Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

"Кішіпейілділік - ұлы адамның белгісі"

Қасиетті Рамазан айында Атырау өңіріндегі мешіттерде дәрістер, уағыздар жалғасуда. Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте кезекті Тарауих намазы арасындағы үзілісте аталмыш мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы "Кішіпейілділік - ұлы адамның белгісі" тақырыбында уағыз айтты.

 

          "Ислам тарихында мынадай оқиға бар: Ертеде Әл-Мусиб есімді Аллаға көп құлшылық ететін кісі болған. Ол кештердің бірінде ұлын ертіп, пайғамбардың (с.ғ.с.) мешітіне барады. Бұл уақытта мешітте Омар ибн Абдулғазиз (патша) дауыстап намаз оқып тұрған еді. Оның дауысы көркем болатын. Мешіттің іші біраз қараңғы болғандықтан, намазды дауыстап оқып тұрғанын кім екенін білмеген Әл-Мусиб ұлына қарап:

 

          – Барып, анау намаз оқып тұрған адамға: «Құранды ақырын оқысын» – деп айт, – дейді. Ұлы оған:

 

          – Әке, мешіт біздің меншігіміз емес қой. Оның да ақысы бар емес пе – деп жауап береді. Сонда әл-Мусиб өзі дауыстап:

 

          – Ей, намаз оқушы! Егер намазыңды Аллаға арнап оқысаң, ақырын оқы. Ал егер адамдарға арнап тұрсаң, онда олар сенің еш нәрсеңе мұқтаж емес! – дейді.

 

          Омар ибн Абдулғазиз дауысын бәсеңдетіп, намазын тәмамдаған соң, ақырын кебісін алып, үнсіз шығып кетеді. Ол кісі бұл уақытта мүміндердің әмірі болатын" деген Бас имам Ардақ Жұмабекұлы ғибратты әңгімеден үлкен түйін түюге болатынын атап өтті. "Ең алдымен, кішіпейілділік мұсылманға жарасады. Екіншіден, Алланың құзырында барлық адам тең. Үшіншіден, мешітте құлшылық жасаған уақытта басқаларға бөгет жасамау. Төртіншіден, дәл сол сияқты мешітті өзіне ғана тән деп санамау, яғни бұл жерде көпшілік құлшылық жасайды. Сондықтан басқалардың намаз оқуына немесе Құран оқуына тыйым салмау. Және бір маңызды тұсы - басшының мінезі көпке үлгі болуы тиіс" деп атап өтті Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы уағыз кезінде.

          Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Әбу - Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқу үлгісі тақырыбында дәріс жүруде.

Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазанда мешіт жамағаты қатарының жаңа толқынмен толығып жатқаны қуантады.

 

          Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің наиб имамы Қанат Седекешов мешіт жамағатына Әбу - Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқу үлгісі тақырыбында дәріс жүргізуде. Құптан намазы алдында он минут бұрын жүргізілетін дәрісте ұстаз мәзһаб бойынша намаз оқудың маңыздылығы туралы кеңінен мәлімет беруде.

 

          "Асылында, мәзһаб – «жол, бағыт, көзқарас» деген мағыналарды білдіреді. Басқаша айтқанда, арнайы тәсілдер мен ережелер арқылы Құран мен сүннеттен алынған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын «Мәзһаб» дейміз. Ендеше, мәзһаб ойдан шығарылған жол емес. Керісінше, Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетін ең сауатты түрде жүзеге асырудың сенімді мектебі. Әрине, Құран және хадистің шариғат үкімдерінің ең негізгі қайнар көзі екені күмәнсіз. Алайда, онда айтылған әр сөздің бірнеше астары, терең мағынасы болуы мүмкін. Имам Ағзам мәзһабының «Ханафи», деп, аталуының өзі тегін емес. Аталмыш мәзһабта адамның барлық қажеттілігі, адамның басында кездеспей тұрмайтын барлық жағдай ескерілген" дейді ұстаз Қанат Седекешов.

          Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Геноцид құрбандарын еске алды.

31 мамыр - саяси қуғын - сүргін құрбандарын еске алу датасына орай, Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітінде ауызашар берілді.

 

          Шара кезінде аталмыш мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы еліміздің тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында, әр азамат өзіндік үлесін қосуы тиіс екендігі жөнінде уағыз-насихат айтты. "Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы өзінің ұлт, ел ретінде қалыптасуы жолында талай қасіретті кезеңдерді бастан өткерді. Жұт, жиырмасыншы жылдардан басталған ашаршылық, ұлт зиялыларын қынадай қырған репрессия - мұның барлығы тарих беттерінде нәубет кезең ретінде қалды. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, ата-бабаларымыз тәуелсіздік жолында күресіп өтті. Бүгінгі тәуелсіздігіміз сан ғасырлық арман  мен күрестің нәтижесі" деп атап өтті ауызашар дастарханы кезінде Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

          Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...