Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Шынайы ілім тура жолға бастайды

Шынайы ілім тура жолға бастайды

«Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» ,- де.

Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады

(Зүмәр сүресі, 9 аят)

 

       Асыл дінмізде ілім-білімге өте көп мән беріледі. Ақиқатында, ілім – тура жолмен жүріп, тақуалық биігінен көрінудің кепілі. Өйткені, барлық ғибадат-құлшылықтар тек қана ілім арқылы жүзеге асады.

      Қасиетті  Құран Кәрімде «ілім» сөзі 105 жерде кездеседі. Ілімнің адамзат өміріндегі маңыздылығы сондай ең алғашқы Құран аяттары, яғни «Алақ» сүресінің алғашқы аяттары пайғамбарымызды (с.ғ.с) оқуға бұйырған. Біз бұған қарап адамның адам болуында оқудың, ілімнің аса маңызды құндылық екенін байқаймыз. Асыл пайғамбар (с.ғ.с.) өз хадистерінде тал бесіктен жер бесікке дейін ілім іздеудің қажеттілігін атап көрсетеді.

     Ілім – адамзатты қараңғылықтан жарыққа шығаратын рухани күш-қуат. Себебі ілім арқылы адамзат Жаратушыны таниды, Жаратушыны тану арқылы көптеген екі дүние бақытына ие болады, барар мекені жаннат болады.

Дана халқымыздың ілімге байланысты даналық сөздері өте көп. «Ілімсіз адам – шайтанның құралы», – демекші ілімді адам өз қоғамына пайдасын тигізіп, зияннан сақтайды. Бұл айтылған сөздердің бәрі де ілімнің пендеге ауадай  қажет екен айтып көрсетеді.

    Сондықтан, құрметті бауырлар! Шынайы мұсылманның Алланың үміті мен қорқыныш арасында өмір сүретінін ұмытпайық!Адал мен арамның ара-жігін ажырата аларлық сауатты болайық!

Ілімсіз адам надандығының кесірінен көп қателіктерге бой алдырады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) ілімді жоғары қойған, және оны сүннетінің негізіне айналдырып, үмметіне туралықтан айнамас ілім жолын салып кеткен. Олай болса бауырлар, тура жолдан адаспай, ілімімізді кемелдендіріп, нұрландырар Құран  мен сүннет сынды тура жолдың қайнар бұлағынан сусындайық!

 

Арман Урумбаев,

«Иманғали» орталық мешітінің азаншысы

Толығырақ ...

«Шапағат» қоғамдық қоры ауызашар дастарханын жайды

«Шапағат» қоғамдық қоры ауызашар дастарханын жайды

Күллі әлемдердің Раббысы Жаратушы Жаппар иеміздің исі мұсылманға нәсіп еткен қасиетті Рамазан айының парыз болған оразасы өлшеусіз сауабымен ерекшеленеді. Және, адамзаттың  ардақтысы, ақырғы елші  Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): өлмес, өшпес хадистерінде «Рамазан айының алғашқы онкүндігі – кешірім, ортасы – рахымдылық, соңғы онкүндігі – тозақтан құтылу», –деп, оразаның қадір-қасиетін баян еткен.

  Міне, биылғы оразаның ортаңғы онкүндігі, мамыр айының 13-і күні «Шапағат»  деструктивті  діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» ҚҚ-ы Алғабас ауылдық «Мәулімберген»  мешітінде ауызашар дастарханын жайды. Берекелі дастарханға облыстық Дін істері басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Шарапиденұлы, «Шапағат»  деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» ҚҚ-ы басшысы орынбасары Ербол Жаулин, Батырбек Убаев, Мейіржан Рахматулла, Аманкелді Оразов сынды белгілі теолог мамандар, ауыл ақсақалдары мен мешіт жамағаттары қатысты.

Мақсот Бағытжанов бастаған мешіт ұжымы мәртебелі меймандарды жылы қабылдап, қонақжайлық танытты. Дастархан басында уағыз-насихаттар мен ақжарма тілектер айтылды.

Дастархан басында Бақытбек есімді қайырымқол бауырымыз 100 000 теңге көлемінде қайырымдылық көмегін ұсынып, бас имам М.Бағытжанов аталмыш қаржыны Жеңіс және Тұрар есімді мешітіміздің мұқтаж жамағаттарына теңдей бөліп берді. Ауыл ақсақалдары Өтеш және Жұбаныш аталарға сыйлыққа жайнамаз берілді.

Дастархан соңында Жаңабай атамыз батасын беріп, жамағаттар жақсы көңіл-күймен тарқасты.

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша  

өкілдігінің баспасөз қызметі,

Алғабас ауылдық «Мәулімберген» мешіті

Толығырақ ...