Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Батыржан МАНСҰРОВ: Жасанды түсік – қоғам дерті

Жер бетіндегі күллі жанды нәрсенің баршасы босқа жаратылмаған. Оның ішінде ақыл нығметі берілген адам баласының жауапкершілігі өз алдына. Ойлап қарасақ, ақылы бойында, иманы жүрегінде, ар-ұяты үстем болған жан әрбір жасар ісіне ден қойып, пайым-парасатымен таразылап, жауапкершілікпен қарайды. Оның дұрыстығы мен бұрыстығына терең көз жүгіртеді. Сондай-ақ, болашағын ерте ойлап, өткен күндеріне өкінбес үшін аяғын аңдап басады. Бұл әрине ұядан тәрбие көргендіктің, жұдырықтай жүрекке иман нұры түскеннің және шын мұсылманшылықтың белгісі.

Десекте өмір соқпағында қадамын шалыс басып, қателікке бой алдырған жандар жетіп артылады. Әрине, оның көрінісін сонау алыстан емес, өзіміздің айналамыздан кездестіруге болады. Күнделікті ақпарат ағындарынан жағымды жаңалықтан гөрі азғындық істер жарыса жазылып, теледидар беттерінен сүйінші сұрағандай беріліп жатады. Шындап келгенде, мұны мақтанып айтар жетістік емес екенін көзі қарақты кез келген пенде біледі.

Сондай қоғамның өзегін өртеп, жегідей жеген жат нәрсенің бірі – қыз балалар арасындағы түсік жасату ісі. Өкінішке орай, бабасы түсінде көрмеген осындай жексұрын әрекеттер қазақ қоғамын ентелей жайлап, кейінгі ұрпақ қолымен жасалып жатқанына қарап, қарныңның ашқанына емес, қадіріңнің қашқанына кәдімгідей налисың.

«Әлімсақтан бері мұсылманмын» деген кешегі бабаларымыз Құранның әміріне, пайғамбар өсиетіне өне бойы бағынды. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дегенді өміріне өзек етті. Бар өмірі мен тіршілігін, күнделікті әдет-ғұрпын соған сай қалыптастырып, өскелең ұрпағына өнегелі із қалдырған-ды.

Алла Тағала адам баласын ең ардақты етіп, көркем бейнеде жаратты. Өсіп-өну үшін ризық-несібесін беріп, құлдарына дүние қызықтарын көруді бұйыртты. Алланың соңғы елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттеpдің алдында мақтаныш етемін». Осы аталған хадис бізге мынаны жеткізеді. Яғни, өмірде теңін тауып, шариғат жолымен шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүю – Алланың берген сыйы екенін жазбай түсінеміз.

Бірақ… дейміз-ау. Әлгінде ғана сөз еткен түсік жасату сынды жиіркенішті іс адамзат болмысына өшпес өкініш туғызары сөзсіз. Бүгінгі қоғамымызда жастар «азаматтық неке» деген желеумен немесе ардан аттап, ессіз әрекет салдарынан бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қылықтарға баруда. Ата-анасынан сескенген, ауылдағы ағайынынан қымсынған, тығырыққа тірелген нәзік жан түсік жасатуға еріксіз барады. Осылай күнәсін жасырып, жауырды жаба тоқуға тырысып бағады.

Тіпті, кейбір ақ некелі ерлі-зайыптылардың өзі баланы бағып-қағудан қорқып, өзара шешіммен түсік жасатуға бел буып жатады. Әрине, шариғат заңы бұл аталған әрекеттердің ешбірін құптамайды. Өйткені, некесіз бас қосу, онан көтерген жүктілік немесе ерлі-зайыптылардың сәби нәсібінен қорқып, «жасанды түсік жасату» байламына келуі Алла қойған жүйеге толықтай қайшы. Себебіне тоқталайық…

Алла Тағала адамзатқа былай әмір етеді: «Зинаға жақындамаңдар. Ол масқаралық, бұзықтық» («Исра» сүресі, 32-аят). Аяттың мағынасына мән берсек, Алла Тағаланың «зина жасамаңдар» деп бұйыруы «зинаға жақындамаңдар» дегені. Яғни мұндай арсыз істен алыс болуды бұйырып тұр. Демек, зина жасау – дінімізде үлкен күнә.

Екіншіден, ешбір себепсіз түсік жасату дінімізде дұрыс емес. Ресми тіркелген дерек бойынша Қазақстанда жыл сайын 170 мыңнан астам сәби жасанды түсіктің құрбаны болады екен. Мамандардың айтуынша, құрсақтағы шарана операция кезінде жанталасып пышақтан қашатын көрінеді. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 80 млн.-ға жуық әйел жоспарсыз жүкті болады екен. Соның 20 млн.-ға жуығы жасанды түсік жасататын көрінеді. Соның салдарынан жыл сайын 80 мың әйел көз жұмады. Бұл үрей тудыратын жағдай.

Құранда Алла Тағала: «Кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да сендерді де қоректендіреміз. Расында оларды өлтіру зор (үлкен) қателік», – дейді («Исра» сүресі, 31-аят). Әрине, Алла тыйым салған әрбір істе адамзат үшін бір зияндылықтың бары ақиқат. Ішімдік адам өміріне және денсаулығына қандай зиянды болса, жасанды жолмен түсік жасату да сондай зардапты. Бойына біткен баланы алдыртқан нәзік жанды сәбиін өлтіргенімен қоймай, Алланың адамға берген үлкен сыйы болған денсаулығына да едәуір қиянат жасайды. Соңғы кезде ел ішінде әйелдер ғана емес, тіпті кәмелетке толмаған жасөспірім қыздардың да түсік жасатуы жиілеп кеткенін БАҚ өкілдері жариялауда.

Түсік жасату хирургиялық әдіс болғандықтан оның берер зардаптары да орасан. Мамандар түсік жасатқан қыздар екінші рет жүкті болу мүмкіншілігінен 20%-ға айырылатынын айтады. Сондай-ақ, аборт жасатқаннан кейін балалы болудың өзі сирек кездесетін құбылыс екенін атаған. Тіпті, бала көтергеннің өзінде кемтар сәбиді өмірге әкелетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеген.

Иә, бұл өмірде бір перзентке зар болып жүрген жандар қаншама?! Оны айналамыздан кезіктіре аламыз. Дегенмен, сұратпай берген Алланың сыйын місе тұтпайтындар тағы бар. Құрсағына біткен перзентін жасанды жолмен қырып алуы – Құдай берген нығметке қарсылық болып табылады. Ар-ұят алдында да айықпас дерт.

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өз балаларыңды бағып-қағудан қорқып, ризығын тауып беруді қиынсынып, оны өлтірмеңдер», – деп жасанды түсік жасату әрекетіне қатаң тыйым салған. Өйткені, Алла ананың құрсағындағы перзенттің тағдырын, өмірін, ризығын оның төрт апталығы кезінде белгілеп қояды. Сондықтан, ананың құрсағындағы баланы алдыру – ауыр күнә. Демек, ол – қылмыс.

Мәзһабымыздың имамы Әбу Ханифа және көптеген ислам ғалымдары түсік жасату харам, кісі өлтіргенмен бірдей деп үкім берген. Бірақ, білікті, бірнеше дәрігердің анасының өміріне айтарлықтай қауіп төнгенін анықтап, дәлелді түрде айтқан жағдайда ғана (анасын аман алып қалу мақсатында) шариғат түсік жасатуға рұқсат етеді. Мұндай жағдайда ислам ғалымдарының кейбірі шаранаға жан бітсе де алдыруға болатынын айтқан («Қадаиә фиққииә муғасира», 3-том, 123-бет, Каир).

Аттың жалында, түйенің қомында жүрген байырғы бабаларымыз дархан байтақ жеріміздің о шеті мен бұ шетін жаудан қорғап, бүгінгі ұрпағына жеткізді. Ұшса құстың қанаты, шапса аттың тұяғы талатындай ұлан-ғайыр даламызды қорғау бізге берілген баба аманаты. Дана халқымыз: «Ұл бала – ұлттың намысы, қыз бала – ұлттың ұяты» немесе «Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге» деп ұлағатты сөздер қалдырған.

Әрбір қыз баласы, ол – ертеңгі ана. Ал, ана бір қолымен бесікті, екінші қо-лымен әлемді тербететін қасиетке ие. Аруларымыздың некесіз бала көтеріп, құрсағындағы шарананы жасанды түсік жолымен алып тастап жатқаны, әрине, қоғамымыз үшін қасірет емей немене?! Демек, ұлт болашағы, ұрпақ жалғасы болған қыздарымызды аждаһадай жалмап бара жатқан «некесіз қаты-нас», «жасанды түсік жасату» мәселесіне бей-жай қарауға тағы болмайды.

Мұның барлығының негізгі дерті – имандылықтан алыс болудың нәтижесі. Егер отбасы, ошақ қасында әрбір ата-ана ұл мен қызға обал-сауап, жақсы-жаман дегендерді үнемі айтып отырса, мұндай лас әрекеттер қоғамда орын алмас еді. Арды таптап, ел болашағына қауіп төндіретін осындай опасыз індеттен айығу үшін ұлттық тәрбиенің де рөлі зор.

Бабаларымыз әу бастан қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Қызының өзі үйде, қылығы түзде» болатынын білген аталарымыз «қызға қырық үйден тыйым» салған. Сондықтан біз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуіміз» керек. Ең алдымен, жастардың бойына рухани тәрбиенің дәнін егіп, имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеуге міндеттіміз.

Атам қазақ: «Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады» деп хайуанекеш хайуанның өзі нәпақасыз қалмайтындығын меңзеп кеткен. Демек, мұның жанында ақыл иесі – адам баласы ар-абыройын аяқасты етпей адал, ақ некесімен дүниеге сәби әкелер болса, бұл сол отбасының да, еліміздің де бақыты емес пе! Ал, дүниеге келген сәби ризық-несібенің артуына себеп болады. Шал ақын: «Перзент сүймей адамның мейірімі қанбас» десе, хакім Абай: «Адамның бір қызығы бала деген» деп дүниеге сәби әкелудің нағыз бақыт екенін айтқан.

Түйіндей келе, жанұя, қоғам болып жасанды түсікті жасатудың жолын емес, сол жолға қыз балаларды апармаудың мәселесін қарастыру керек. Сондай-ақ, жастарымызды имандылыққа, адамгершілікке, арлылыққа тәрбиелеп, кішкентайынан тәнін, жанын рухани тазалыққа үйрету аса маңызды. Сонда ғана жаһанның қасіретіне айналған жасанды түсіктен аман болып, өсіп-өнген, тамырын тереңге тартқан халыққа айналырымыз хақ.

Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, РһD доктор

Толығырақ ...

Сенімге селкеу түспесін

Сенім – адам баласының қоршаған ортаға және ақиқатқа көзқарасын, қарым-қатынасын анықтайтын түсінігі. Сондай-ақ, адамның белгілі бір мәліметтерді, құбылыстарды, ойлар мен көзқарастарды, пікірлерді еш күмәнсіз қабылдап, мойындауында көрінетін психиканың ерекше күйі мен ақыл-ойын, еркін, қабілетін жоғарылататын күш. Адамның сенімі – жігерін арттырып қана қоймай, болашаққа құлшындыратын құбылыс. Өйткені, сенім әрқашан адам ғұмыры мен оның тағдырына әсерін тигізеді. Мәселен, адам болашағына сенеді, онысы – биікке жетелейді. Адам жасаған еңбегіне сенеді, ол – табыс әкеледі. Ал, ақылды адам жаратқан Аллаға сенеді, оның бір Құдайға деген сенімі екі дүниеде бақытты етеді.

Иә, жер бетінде дінсіз адам болса да, дінсіз қоғамды еш кездестіре алмаймыз. Ал қоғамды құрайтын адамзат дұрыс немесе бұрыс болсын бір сенімге сүйеніп, жалғанда тіршілік кешері ақиқат. Халқымызда «имандай сену» деп келетін сөз тіркесі бар. Бұл бекер айтылмаған, әрі жай да сөз емес. Олай болса, «иман» сөзінің мәнісіне сәл кідіріс етейік. «Иман» сөздікте «бір нәрсеге сену, растау, қабыл ету, шын жүрекпен мақұлдау» деген мағыналарды білдірсе, дініміздегі терминдік мағынасы – «соңғы пайғамбар Мұхаммедтің () Алла Тағаладан әкелген үкімдерін мойындап, шүбәсіз қабыл алып, оның рас екендігіне жүрекпен сену». Ал осы иман негіздерін зерттейтін ғылымды «Ақида» деп атаймыз.

«Ақида» сөзінің түбірі араб тілінен шығады. Сөздік тұрғыда «шын көңілден байланған, түйіндеп байлағандай сену» дегенді білдіреді. Шариғи терминологияда «ақида» сөзі «мәжбүрлік дәрежеде сену керек болған негіз» немесе «ислам дінінде сенілуі парыз мәселелер, иман негіздері, діннің негізгі қағидалары мен үкімдері» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жоғарыда атағанымыздай «ақида» дінімізде иман негіздерін талқылайтын үлкен ғылым саласы.  

Иман деген кезде алдымен ойға пайғамбарлар оралады. Себебі, елшілік қызмет атқарған барша пайғамбарлар адам баласын жалғыз Аллаға сыйынып, құлшылық қылуы үшін таухид (бірлік) дініне шақырды. Құранда былай делінеді:

وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولاً أَنِ اعْبُدُواْ اللّهَ وَاجْتَنِبُواْ الطَّاغُوتَ فَمِنْهُم مَّنْ هَدَى اللّهُ وَمِنْهُم مَّنْ حَقَّتْ عَلَيْهِ الضَّلالَةُ فَسِيرُواْ فِي الأَرْضِ فَانظُرُواْ كَيْفَ كَانَ عَاقِبَةُ الْمُكَذِّبِينَ

«Расында әр үмметке: «Аллаға құлшылық қылыңдар, бұзықтардан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік. Олардың кейбіреулерін Алла оңғарып, кейбіреулеріне адасу тиісті болды. Ал енді жер жүзінде кезіңдер де жасынға шығарушылардың не болғанын көріңдер» («Нахыл» сүресі, 36-аят). Тағы бір аятта былай келеді:

وَلِكُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولٌ

«Әр үмметтің бір пайғамбары бар» («Юнус» сүресі, 47-аят).

Міне, аяттардан байқағанымыздай, сонау Адам (ғ.с.) атадан бастап соңғы пайғамбар Мұхаммедке () дейінгі бүкіл пайғамбарлар өз дәуірінде бір сенімге үндеген. Өйткені, адамдар өз ақылымен Жаратушының бар екендігін білсе де, Алланың ұлы сипаттарын түсіне алмайды. Дұрыс жол көрсетіп, ақиқатты адамдарға көрсету және дүние мен ақыретте бақытқа жетудің жолдарын нұсқау үшін Алла Тағала кезекпен-кезек пайғамбарлар жіберген. Олар да ғұмыр бойы адасқан жүректерге тура жол көрсетер иләһи міндеттерін орындады. Үнемі халыққа айтқан насихаты мен көрсеткен жолы бір жерден үндесе шығып отырды. Пайғамбарлардың сардары әрі соңғысы болған сүйікті пайғамбарымыз алдыңғылар көрсеткен жолды жалғап, күллі үмметті бір Аллаға ғана итағат етуге (бойсұнуға) шақырды. Тіпті, Жәбірейіл періштенің адам бейнесінде келіп, пайғамбарымызбен жүздесіп, дінді сахабаларға үйретуі таңғаларлық оқиға. Онда иман мәселесі де қозағалады.  Ардақты сахаба Омар (р.а.) былай дейді:

عن عمر (رضي الله عنه) قال: بينما نحن جلوس عند رسول الله (صلى الله عليه وسلم) ذات يوم إذ طلع علينا رجل شديد بياض الثياب، شديد سواد الشعر، لا يرى عليه أثر السفر، ولا يعرفه منا أحد، حتى جلس إلى النبي (صلى الله عليه وسلم) ، فأسند ركبتيه إلى ركبتيه، ووضع كفيه على فخذيه، وقال: يا محمّد أخبرني عن الإسلام؟! فقال رسول الله (صلى الله عليه وسلم) : "الإسلام أن تشهد أن لا إله إلا الله، وأن محمداً رسول الله، وتقيم الصلاة، وتؤتي الزكاة، وتصوم رمضان، وتحج البيت إن استطعت إليه سبيلاً"، قال: صدقت. فعجبنا له يسأله ويصدّقه، قال: فأخبرني عن الإيمان؟ قال: "أن تؤمن بالله وملائكته وكتبه ورسله واليوم الآخر وتؤمن بالقدر خيره وشره"، قال: صدقت. قال: فأخبرني عن الإحسان؟ قال: "أن تعبد الله كأنك تراه فإن لم تكن تراه فإنه يراك". قال: فأخبرني عن الساعة؟ قال: "ما المسؤول عنها بأعلم من السائل"، قال: فأخبرني عن أماراتها؟ قال: "أن تلد الأمة ربتها، وأن ترى الحفاة العراة العالة رعاء الشاء يتطاولون في البنيان"، ثم انطلق. فلبثت ملياً، ثم قال: "ياعمر أ تدري من السائل؟" قلت: الله ورسوله أعلم، قال: "فإنه جبريل أتاكم يعلّمكم دينكم". (رواه مسلم)

«Бір күні біз Алла елшісінің (с.ғ.с) қасында отырғанымызда аппақ киімді, қою қара шашты, бойында сапар ізі көрінбейтін және арамыздан оны ешқайсымыз танымайтын бір адам келді. Ол пайғамбарымыздың тізелеріне тізелерін тиістіріп қарсы отырды да, екі қолын сандарына қойып: «Әй, Мұхаммед! Маған ислам туралы хабар берші», - деді. Алла елшісі (с.ғ.с): «Ислам дегеніміз – Алладан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ екеніне әрі Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етуің, намазды толық орындауың, зекет беруің, Рамазанда ораза ұстауың және шамаң келсе үйге (Қағбаға) қажылық жасауың», - деп жауап қайтарды.

Әлгі адам: «Сен рас айттың», - деді. Ал біз оның сұрақ қойып, кейін өзінің растағанына таңқалыстық. Сонан соң ол: «Енді маған иман жайынан хабар берші», - деді. Алла елшісі (с.ғ.с): «Иман дегеніміз – Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің», - деді.

Ол тағы да: «Сен рас айттың» - деді. Сонан соң: «Енді ихсан жайында хабар берші», - деді. Ол кісі (с.ғ.с): «Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Егер сен оны көріп тұрмасаң да ол сені көріп тұр», - деді. Әлгі адам: «Енді маған (Қиямет) уақыты жайында хабар берші», - деді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с): «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді», - деді.

Әлгі адам: «Онда маған оның белгілерінен хабар берші», - деп еді, ол кісі: «Күң өзінің ханшайымын туады және жалаңаяқ-жалаңбас қой соңындағы кедейлер биік үйлер салуда жарысатынын көресің», - деді. Содан соң әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз уақыт өткіздім. Сосын ол кісі маған: «Әй, Омар! Сұраушының кім екенін білемісің?» - деді. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», - деп едім, ол кісі: «Ақиқатында, бұл – Жәбірейіл. Ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келді», - деді. (Хадисті имам Муслим риуаят еткен).

Аталған хадисте Жәбрейіл періштенің адам кейпінде келіп, исламды, иманды және ихсанды сұрау арқылы пайғамбар тілімен сахабаларға дінді үйреткендіктен «Жәбрейіл хадисі» деп аталып кеткен. Осы риуаятта Пайғамбарымыз () иман жайынан да хабар береді. Мұнан иманның адам өмірінде ерекше орны бар екенін тағы байқауға болады. Сондықтан әрбір мұсылман баласы төмендегі иман негіздерін қамтыған «Әмәнтуді» жүрегімен қабылдап, оны жатқа білуі тиіс.  

آمَنْتُ بِاللهِ وَ مَلَئِكَتِهٍ وَ كُتُبِهِ وَ رُسُلِهِ وَ اْليَوْمِ اْلآخِرِ وَ بِالْقَدَرِ خَيْرِهِ وَ شَرِّهِ مِنَ اللهِ تَعَالَى وَ اْلبَعْثُ بَعْدَ اْلمَوْتِ حَقٌّ  اَشْهَدُاَنْ لآ اِلَهَ اِلاَّ اَللهُ  وَ اَشْهَدُ اَنَّ مُحَمَّداً عَبْدُهُ وُ رَسُولُهُ

Мағынасы: «Мен Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен болатындығына сендім. Өлгеннен кейін қайта тірілу хақ. Мен Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне және хазрет Мұхаммед () Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін».       

Данышпан Абай атамыз:

«Алланың өзi де рас, сөзi де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас,

Көп кiтап келдi Алладан, оның төртi,

Алланы танытуға сөзi айрылмас», - деп жырласа енді бір өлең жолында:

«Әмәнту айтпаған кісі бар ма,

Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?» - дейді. Абай атамыздың осы сөздерінен кейін ата-бабаларымыздың ұстанған жолын қалай аз-кем сөз етпеске?! Ислам дінінің кең байтақ қазақ даласына келгеніне де ХІІ ғасырдан асты. Сонан бері ата-бабаларымыз ғасырлар бойы құлшылық-ғибадат ережелері бойынша Әбу Ханифа мәзһабын,  наным-сенім тұрғысынан Матуриди мектебін мықтап ұстады. Осындай берік тұтқаның арқасында бабаларымыз ұлтты ұйытып, халықтың береке-бірлігін кіргізді. Ежелгі Сығанақ, Тараз, Отырар секілді қалалардан шығып, білімімен әлемді тамсандырып, ұрпаққа рухани мұра қалдырған Қауамад-дин әл-Итқани, әл-Фараби әт-Түркістани, Һибатулла әт-Тарази, Хусам ад-дин әс-Сығанақи секілді ғұлама бабаларымыздың ұстанған жолы осыған дәлел.

Сенімде нық бабаларымыз бүгінгі күніміздегідей іріткі мен бүлікке жол бермей, ел ішінде ынтымақ пен татулықты ту етті. Осы бір игі үрдіс кешегі кеңестік дәуірге дейін тапжылмай жалғасын тапты. Дегенмен, арада тағдыр тауқыметімен қылышынан қан тамған Кеңес дәуірі орнап, қазақ топырағына «Құдайсыздық» идеологиясын айтарлықтай тықпалады. Кейінгі ұрпақты сенімінен, дінінен, ұстанған салт-дәстүрінен алшақтатты. Бабалар мықтап салған сара жолға көлденең көк аттылар осылай бөгет жасап бақты.

Алласын аузынан тастамаған, дінін жүрегінің түкпіріне сақтаған бабалардың ұрпағы мына біздерге араға жетпіс жыл салып, Тәңір сыйы тәуелсіздік бағы бұйырды. Осылай дін, тіл, салт пен дәстүр қайта қауышты. Бұл қуанатын һәм көп шүкір етерлік нығметіміз. Ежелден кең байтақ жерді мекен еткен қазақ халқының Ханафи мәзһабын нық ұстап, дұрыс сенімнің негізін көрсетіп берген Матуриди мектебін бүгінде руханияттың қарашаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы онан әрі жалғау үстінде. Осы діни басқармаға топтасқан ел мұсылмандары қазірде ынтымақты күй кешуде.

Қазақ халқы VIII ғасырдан бері мұсылмандықты ұстанып келе жатқан дархан ел. Яғни, дінді кеше қабылдап, кім боларын білмей жүрген дүбәра халық емес. Біле-білгенге ханафи мәзһабы мен матуриди мектебі – қазақ халқының дін мәселелерінде талас-тартыс тудырмай, керісінше ынтымақ-бірлікте болуына ұйытқы болып келе жатқан діни институт.

Халқымызда «Аңқау елге арамза молда» деген мәнді сөз бар. Бұл сөз бүгін де құнын жоймады. Олай демеске амалымыз жоқ. Қарап отырсақ, дәстүрден тыс діни ағымдар тыныш қоғамды іштей іріту үшін діни сауаты жоқ жандар мен жүрегі алып-ұшқан жастардың қолымен от көсеп жатқандығы өзегіңді өртейді. Алайда, діни сауатсыз қандастарымыз бен жастарымыз теріс пиғылды топтың өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар әрі дәстүрден тыс діни ағымдардың белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін де біле бермейді. Ал мұның салдарынан түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізу әрекеті ортаға шығуда. 

Сенімге селкеу салғысы келетін теріс пиғылды топтар ислам атын жамылып біздің елімізде де әрекеттерін жүргізуде. Мақсаты – қоғам ішінен бүлік тудырып, берекесін қашыру. Бір ғана мысал. Осындай теріс бағыттағы ағымға шырмалған мұсылман бауырлар намазы немесе көрқарасы бір жерден шықпаған екінші мұсылман бауырын ашықтан-ашық «кәпір» деп оңай айыптай салады. Алла сақтасын, «кәпір» деп айыптау дінімізде өте қауіпті. Абдулла ибн Омар (р.а.) Пайғамбарымыздан () мынадай риуаят жеткізеді: «Қайсы бір кісі өзінің (діндес) бауырына «ей, кәпір» деп айтса, ол сөз екеуінің біріне барып тиеді». Сондықтан, қандай жағдай болмасын мұсылман өзге мұсылман бауырының сеніміне сын айтып, иманын айыптаудан сақ болуы қажет. Ислам қандай таза болса, мұсылман да сондай кіршіксіз болуы тиіс. Ал оны көркем амалымызбен, нық сенімімізбен және берік  бірлігімізбен дәлелдей білуіміз керек.

Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Сондай-ақ, адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастар таңуға мәжбүрлемейді. Ал, дәстүрден тыс діни ағымдардың түпкі ниеті біреу-ақ, ол – қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу. Мұндайларды ислам ғалымы Абдулла ибн Мүбәрак: «Адамдардың ең төмені дін атын жамылып, дүниелік пайда көздейтіндер», - деп сипаттап кеткен. Олай болса, дін атын жамылған топтардың жымысқы әрекетін қалайша мұсылмандық дерсің?!

Ал нағыз мұсылман қандай болу керек? Нағыз мұсылман біріншіден, әрбір іс-амалында Алладан қорқуы керек. Екіншіден, ешкімге өздігінен үкім шығарып «кәпір, күнәһар» деген сөздерді қолданбауы қажет. Үшіншіден, жан-жағына пайдасын тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыз (): «Ең жақсы мұсылман – басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтін адам», - деп бұйыруда.  

Әрбір ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат алуға кеңес бергені жөн. Сонда бала ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болары ақиқат. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағымдар өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін. Сол үшін ата-ана «Сақтансаң, сақтаймын» қағидасына берік болып, ұрпақ болашағына, ұлт келешегіне бүгіннен алаңдағаны жөн.

Мұны неге айтудамыз?! Өйткені, діни ағымдардың зияндылығын ажырата алмаған жастар өзі намаз оқығанымен, екінші жағынан ата-анасының намаз оқымағанын алға тартып, «кәпірге» дейін балап жатады. Осыны көрген ата-ана баласынан безініп, имандылыққа тәрбиелейтін ислам дінінен «көлеңкесінен қорыққан» секілді шошынып қалады. Негізінде, Ислам діні сүйсіндіретін, қуантатын дін емес пе?! Пайғамбарымыз (): «Қорқытпаңдар сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар жеңілдетіңдер», - дейді. Ислам адам баласын күллі жаманшылықтан қайтарып қана қоймай, тал бойына бар көркем әдептерді жиып, тәрбиелі ете түседі.

Бірлік пен ынтымақтың дінімізде орны ерекше. Өйткені, ынтымақ бар жерде бауырмалдық, тыныштық, молшылық, Алланың рақымы мен берекесі болады. Қасиетті Құран: 

وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُواْ

«Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер!», - деп бірлікке шақыруда («Әл-Имран» сүресі, 103-аят). Асыл дініміз Ислам – ыдыратушы емес, керісінше біріктіруші дін. Сондықтан, дініміз бірлік пен ынтымаққа баса назар аударып, бөлінушіліктің зияндарын ескертіп, мұсылмандарды одан сақтандырған. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед () былай дейді: «Көпшілікпен бірге болыңдар. Бөлінуден сақ болыңдар. Себебі шайтан жалғыз адаммен бірге болады. Екі адамнан ұзақ болады. Кімде-кім жәннаттың қақ ортасында мекені болуды қаласа, көпшіліктен ажырамасын...». Хадистің мәніне қарасаңыз, бірлік пен ынтымаққа үгіттей отырып, бөлінушіліктен сақтандыруда.

Ынтымақ ауызбірлік, татулық мұсылман жұртының һәм қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды этикалық ұғым. Халқымыз ынтымақ пен бірліктің күнделікті тіршіліктегі орнын «ырыс алды – ынтымақ», бірлік түбі – береке», «бөрі алар, ұзағанды ұры алар», «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналық сөздері арқылы білдіріп кеткен.  

Пайғамбарымыз () бір хадисінде былай дейді: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба?» - деді. Сахабалар: «Иә,  Расулулла», - десті. Сонда Пайғамбарымыз () сахабаларына: «Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен шығады», - деген екен. Иә, аят пен хадисті халыққа сөз шеберлігімен жеткізе білген дана халқымыз: «Бірлігі жоқ ел тозады», «Татулық табылмас бақыт», - деп бұқараны берекеге ұйытып отырған. Бүгінде бұл қағида өз мәнісін жойған емес. Сөз соңында айтарымыз, әрбір мұсылман баласы дінін дұрыс ұстана отырып, көңілге дақ түсірер өзгенің жат сенімінен сақтануы тиіс.

ДІНИ БАСҚАРМА ҚАСИЕТТІ САПАРҒА ШАҚЫРАДЫ

Батыржан Мансұров,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

Толығырақ ...

Әр ата-ана баласы үшін жауапты

Әсіресе, соңғы үш жылдықта нәрестеге екпе салдыру мәселесі елімізде күрделеніп келеді. Кей мәліметтерде екпе салдырудан бас тартқан ата-аналар санының он есеге дейін көбейгендігі де айтылып жүр.

Екпе салудың тиімділігі талай жылдардан бері дәлелденген факт болса да, кей  ата-аналардың  екпе мәселесін даулы тақырыпқа айналдырып жіберу себебі неде? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында вакцинадан бас тартқан ата-аналардың бірқатарымен жүздесіп, пікірлескен болатынбыз.

Аты-жөнін атамауды өтінген ата-аналардың бірі екпе салуға үгіттейтін дәрігерлердің әрекетін қателік деп есептейді. Олардың пікірінше, денсаулықты Алла береді. Демек, екпе салдырудың қажеттілігі жоқ. Екінші бір ата-ана екпе арқылы баланың жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті қалыптасатындығынан хабардар. «Өзіме де кішкентай кезімде екпе салған. Бірақ, қазіргі вакциналардың сапасына сенбеймін» дейді ол.

Осы тақырыпта әлеуметтік желілер арқылы сауалнама жүргізгенде, алған жауабымыз төмендегідей болды. Пікірлердің дені «екпе салу Құдайға серік қосумен тең, баланы Құдай берді, демек баланы қалай алса да өз еркі» деген бағытта болса, мәселеге сын көзбен қарайтындар да баршылық. Мәселен, анонимді желі қолданушыларының бірі – «Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстанға сапасыз екпе әкелінген.  Мысалы, туберкулезге қарсы салынған сапасыз екпеден  шу шықты» деген жазба қалдырыпты.

Дәрігерлер қауымы болса, екпеден бас тартатындардың дені – діни ұғымдағылар екенін мойындап отыр. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте жұқпалы аурулардың алдын-алуға, ауруға қарсы екпе егуге міндеттегенімен, жаза қарастырылмаған. Сондықтан, ата-аналар медицина өкілдеріне бағынбайды» дейді медицина мамандары.

Айтса айтқандай, Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметте,  2017 жылдың бірінші жарты жылдығында иммундаудан бас тартудың 11 мың 557 фактісі тіркелген. Осы ретте, дін маманы ретінде  жалпы екпеге қарсы пікірде жүрген ата-аналардың қате түсінікте екендігін айтқымыз келеді. Діни қағидалар бойынша, адам алдымен өзінің және балаларының денсаулығына жауапты. Ендеше,  екпеден бас тарту – жауапкершіліктен қашумен тең. Әсіресе,  туберкулезге қарсы екпеден бас тартпаған дұрыс.

 Тарихтан белгілі, сонау XV ғасырдың өзінде бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ең алғаш қарашешекке қарсы екпені ойлап тапқан. Жүрек, ми, сөл (адам организмінен бөлінетін), т.б. мүшелердің адам ағзасындағы атқаратын рөлі, күйік, үсікті емдеу, тамыр ұстау сияқты өзекті мәселермен қоса,  шешек ауруына қарсы вакцина егуді сол Өтейбойдақ бабамыз «Шипагерлік баян» кітабында әйгілі ағылшын ғалымы Э.Женнерден  320 жыл бұрын жазып қалдырғандығын атап айту қажет. Сондықтан, екпеден бас тартқан ата-аналарды түсініктеме жазумен ғана шектемей, баланың денсаулығына деген жауапкершілікті өз мойнына алатыны жөніндегі міндеттемені нотариуске растату туралы талаптың енгізіліп жатқандығын орынды қадам деп есептейміз.

 Екпе алуды мәжбүрлеу мақсатында әлем елдері жүзеге асырып жатқан түрлі тәжірибелерді алға тартуға болады.  Мәселен, Австралия екпеден бас тартқандар балаларды медициналық қамсыздандырудан қағуда, Ресейдің Мемлекеттік Думасы осы жүйе бойынша қысым жасау тетігін қарастырып отыр. Ал, Израиль екпемен қамтудың ең жоғары пайызына қол жеткізді. Себебі, ақпараттық үгіт-насихат жұмысы күшті жүргізіледі. Екпесіз сәбидің балаларға арналған бірде-бір мекемеге бара алмайтындығы да рас. Сондықтан, бұл мәселені түсіндіру науқаны өз алдына, жоғарыда аталған  шет елдер тәжірибесі бойынша мәжбүрлеу әдісін де енгізуді құптаймыз. Яғни, «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске қосымшалар енгізу арқылы реттеу мәселесін ұсынамыз.

Алла Тағалам  еліміз аман, ұрпағымыз сау болуды нәсіп еткей!

 

Батыржан МАНСҰРОВ,

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының

Атырау облысы бойынша өкіл имамы.

 

Толығырақ ...

Тасқала ауылдық Мәулімберген мешітінде Мәуліт дастарханы жайылды

Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылында орналасқан Мәулімберген мешітінің жамағаты қасиетті Мәуліт мерекесін атап өтті.
         Өткен жұма күні Мәулімберген мешітінде жамағатқа арналып Мәуліт дастарханы жайылды. Басқосу кезінде Мәулімберген мешітінің Бас имамы Мақсот Бағытжанов ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянынан қазіргі жастарға ғибрат аларлық сабақ өткізді. "Мұхаммед Пайғамбарымыздың өмірінің соңына дейін түскен уахилер Құранның сүрелерін құрайды. Мұсылмандар оны "Құдайдың сөзі" деп санайды және дін соған негізделеді. Құраннан бөлек мұсылмандар Мұхаммедтің (с.ғ.с) сөздері мен іс-әрекеттеріне (сүннет), хадис, сира әдебиеттеріне сүйенеді және ислам құқықтары (шариғат) ретінде қолданады" деп атап өтті Мәулімберген мешітінің Бас имамы Мақсот Бағытжанов.

          Рухани сабақ кезінде сүннет амалдарды өміріміздің негізі ретінде қалау мәселесі де насихатталды.

         Мәулімберген мешітінің баспасөз - қызметі.


Толығырақ ...

Тұрғызба ауылына жаңа имам тағайындалды

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бұйрығымен, Бауыржан Бақбергенов Жылыой ауданына қарасты "Тұрғызба" ауылы  мешітінің имамы болып тағайындалды.

Дін саласының жаңа қызметкерін мешіт жамағатымен жүздескен Жылыой аудандық "Жылыой мұсылмандар" орталық мешітінің наиб имамы Нұрбек Ибайдуллаев таныстырды.

 Осыған дейін "Тұрғызба" ауылы мешітінің имамы қызметін атқарған Нұрдаулет Нұрланұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.


"Жылыой мұсылмандар" Жылыой аудандық орталық 
мешітінің баспасөз - қызметі.


Толығырақ ...

БАС МҮФТИ ПАРИЖДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

Францияда Ресей мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен "Ислам жəне жаһандану мəселелері" деген тақырып аясында кезекті XIV халықаралық мұсылман форумы өтті.

Халықаралық басқосуға Еуропа, Азия елдерінің мүфтилері, ғалымдар, Ислам бағытындағы ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Халықаралық форумда баяндама жасаған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

"Қазіргі жаһандану үдерісі салдарынан қоғамда көптеген сын-қатер мен мұсылмандығымыз бен мəдениетімізге, дəстүрімізге жат құбылыстар көрініс беруде. Біз, дін қайраткерлері өзімізге жат мұндай жағымсыз әрекеттерге қарсы күш біріктіруіміз тиіс. Алла Тағала Құранда бұйырғандай, бір-бірімізге жақсы істерде көмекші болуымыз лəзім. Бүгінде күш пен қуат - білім мен иманда. Иман мен білім салтанат құрған қоғам жаһанданудың жаман əрекеттерінен аман қала алады", - деді.

Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мен бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы форум аясында Ресей мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Равиль Ғайнутдинмен пікір алмасты.

 
Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу