Мешіт ақсақалдары жұма шайында бас қосты
- Бөлім: Жаңалықтар
10-ақпан күні мешіт ақсақалдары жұма шайында бас қосты. «Ауылда қарияң болса, жазып қойған хатпен тең», – демекші, қария – халық қазынасы. Сондықтан да халқымыз ақсақалын қадірлеп, ақ батасын алуға ерекше маңыз берген. Ата дәстүрімізбен сіңісті асыл дініміз де үлкенге құрмет, кішіге ізетті болуды үндеп, бауырмалдық пен сыйластықты насихат етеді.
Осы орайда дін мен дәстүрдің ұштасқан озық үлгісін жандандыруда игі, қайырлы істерге ұйытқы болып жүрген ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы жұма сайын мешіт қарияларының (жамағат) басын қосып, дастархан жаюды жолға қойды.
Дәстүрлі түрде, әрбір жұма сайын өтіп тұратын жұма шайының бүгінгі тақырыбы қоғамдағы жастар тәрбиесіне арналды. Қариялар қауымы байырғы қазақ отбасындағы тәрбие мәйегі – ата-баба өнегесінің өміршеңдігі туралы сөз өрбітіп, өз пікірлерімен бөлісті.
Жиын соңында ақсақал қариялар осындай қайырлы іске ұйытқы болған имамның оң бастамасына ризашылығын білдірді.
Гүлбану Нұрымқызы,
«Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі
