағалаға толықтай мойынсұнған жан. Сондықтан Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алланың белгілеген ере-желері негізінде жасайды. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса, күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан», – деп айтылады («Хаж» сүресі, 32-аят). Сондықтан да Алла Тағала мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды.
Осы тұрғыда Пайғамбарымыз-дың (с.ғ.с.): «…Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисінің астары терең.
Мүмкін болса құрбандық шалатын адам құрбандық малын өзі шалғаны абзал. Дегенмен өкілеттілік беріп, басқа адамға да бауыздатса да болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны дұрыс.
Құрбандық шалған кезде төмендегі жайттарға да назар аударған жөн:
* Құрбан шалынатын жердің таза болуы;
* Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару;
* Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу.
Малды құбылаға қаратып жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн.
* Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.
* Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі.
* Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек.
Құрбандық шалудың уақыты
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізе ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес», – делінсе, басқа бір ха-дисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі
Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі шалған құрбан малының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Тәшриқ тәкбірі
Бұл тәкбір құрбан айт күндеріне ғана тән. «Тәшриқ тәкбірінің» айтылу тәртібі төмендегідей: «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, ләә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу акбар уә лиллаһил-хамд».Мағынасы: «Алла тағала аса ұлық (2 рет), Алладан басқа тәңір жоқ! Алла тағала аса ұлық (2 рет)! Күллі мадақ тек Аллаға ғана лайық!».
Тәшриқ тәкбірінің уақыты Зүл-хижжаның тоғызыншы күні, яғни айттан бір күн бұрынғы «арапа» күні таң намазынан бастап құрбан айттың төртінші күнінің намаздыгер уақытына дейін парыз намаздарының сәлемінен соң айтылады. Бұл тәкбірлерді айту – намаз оқуға міндетті әрбір жанға уәжіп. Мейлі жеке оқысын, мейлі жамағатпен оқысын тәшриқ тәкбірлерін айтуы керек. Егер қандай да бір намаздан кейін тәшриқ тәкбірін айтуды ұмытып кетсе, онда сол күндері оқылатын кез келген намаздың парызынан кейін қаза етіп айтады.
Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеміз?
2016 жылғы 12 қыркүйек күні еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Сондай-ақ, осы айтулы күн Елбасымыздың жарлығымен демалыс күні болып бекітілді.
Айт күні ғұсыл құйынған яғни толықтай суға түсу, әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс пайдаланып, мешітке айт намазына бару – сүннет. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, қолынан келсе, көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады.
Құрметті мұсылман жамағаты! Алла тағала Құрбан айт мерекесінде тілеген барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл еткей! Әмин!
Бұрынғы өткен данагөй бабаларымыз, түс қайтып, қас қарайғанда: «Бір күнім өтіп барады», – деп көкіректері қарс айрылып, өкінеді екен. Онысы– осы өткен бір күнде нендей пайдалы іс бітірдім, немесе бітіре алмадым? – деп өздерінен есеп ала- ды екен.Себебі, Алла тағаланың әр таңы мен батқан әр түні үшінақыретте сұраларымыз анық. Біз бұл дүниеге тек ішпек, жемек үшін келген болсақ, онда айуаннан айырмамыз қандай, ағайын? Және жасырып-жабары жоқ, «ертең нешінші күн?», «пәленшенің тойы, түгеншенің садақасы қашан?» – деп, болмаса «жалақы мен жазғы демалысты» уайымдауменен уақыт өтіп жатқан секілді.Құлшылық –ғибадат, ақирет уайымы қайда?..
Жаратушы Раббымыз қасиетті Құран-Кәрімде: «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым»,– дейді. Ардақты елші Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ертең істеймін деген адам алданды», –деп уақытты алдаудың мүмкін емес екенін ескертеді.Яғни, бір күніңді текке өткізіп, «уақыт өлтіргеннен»өзге түк бітірмеуді меңзеп тұр.
Имам Шафиғи:«Уақыт өткір қылыш секілді.Сен оны кеспесең, ол сені кеседі.Біз уақытты айыптаймыз.Алайда айып бізде.Егер уақыт сөйлей алғанда, ұялғанымыздан қашатын жер, кіретін саңлау таппай қаларымыз анық», – деген екен.
Абай (Ибраһим) атамыз:
Бір күнді бір күн қуалар,
Бір сәт дамыл еткізбес.
Бір ойды бір ой қуалар,
Желге мінсең жеткізбес, – деп уақыттың ұшқыр ой-қиялдан да жүйрік екенін есімімізге бір салып өтеді.Жалпы, жер-қиянның білімін тауыссақ та осы данышпан Абайлар мен ар мен намысты алға қойған аталарымыздан асырып айта алмаспыз.Дегенмен «шәлдүр-шүлдір» сөйлеп, «шимақтап» бірдеңе жазғандай болып жүрміз, қайтейік?
Мұзбалақ ақын, Мұқағали Мақатаев отты жырларының бірінде:
«Алдандырып әлдилеп кеше-бүгін,
Неше жылым өтті екен, неше күнім?
Қаншама ойлар қалды екен қаза болып
Жастығымның астында төсегімнің?
Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала-жансар өлімменен,
Қанша менің өлді екен уақытым.
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!», – деп оймақтай ой тастайды.
Ойланайық, ордалы ағайын...
Мақсот Бағытжанов,
«Мәулімберген» мешітінің бас имамы.
Атырау қаласы, Алғабас ауылы.
12-ші қыркүйек күні Исатай аудандық «Зинеден Құрасұлы» мешітінде Құрбан айт мерекесі аталып өтті. Таңертең айттан бұрын ауданның бас имамы Қ.Бақтығұлов құрбандық туралы уағыз айтып, одан кейін айт намазын оқыды. Жамағат мешітке сыймай лық толды. Айт намазынан кейін құрбандық шалынып, спорттық шараға жалғасты. Түрлі спорт түрлері өтіп оның ішінде қызықты болғаны желкеге салып қой көтеру болды. Сайысқа түскен жігіттердің ішінде мықтысы 16 жасар Алшанов Құрманғазы үздік болып қойды иеленді. Ауданның бас имамы Қ.Бақтығұлов жеңімпазды құттықтап, одан әрі мешіт ауласында айт мерекесіне құрылған киіз үйдегі дастарға жалғасты. Киіз үйдегі дастарханда аудандық ақсақалдардың төрағасы Қадимов Жұмажан аға, ауданның ардагері Беккалиев Сақтай аға, аудандық ішкі саясат басшысы Шағиров Саябек,ардагер ана Аманбаева Маруся апа өз құттықтауларын білдірді. Дастархаға 100 астам адам болды. Мешітте шалынған құрбандық малдың еті жоқ-жетік адамдарға 150 отбасына таратылды. Бас имам Қ.Бақтығұлов спорттық шараны өткізіп және бас жүлдеге өзі демеуші болған Жұмабеков Асхатқа, мештіке кииіз үй алып берген көптеген көмек көрсетіп жүрген Аманбаев Алмасқа өз ризашылығын білдірді. Мешітке жиналған ақсақалдар, жамағаттар бас имам Қ.Бақтығұловқа да өз алғыстарын айтты.
"Зинеден Құрасұлы" мешітінің
баспасөз қызметшісі.