Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда бүлдіршіндер арасында Құран жарысы өтті

 islam-atyrau.kz/20 мамыр, 2019 жыл.  Атыраудың орталық "Иманғали" мешітінде бүлдіршіндер арасында Құран жарысы өтті. 

Ерекше айта кетерлігі, рухани додаға төрт жастағы бүлдіршін Абдрахман Тайман  қатысып, кешті тамашалаушыларды тәнті етті. Ең кішкентай қатысушы отыз сүрені жаттап үлгерген. 

Байрақты бәсекеде бірінші орын және 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы Дарын Халыққа бұйырды. Екінші және үшінші орындарды Қадір Үмбет пен Арайлым Қасымқызы өзара бөлісті. Оларға 70 мың теңге мен 50 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды.

Барлығы 38 үміткер бақ сынаған байрақты бәсекеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас  имамы Батыржан Мансұров, орталық мешіттің ұстазы Хусейн Кая, орталық "Иманғали" мешітінің  наиб имамдары Мұрат Мұстафаев, Мақсат Алпысбаев және ұстаз Ерболат Боханов қазылық етті. 

Он екі жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында өткен сайыста  рухани сайыстың ең кіші қатысушысы Абдрахман Тайманға Бас имам Батыржан Мансұров ризашылығын білдіріп, өз атынан 50 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйлығын тапсырды. Ынталандыру сыйлығын үш қатысушы - Исатай Тайман, Әділжан Саясат және Дамир Батыров өзара бөлісті. Осылайша, олардың әрқайсысы 20 мың теңге көлеміндегі сыйақыны иеленді. 

"Бүлдіршіндерге  тәжуид ережесін сақтай отырып, "Нәс" сүресінен "Зілзәла" сүресіне дейін сүрелерді жатқа оқу басты талап ретінде қойылған еді.   Рухани бәсеке өте жоғары деңгейде өтті. Біз бұл балаларға жас шәкірттеріміз, ізбасарымыз ретінде қарауымыз керек. Қасиетті Құранды жастайынан санасына сіңіріп өсірген сәбидің болашағы да зор болады. Осындай игі бастамалар қоғамды біріктіре түсу үшін де керек. Асылында, Құран – қасиет пен киенің қайнар көзі. Адамзат баласы үшін барлық мәселені қамтитын Құран кітабының мәні жоғары, маңызы қашан да ерекше. Құран оқу арқылы мұсылман Аллаға жақындай түседі, өйткені Алланың сөзіне деген махаббат оны Алланың Өзіне деген махаббатқа жетелері сөзсіз.

Құранды оқып үйрену мен оны үйретудің абзалдығы жайлы: "Сендердің ең жақсыларың Құранды үйренгендерің және оны үйреткендерің" деген хадистен білеміз. Сондай-ақ, баласы Құран жаттаған ата-анаға Қияметте Алла Тағала тәж кигізіп, абыройларын асқақтататыны ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған" дейді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.  

 Айта кетелік, сайысқа демеушілік еткен Ибрагим Шаяпұлы қатысушы бүлдіршіндердің барлығына 20 велосипед және 18 самокат үлестірді. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Рамазан айшықтары: Жұлдыз мешіті жамағатқа нан үлестірді

islam-atyrau.kz/19 мамыр, 2019 жыл.   Қасиетті Рамазан айы қоғамды ізгілік, игілік жолында біріктіре түседі. 

Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте Рамазан құрметіне жамағатқа нан үлестірілді.

"Осылайша, біз әріптестеріміз бастаған керемет эстафетаны жалғастырып отырмыз. Ас атасы нан жүз жамағатты қамтыды. Рамазан айы жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Сондықтан, ғибадат айында ерекше рухани күйде іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет" дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.  

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

 

Толығырақ ...

"Аяттан - амалға": Сұлтан Бейбарыс мешіті түсірген кезекті әлеуметтік ролик ізгілікке үндейді (+ФОТО+ВИДЕО)

     islam-atyrau.kz/19 мамыр, 2019 жыл.  Өзі егде тартқан жігіт ағасы қарт анасын тамақтандырып отыр. Осынау керемет көрініс баршаға "мейірімді бол" деп тұрғандай! Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешіті қолға алған жоба - "Аяттан - амалға" ролигінің кезекті топтамасы көрермендерін осынау ізгілікке үндейді. 

     "Жаратылыс әлемінің Раббысы Алла Тағала күллі адамзат баласына мейірімді һәм рақымды болуға шақырады. Ол туралы қасиетті Құран Кәрімде аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алла: "Уа, Мұхаммед! Біз сені күллі әлемге, күллі жаратылысқа теңдесі жоқ рақым ретінде жібердік" дейді. Яғни, мейірім жасау үшін. Бұл сөз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге, Оның барлық үмметіне айтылған. Яғни, мұсылман үмметі бір-біріне мейірімді болуы тиіс. Ролик арқылы біз бауырларымызды жылағанды жұбатып, құлағанды демеуге үндедік" дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев.

      Роликте әсіресе, судың босаған құтысымен ойнап жүрген балалар көрінісі ойландырады. Қасиетті Рамазанда ізгілікті молайтуға шақыратын ролик барысында Сұлтан Бейбарыс мешітінің өкілі босаған құтының орнына балаларға доп сыйлап, бөтелкені қоқыс жәшігіне тастайды. Екінші сюжетте далада ойнап отырған бүлдіршінге  үлкен машинаны сыйға тартып, кішкене ғана жүрек иесіне ізгіліктің нұрын себеді. 

     Соңғы сюжет те күнделікті көріп жүрген картина.  Көлігі көше ортасында тұрып қалған жігітке мешіт қызметкері көмекке келеді.  

     Ізгілік әлемді жақсартады. Бір-бірімізге мейіріміміз азаймасын ағайын!

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

 

Толығырақ ...