Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Білім алудың артықшылығы неде?

islam-atyrau.kz/14-наурыз, 2019 жыл. Дін атын жамылған жат ағым ерушілерінің денін негізінен жастар жамағатының құрауына не себеп?  «Жылыой Мұсылмандар» мешітінде  бас қосқан жастар жамағатына уағыз айтқан Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев осы мәселеге кеңінен тоқталды.

«Қасиетті Құранның өзі «Оқы!» деп басталады.  Әу бастан исламда білім алудың, ізденудің маңыздылығы айтылған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) білім алуға байланысты көптеген хадистер айтып кеткен. Солардың бірі - «Ғалым бол немесе ізденуші бол немесе ғалымдарды жақсы көруші бол немесе ғалымдарды тыңдаушы бол бірақ, бесіншісі болма құрдымға кетесің» деген. Яғни, білім алу барлық мұсылманға парыз» деп нақтылады Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев.

«Жылыой Мұсылмандар» мешіті жанындағы «Иман жастары» ұйымының ұйымдастыруымен өткен басқосудаЖылыой ауданының бас имамы Арман Исаев адам білім алуда ықыласты болса, Алла пендесін ешқашан адастырмайтындығын атап өтті.

 

Жылыой аудандық орталық мешітінің баспасөз - қызметі.

Толығырақ ...

Жылыойда 150-ге жуық жамағат рухани жиында бас қосты

islam-atyrau.kz/14-наурыз, 2019 жыл. Әрдайым жамағаттың ынтымағы мен береке-бірлігі берік болса, мешіт көркі сол болмақ. «Ынтымағы жарасқан ел озады» дейді дана халқымыз. Бабалар салған бұл сара жол бүгінде жалғасын табуда.

Жылыой аудандық  «Жылыой Мұсылмандар» мешітінің ұжымы және Жылыой иман жастарының ұйымдастыруымен «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінде жамағатқа бас қосу дастарханы жайылды.

150-ге жуық жамағат жиналған рухани жиында Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев жиналған жамағатқа «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірбаяны және мұсылман адамды құрметтеу жайында» уағыз жүргізді.

«Алланың елшісі, жанашыр және ақыреттегі шапағатшымыз Мұхаммед (с.ғ.с) адамзатқа екі дүниеде бақытты болудың жолын көрсетті. Адам баласын қараңғы түнектен нұр шашқан жарыққа шығарып, тығырықтан құтқарып сара жолға салды. Ең кәміл теңдессіз тұлға Мұхаммед  (с.ғ.с.)-нің керемет үлгі-өнегеге толы ғұмырын білу - «мен мұсылманмын, ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с) үмбетімін» деген әрбір кісінің міндеті» деп атап өтті Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев.

 

 

 

 

Жылыой аудандық орталық  мешітінің баспасөз -  қызметі. 

 

Толығырақ ...

Бүгін - көрісу күні (+ВИДЕО)

    islam-atyrau.kz/14-наурыз, 2019 жыл.  14 наурыз - Қазақстанның Батыс аймағына тән көрісу күні.  Көрісу (Маңғыстау өңірінде Амал мерекесі деп аталады) - Қазақстанның Батыс өңірі және Ресеймен шектесетін аймақтарда сақталған көне дәстүр.

Осы мейрамның шығу төркіні туралы тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев былайша әңгімелеп берді. Ғалымның айтуынша, бұл - қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Қазақ халқы жыл басын Наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы жыл басын басқа жерлердегідей 22-сінде емес, наурыздың 14-інде тойлайды. Батыс қазақтары бертінге дейін айлардың арабша атауын пайдаланып келді.

Олар: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Олар айдың тууын әр айдың біздің есеп бойынша 14-інен бастаған. Яғни, бізше 14 наурызды айдың бір жаңасы деп есептеген. Өлкемізде осы ескіше (арабша) айлардың аталуына байланысты мақал-мәтелдер жеткілікті. Қазақ «Таразыда таң суыйды, Сүмбіледе су суыйды» дейді. Әсетте (июль, шілде) таңда таразы деген жұлдыз туады. Осы уақытта таңның салқындауына байланысты айтылған сөз. Мұндай мысалдарды соза беруге болады. Көрісу қашан және қалай пайда болды? Неліктен бұл дәстүр Қазақстанның өзге өңірлерінде кездеспейді? Аталмыш ғұрыптың түп-төркіні қандай жағдайлардан туындауы мүмкін? Әзірше Отан тарихы ғылымында мұның ғылыми тұрғыда тұжырымдалған нақты жауабы жоқ. Бірақ әр түрлі болжамдар мен жорамалдар бар. Археолог-ғалым Андрей Астафьев бұл дәстүрді ғылыми тұрғыдан түсіндіріп беруге тырысты.

Ол Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттей отырып, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатыр деген қорытындыға келді. Адай руының аңыздары бойынша адамдар Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне шығыстан келген. Бәлкім, осы жерден өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген. Моңғолдар күнтізбесіне сәйкес бір аптада тоғыз күн болған еді. Ал күнтізбенің өзі 22 желтоқсаннан басталады. Күнтізбедегі төрт маусым (көктем-жаз-күз-қыс) тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлінген. Қысқы күн тоқырауы кезеңінен Жаңа жыл басталып, содан бері күн ұзақтығы созылады. Ал 23 желтоқсан-14 наурыз аралығындағы уақыт - қысқы осындай тоғыз аптадан тұратын кезең.

14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік түрінде болып, көкек ән салып тұрған. Көктемнің тоғызыншы күні күн мен түннің теңесу күні тойланады. Қолда бар кейбір там-тұм деректер 14 наурыз Қазақстанның өзге өңірлерінде де Ұлыстың ұлы күні ретінде аталғандай әсер береді. Этнограф Серік Ерғали: «Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше - 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше: 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», - деп жазады. Ал кемеңгер ақын Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март - ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март қазақша Жаңа жыл Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген», делінген.

Кеңес өкіметінің Халком кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі» туралы декретін қолданысқа енгізді. Бұл кезде екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады. Осы мәліметтерді жүйелей келе түйгеніміз, ғалымдардың бірі бұл Оңтүстік Сібір түркілерінен келе жатқан дәстүр десе, екіншілері Григорян күнтізбесіне енгізілген өзгеріспен байланыстырады. Сайып келгенде, көрісу күнінің тарих сахнасына қай уақытта көтерілгені туралы тарихшылар арасында ортақ пікір жоқ. Сондықтан оның шығу төркіні әлі де жан-жақты, егжей-тегжейлі зерттеулерді қажет етеді. Кейбір әріптестеріміз аталмыш дәстүрдің пайда болуын өңіріміздің географиялық ерекшелігімізден іздейді. Тарқатып айтсақ, Батыс Қазақстан аймағында өмір сүрген ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандығын алға тартады. Мәселен, қар еріп, жер жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған.  Сондықтан көрісуді ел болып ұлттық нақышта, салт дәстүрімізге байланысты өткізуіміз керек. «Ойымызды тобықтай түйсек, бүгінгідей жаһандану заманында қазақтың ұлт болып, мемлекет болып сақталып қалуының бірден-бір кепілі - ұлттық иммунитетті күшейту, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіру. Сондықтан ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамын тойлаудың еш артықтығы жоқ. Мереке құтты болсын, ағайын!», деп түйіндеді ойын Жаңабек Жақсығалиев.

Айта кетейік, 14 наурыз күні жасы кішілер қала мен ауылдарда ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!» деп ерекше мейіріммен батасын береді. Осы күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді. Татулыққа бастайтын бұл жол ислам қағидаттарына да өте жақын.

Көрісу мерекесі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Маңғыстауда Амал мерекесі 14 наурыз күні басталып, жалғаса береді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді. 

 

14 наурыз - Көрісу күні

 

14 наурыз - Көрісу күні

14 наурыз - Көрісу күні

 

Дереккөз: "ҚазАқпарат"

Толығырақ ...

Салиқалы әйелдің сипаты

Әлемдердің Раббысы – Аллаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ), оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Қасиетті Құран Кәрімнің «Тин» сүресінде Ұлы Раббымыз адамзат баласының ең көркем жаратылыс екенін былай деп баяндайды:

لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ

«Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық» (Тин сүресі 4-аят).

Осылайша адамның дене бітімін өте көркем түрде, дене мүшелерін лайықтастырып әрі қажетті ішкі, сыртқы сипаттармен бірге жаратып, адамзат баласын өзге мақұлықтардан даралап, дәрежесін көтеріп қойды.

Құдіреті шексіз Алла Тағала әу бастан-ақ адамды ер мен әйел етіп жаратып, оларға айрықша ерекшеліктер сыйлаған. Рас, әйел – нәзік, әлсіз және сезімге жақын жаратылыс. Дегенмен, әйелге басқа ешбір тіршілік иесіне бұйырмаған аса құрметті де маңызды мәртебе берілген. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген:

 

يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُوا رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَخَلَقَ مِنْهَا زَوْجَهَا وَبَثَّ مِنْهُمَا رِجَالًا كَثِيرًا وَنِسَاءً

«Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар» (Ниса сүресі, 1-аят).

Сонымен қатар Құранның келесі аятында Жаратушы Иеміз ер мен әйелдің  өзара міндеттері жөнінде былай деген:

لَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ ، وَلِلرِّجَالِ عَلَيْهِنَّ دَرَجَةٌ ، وَاللّهُ عَزِيزٌ حَكُيمٌ

«Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар. Сонымен қатар (отбасын асырау сынды ауыр да жауапты міндеттерін арқалағандықтан) ер азаматтардың дәрежесі әйелдерден бір сатыға жоғары. Алла – Азиз (ұлық, бәрінен үстем) һәм Хаким (әр ісі мен әрбір үкімі көптеген хикметтерге толы болған асқан даналық иесі)» (Бақара сүресі, 228-аят).

Қасиетті Құранда әйелдерге арналған «Ниса», «Мәриям» деп аталатын арнайы сүрелер бар. Бұдан бөлек, Алла Тағала «Талақ», «Тахрим», «Ахзаб», «Нұр», «Мұмтахина» сүрелерінде де әйелдің мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін ашық баяндаған. Біз бұл сүрелер мен аяттардан Ислам дінінің әйел затына қаншалықты көңіл бөлетінін анық аңғарамыз.

Алла Тағала өзінің кәләмі Құранда салиқалы әйелдің сипаттары жайлы былай деген:

إِنَّ الْمُسْلِمِينَ وَالْمُسْلِمَاتِ وَالْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ وَالْقَانِتِينَ وَالْقَانِتَاتِ وَالصَّادِقِينَ وَالصَّادِقَاتِ وَالصَّابِرِينَ وَالصَّابِرَاتِ وَالْخَاشِعِينَ وَالْخَاشِعَاتِ وَالْمُتَصَدِّقِينَ وَالْمُتَصَدِّقَاتِ وَالصَّائِمِينَ وَالصَّائِمَاتِ وَالْحَافِظِينَ فُرُوجَهُمْ وَالْحَافِظَاتِ وَالذَّاكِرِينَ اللَّهَ كَثِيرًا وَالذَّاكِرَاتِ أَعَدَّ اللَّهُ لَهُم مَّغْفِرَةً وَأَجْرًا عَظِيمًا

«Аллаға мойынсұнған мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдер, шын жүректен иман келтірген мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, (хақ діннің барлық үкімдеріне)қалтықсыз бағынған ерлер мен қалтықсыз бағынған әйелдер, (сөздері мен іс-әрекеттері) түзу әрі шынайы болған шыншыл ерлер мен шынайы да шыншыл әйелдер, сабырлы да табанды ерлер мен сабырлы да табанды әйелдер,(Алланың алдында) өте ізетті әрі кішіпейіл болған ерлер мен сондай инабатты әрі кішіпейіл болған әйелдер, (Алла жолында мұқтаждарға) зекет-садақа беретін ерлер мен зекет-садақа беретін әйелдер, ораза ұстайтын ерлер мен ораза ұстайтын әйелдер, арын сақтап, абыройларын күнәдан тыйған ерлер мен арын сақтап, абыройларын күнәдан тыйған әйелдер, сондай-ақ Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер (бар ғой?!) Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сияпат дайындап қойды».

عَسَىٰ رَبُّهُ إِن طَلَّقَكُنَّ أَن يُبْدِلَهُ أَزْوَاجًا خَيْرًا مِّنكُنَّ مُسْلِمَاتٍ مُّؤْمِنَاتٍ قَانِتَاتٍ تَائِبَاتٍ عَابِدَاتٍ سَائِحَاتٍ ثَيِّبَاتٍ وَأَبْكَارًا

«Егер ол сендерге талақ айтса, бәлкім, Раббысы оған сендерден де жақсы, Аллаға қалтықсыз мойынұсынған, иманы кәміл (Аллаға һәм Пайғамбарына (ﷺ))шын көңілмен бағынатын, тәубешіл, құлшылыққа жаны құмар, көп ораза ұстайтын жесір әйелдер немесе беті ашылмаған пәк қалыңдықтар нәсіп етер»(Тахрим, 5-аят)Ал «Ниса» сүресінің 34-аятында қосымша былай делінген

 

فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِّلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللَّهُ ۚ

«Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынұсынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтықсыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқығын аяқасты етпей (ар-ұяттарын, отбасылық сырларды, отбасына тән абырай мен ерлері тапқан мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар».

Яғни ізгі, салиқалы әйел Жаратушысына бойсұнып, Оның бұйырған құлшылықтарын орындайды және күйеуіне бағынып, оны тыңдайды. Әрі Алла Тағаланың көмек беруі арқылы күйеуінің ар-намысын, дүние-мүлкін қорғайды.

Алла Елшісі (ﷺ) де Құран Кәрімде айтылған салиқалы әйелдің сипаттарын одан әрі керемет түрде айшықтап, егжей-тегжейлі баяндап берген.

 

 

Салиқалы әйел және оған қатысты сипаттар:

 

  1. Салиқалы әйел – осы дүниеде берілген нығметтердің ең жақсысы.

Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте, жақсы әйелдің мәртебесі жөнінде Алла Елшісі (ﷺ) былай деген:

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: (الدُّنْيَا مَتَاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ) رواه مسلم

«Бұл дүние өткінші бір ләззәт қана. Ал дүниедегі өткінші ләззәттың ең хайырлысы салиқалы, жақсы әйел» (Имам Муслим риуаят еттті).

Имам Абул-Аббас әл-Қуртуби бұл хадиске қатысты былай деген болатын: «Мұндай әйел өзіне және дініне қатысты әрдайым салиқалылықты ұстанады. Ал осындай сыйпатқа ие әйел күйеуінің де жағдайын жақсартады» «әл-Муфхим» 4/221.

 

  1. Жақсы әйел – Раббысының алдындағы міндеттерін толық орындайды.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:)إِذَا صَلَّتْ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا وَصَامَتْ شَهْرَهَا وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا قِيلَ لَهَا ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ ) رواه أحمد (1664) وغيره

Абу Хурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай деген: «Егер әйел кісі бес уақыт намаз оқыса, Рамазан айында ораза тұтса және ар-намысын қорғап, күйеуіне бойұсынатын болса, онда оған: «Жұмаққа қалаған қақпасынан кір»,-деп айтылады».(Имам Ахмад риуаят етті).

Бұл хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) әйел кісінің күйеуіне бағынуы өте маңызды болғандықтан, Ислам дінінің намаз және ораза сияқты ұлы құлшылықтарымен бірге атап өтті. Демек әйел заты өзінің адал жолмен жұптасқан еріне бойұсынбаған жағдайда, жұмақтың қалаған қақпасынан кіру игілігінен мақрұм қалары анық. Ал салиқалы мұсылман әйел үшін Алла Тағаланың рақым, мейірімі арқылы жұмаққа кіруден басқа қандай бақыт қажет?!

 

  1. Салиқалы әйел – Алла Тағаланың разылығына ұмтылады.

Ал нағыз ақылды, парасатты әйелдің үлгісін көрсеткен мына бір керемет оқиғаға көз жүгіртіңізші. Жәбир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын) былай деп баяндайды: «Бір күні Әсма бинт Язид (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (ﷺ) келеді де, «Я, Алланың Елшісі, сен маған ата-анамнан да артық қымбатсың. Мен саған барша мұсылман әйелдердің атынан келіп тұрмын. Анығында сен – еркектерге де, әйелдерге де ортақ болып жіберілген Алланың Елшісісің. Бізді мазалайтын бір нәрсе бар. Біздің, яғни әйелдердің көп уақыты үйде өтеді. Біз күйеуіміздің разылығын іздейміз, бала сүйіп, ұрпақ жалғастырамыз. Ошағымыздың түтінін түтетіп, күйеуіміздің дүние-мүлкіне бас-көз боламыз. Соған қарамастан, біз жасай алмайтын кейбір амалдарды еркектер жасайтындығы үшін олардың Алладан алатын сауаптары бізден асып кетеді. Олар күнделікті бес уақыт намаздан бөлек жұма намаздарына қатысады, науқастардың көңілін сұрап барады, жаназа намаздарына қатысады, қажылық парыздарын өтеп, құрбан шалады. Олар сондай сауабы мол амалдарды жасап жатқанда біз үйде қаламыз. Олардың бала-шағасына қарап, киімдерін тігеміз. Біз осы үшін олардың алып жатқан қыруар сауаптарының бір үлесін болса да ала аламыз ба? – деп сұрайды. Бұл сұрақты естіген Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына қарап: «Сендер бұдан артық сұрақ қойған әйелді бұрын-соңды көріп пе едіңдер?»-дейді. Сахабалары: «Я, Алланың Елшісі, әйел адам осындай сұрақ қояды деп ешқашан ойламап едік»,-дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) Әсмаға (р.а) бұрылып: «Мені жақсылап тыңда және мұны өзге әйелдерге де жеткіз. Егер әйел адам күйеуіне бойсұнып, оның үйдегі тірліктерін жасаса, көңілін тойдырып, оны разы етсе, онда ол да Алла жолында құлшылық етіп жүрген күйеуі секілді сауаптарға ие болады!»-дейді. Мұны естіген Әсманың жүзінде ерекше қуаныш, шаттық пайда болған еді. Көңілі көтерілген ол кетіп бара жатып қайта-қайта «Лә иләһә иллә Алла (Алладан басқа Құдай жоқ), «Аллаһу Әкбар (Алла Ұлы)» деумен болады... (Әбу Дәуд). Міне, бұл Алланың разылығына ұмтылған нағыз ақылды әйелдің жарқын мысалы еді.

 

  1. Салиқалы әйел – ерінің дүниелік әрі діни істеріне көмектеседі.

عَنْ أبي أمامة رضي الله عنه، قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:(قلبٌ شاكرٌ ولسانٌ ذاكرٌ وزوجةٌ صالحةٌ تُعينُك على أمرِ دنياك ودينِك خيرُ ما اكْتَنَزَ الناسُ)

Абу Умамадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай деген:«Шүкір етуші жүрек, Алланы еске алатын тіл және сенің дүниелік әрі діни істеріңе көмектесетін салиқалы әйел, адамдар жиған-терген қазынадан әлдеқайда хайырлы» (Әл-Бәйһақи «Шу’абул-Иман», «Сахих әл-жәмиғ» 4285.

 

  1. Салиқалы әйел – ерін бақытқа жетелейді.

عن سعد بن أبي وقاص رضي الله عنه قال :قال رسول الله صلى الله عليه وسلم:)مِنَ السَّعَادَةِ: الْمَرْأَةُ الصَالِحةُ تَرَاهَا تُعْجِبُكَ، وَتَغِيبُ فَتَأْمَنُهَا عَلَى نَفْسِهَا، وَمَالِكَ، وَمِنَ الشَّقَاوَةِ: الْمَرْأَةُ تَرَاهَا فَتَسُوءُكَ، وَتَحْمِلُ لِسَانَهَا عَلَيْكَ، وَإِنْ غِبْتَ عَنْهَا لَمْ تَأْمَنْهَا عَلَى نَفْسِهَا، وَمَالِكَ (أخرجه ابن حبان، والحاكم في المستدرك برقم (2/ 175 (

Сағд ибн Әби Уақастан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай деп айтқан: «Бақытқа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңді көтеретін, жоқ болғаныңда оған оның өзін және мал-мүлкіңді сеніп тапсыратын салиқалы әйел. Ал бақытсыздыққа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңе қаяу түсіретін, тілімен саған қарсы шығатын және жоқ кезіңде оған оның өзін әрі дүние-мүлкіңді сеніп тапсыра алмайтын әйел» (Имам Ибн Хиббан және имам әл-Хаким «әл-мустадрак» еңбегінде риуаят еткен 2/175).

Имам әл-Мунауи жоғарыда келтірілген хадистің: «Қарағаныңда көңіліңді көтеретін, жоқ болғаныңда оған оның өзін және мал-мүлкіңді сеніп тапсыратын салиқалы әйел» деген сөздеріне қатысты былай деді: «Ол сенің жоқ кезіңде өзге ер кісілермен зина немесе бір жынысты қатынас (лесбияндық) күнәсін жасау және өзінің жабылуы тиіс болған жерлерін бөтен біреулерге көрсету сияқты т.б. жағымсыз, арсыз іс-әрекеттер жасамайды». Ал «қарағаныңда көңіліңе қаяу түсіретін» деген сөздеріне қатысты былай деді: «Оның сыртқы келбеті мен іс-әрекеттері себепті» («Фәйдул-қадир» 3508).

Сонымен қатар, осы тақырыпқа қатысты Пайғамбарымыз (ﷺ) басқа хадисінде былай деген болатын:

عن سعد بن أبي وقاص رضي الله عنه عن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال:(مِنْ سَعَادَةِ ابْنِ آدَمَ ثَلاَثَةٌ، وَمِنْ شِقْوَةِ ابْنِ آدَمَ ثَلاَثَةٌ، مِنْ سَعَادَةِ ابْنِ آدَمَ الْمَرْأَةُ الصّالِحَةُ، وَالْمَسْكَنُ الصّالِحُ، وَالْمَرْكَبُ الصّالِحُ، وَمِنْ شِقْوَةِ ابْنِ آدَمَ، الْمَرْأَةُ السّوءُ، وَالْمَسْكَنُ السّوءُ، وَالْمَرْكَبُ السّوءُ) روى ابن حبان في صحيحه (4032) وأحمد في مسنده (1448).

«Адам баласын бақытты қылатын және бақытсыз ететін үш нәрсе бар. Адамды бақытты қылатын үш нәрсе: ізгі әйел, жайлы үй және жақсы көлік. Ал адамды бақытсыз ететін үш нәрсе: жаман әйел, жайсыз үй және жаман көлік » (Имам Ахмад «Муснад» кітабында, имам Ибн Хиббан «сахих Ибн Хиббан» кітабында риуаят етті).

 

  1. Жақсы әйел – күйеуін жақсы көреді, оған мойынсұнады.

عن أبي أذينة الصدفي أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: (خَيْرُ نِسائِكُمُ الوَدُودُ الوَلودُ، الْمُوَاتِيَةُ، الْمُوَاسِيَةُ، إذا اتَّقَيْنَ اللهَ، و شَرُّ نِسائِكُمُ الْمُتَبَرِّجَاتُ الْمُتَخَيِلاتُ، وهُنَّ الْمُنافِقَاتُ، لا يدخلُ الجنةَ مِنْهُنَّ إلَّا مثلُ الغُرَابِ الأَعْصَمِ) أخرج البيهقي في " السنن الكبرى " (13478).

Әбу Узайна әс-Садфи (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай деген: «Әйелдеріңнің ең жақсысы – күйеуін жақсы көретін, жиі бала туатын, ерін мақұлдайтын әрі оған бойұсынатын әйелдер. Ал әйелдеріңнің ең жаманы – өзінің сұлулығын басқаға көрсететін және менменшіл-тәкаппар әйелдер. Олар – екіжүзді мұнафықтар тәрізді. Олардың тек, тұмсықтары немесе аяқтары қызыл түсті шәуқарғаларға ұқсаған аз бөлігі ғана жұмаққа кіреді» (Имам әл-Бәйһақи «Сунанул-кубра» 13478 еңбегінде риуаят етті).

Имам әл-Мунауи жоғарда келтірілген хадистегі: «Олар –екіжүзділер» сөзіне қатысты былай деген: «Яғни, соларға ұқсап еліктейді.  Олар ақ дақтары бар шәуқарғаға теңестірілген себебі – олардан жұмаққа кіретіндері өте аз. Себебі мұндай шәуқарғалар өте сирек кездеседі»(«Фәйдул-Қадир» 4092).

  1. Ізгі әйел – көркем мінезді болады.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قِيلَ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ النِّسَاءِ خَيْرٌ؟ قَالَ: الَّتِي تَسُرُّهُ إِذَا نَظَرَ، وَتُطِيعُهُ إِذَا أَمَرَ، وَلَا تُخَالِفُهُ فِي نَفْسِهَا وَمَالِهَا بِمَا يَكْرَهُ .رواه النسائي (3131)

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздан () бір кісі: «Қандай әйел ең жақсы?», – деп сұрағанда, Ол (): «Күйеуі оған қарағанда, оны қуантатын; ол оған бір нәрсе бұйырғанда, мойынсұнатын, өзіне және өзінің мал-мүлкіне қатысты бір нәрсе ұнамай тұрса да күйеуіне қарсы келмейтін әйел», – деп жауап берді. (Имам ән-Нәсәи (3131) риуаят етті). Бұл хадистен түсінгеніміз, мұсылман әйел өзінің мал-мүлкін өз қалауы бойынша жаратуға толық қақысы бар. Сонымен қатар күйеуі әйелінің жеке мүлкіне иелік ете алмайтындығы да белгілі. Десе де, парасатты әрі салиқалы мұсылман әйел дүниесін қалай жарататындығы және не нәрсеге жұмсайтындығы жөнінде күйеуімен ақылдасқаны жөн. Себебі мұндай мінез тек жақсы әйелдің бойынан ғана табылатындығы ақиқат. Сондай-ақ мұндай әрекет, күйеуінің әйеліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсері анық.

Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) былай деген: «Ер кісі, Аллаға иман келтірген соң, күйеуін жақсы көретін және көп бала туатын көркем мінезді әйелден артық еш нәрсе иеленген емес! Сонымен қатар ер кісі, Аллаға күпірлік келтірген соң, нашар мінезді және ашшы тілді әйелден жаман еш нәрсеге қол жеткізген емес!» (Ибн Әби Шәйба 4/308, әл-Бәйһақи 7/82 риуаят етті).

 

  1. Салиқалы әйел – ең бірінші болып татуласады.

روي من حديث أنس وابن عباس وكعب بن عجرة رضي الله عنهم، عن النبي صلى الله عليه وسلم فيه أنه قال: (أَلَاْ أُخْبِرُكُم بِرِجَالِكُم فِي الجَنَّةِ ؟ !النَّبِي فِي الجَنَّةِ، وَالصِّدِّيقُ فِي الجَنَّةِ، وَالشَّهِيدُ فِي الجَنَّةِ، وَالمَوْلُودُ فِي الجَنَّةِ، وَالرَّجُلُ يَزُورُ أَخَاهُ فِي نَاحِيَةِ المِصْرِ - لَاْ يَزُورُهُ إِلَّا لِلَّهِ - فِي الجَنَّةِ .أَلَاْ أُخبِرُكُم بِنِسَائِكُم فِي الجَنَّةِ؟! كُلُّ وَدُودٍ وَلُودٍ ، إِذَا غَضِبَت أَو أُسِيءَ إِلَيهَا أَو غَضِبَ زَوجُهَا ، قَالَت: هَذِه يَدِي فِي يَدِكَ، لَاْ أَكْتَحِلُ بِغُمضٍ َحتَّى تَرضَى) أخرج الطبراني في الكبير (19/14).

Әнастың, Ибн Аббастың және Қағб ибн Ужраның (Алла оларға разы болсын) сөздерінен Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқаны риуаят етілді: «Сендерге жұмақ иелерінен болатын еркектерің жайлы хабар берейін бе?! Пайғамбар жұмақтық, шыншыл жұмақтық, шәһид жұмақтық, қайтыс болған сәби жұмақтық, ауыл-аймақтың шетінде тұратын мұсылман бауырын тек Алланың разылығы үшін ғана зиярат еткен ер жұмақтық. Ал енді сендерге жұмақ иелерінен болатын әйелдерің жайлы хабар берейін бе?! Күйеуін жақсы көретін, көп бала туатын және күйеуі оған зұлымдық қылған кезде немесе өзі күйеуін ашуландырған уақытта күйеуінің қолын ұстап тұрып: «Сен разы болмайынша, мен көзімді ілмеймін!»,-деп айтатын әйел» (Имам әт-Табарани «әл-Кәбир» 14/307 еңбегінде риуаят етті).

Алла Тағалаға мақтаулар болсын! Бұл қандай керемет хадис! Біздің заманымызда осынау хадистің мән-маңызын ұғынып, амалға асыратын әйелдер бар ма?! Әлде біздің қоғамымызда әрдайым жақсылық жасап келіп, кейде ағаттық жасап қойған кезде: «Мен сенен ешбір жақсылық көрмедім!»,-деп айтатын мұсылман әйелдер ғана қалғаны ма?! Шынымен-ақ, өзі кінәлі бола тұра: «Сен разы болмайынша, мен көзімді ілмеймін!»,-деп кешірім сұрайтын әйелдер бар ма екен шіркін?!

Имам әл-Мунауи осы хадис турасында былай деген екен: «Кез-келген мүмін әйел осы айтылған сипаттармен ерекшеленетін болса, онда ол жұмақ иелерінің қатарынан болады. Алайда, әйелдердің арасында мұндай қасиеттермен ерекшеленетіндер өте аз. Себебі салиқалы әйел – ақ дақтары бар шәуқарға сияқты өте сирек кездеседі» («Фәйдул-Қадир» 2867).

 

  1. Ізгі әйел – әрдайым сабырлық танытады.

Әйел кісі тіпті өзінің қызғанышын тежеудегі сабырлығы үшін де үлкен сый алады. Мужаһид (Алла оған разы болсын) былай дейтін: «Алла жолындағы күрес еркектерге бұйырылды, ал қызғану әйелдерге бұйырылды. Сондай-ақ сабырлық танытатын әйел, Алла жолында күресуші кісі алатын сауаптың жартысына ие болады». (Ибн Әби әд-Дуня «Китаб әл-ғиял» 551).

Алла Тағала салиқалы әйелдерге нендей игілік жасап жатқанына барынша зер салу қажет. Себебі Жаратушы Иеміз әйел кісінің күйеуіне бағынуы мен еріне деген жақсы қарым-қатынасының есесіне үлкен сауаптар әзірлеп қойған. Жоғарда келтірілген хадистерді ұғынып, мұсылман әйел күйеуіне қатысты қырсықтық сияқты т.б. көптеген жаман қылықтардан ада болып, күйеуінің разылығына қол жеткізумен Раббысының алдында жетістікке жетуге тырысуы қажет.

 

  1. Салиқалы әйелдің – өмірлік ұстанымы үнемшілдікке негізделіп, ысырапшылдыққа жол бермейді.

           Бұл жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُوا إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ ۖ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا

«Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!» (Исра сүресі, 27-аят).

 

Келесі басқа аятта Жаратушы Иеміз былай дейді:

كُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«(Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды» (Ағраф сүресі, 31-аят).

Сондықтан мұсылман әйел үйіндегі тұрмыстық жағдайына қатысты кез-келген мәселеде күйеуінің қолынан келмейтінді емес, керісінше шамасы келетін нәрселерді талап еткені дұрыс болады. Себебі біздің өмір сүріп жатқан заманымызда адамдар қызыға қарайтын игіліктер мен қатты маңызды болмаған қымбат әрі арзан дүниелер өте көп. Ал бұл өмірде адам баласы осы аталған қатты маңызды болмаған тұрмыстық қажеттіліктерсіз ақ бақытты ғұмыр кешуге қауқарлы. Өйткені Алла Тағаланың құзырында адамның тұрмыстық жағдайының кемел болғандығы емес, имани құндылықтардың толық болғаны аса маңызды.

 

  1. Жақсы әйел – күйеуін жоғары бағалайды.

Ата ибн Рабах  Сағид ибн әл-Мусайябтың (Алла оған разы болсын) қызы былай дегенін риуаят етті: «Сендер әмірлеріңнің алдында өздеріңді қалай ұстаған болсаңдар, біз де күйеулеріміздің алдында өзіміді тура солай ұстайтынбыз!» (Ибн Әби әд-Дуня «Китаб әл-Ғиял» 546).

Ертеде бір кісінің үйіне досы қонаққа келіпті. Өзі кедей болса да қонақжай жігіт әйеліне: – Қонаққа қарбызды әкел,-деп бұйыра сөйлейді. Әйелі барып, «Салқындасын» деп шатыр астына қойған қарбызды ала келеді. Күйеуі: – Басқасын әкел! Бұл жарамайды,-дейді. Әйел үнсіз барып, басқасын әкеледі. Бұл жағдай бірнеше қайталанады. Бұған таңданған досы: – Бәрі бірдей ғой, әйеліңді неге әуреге саласың?-деп сұрайды. Сонда үй иесі: –Негізі, үйде осы жалғыз қарбыздан басқа – ештеңе жоқ. Әйелім күні бойы бір қарбызды әкеліп жүр. Онысы – менің абыройымды түсірмеу, сөзімді екі етпеу! Егер, ақылсыз әйел болғанда сол кезде-ақ, «Осыдан басқа – қарбыз жоқ қой. Неге жұмсай бересің?» дер еді,-деген екен. Әйелінің салиқалығына таңданған досы қатты риза болыпты.

Қорытындылай келе, Алла Тағаладан біздің Құран аяттары мен Алла Елшісінің (ﷺ) хадистерін оқып, естігенде құр тәнті болумен ғана шектеліп қалмай, амал етуімізді нәсіп етсін деп тілейік! Суфиян ибн Уяйна былай деген екен: «Жақсы мен жаманды білетін кісінің барлығы ақылды емес. Ақиқатында, ақылы бар адам – жақсылықты көріп, соған ілеседі, жамандықты көріп, одан алыстайды!» («әл-Хилия» 8/339).

Жалпы Алла Тағала бізге алдыңғы буын (сәләф салих) мұсылман ғалым-ғұламалары арқылы бір ай жол жүріп игерілетін ғылым-білімге қол жеткізуді жеңілдетті. Алайда, өкінішке орай, бұл жағдай қазіргі қоғамдағы көптеген мұсылмандардың алдыңғы буын өкілдерінің мирас етіп қалдырған білімдерін құнттамауға, бағаламауға әкеп соқтырды. Олай болса баршамыз, мейілінше қол жетімді етіліп, жеңілдетілген білімді қадірлеуге, игеруге, амалға асыруға асығайық!

Имам әл-Хатыб әл-Бағдади былай деген: «Амалдар – жетістікке жету үшін жүзеге асырылғандай, білім де, соған сай амал етілу үшін игеріледі. Егер де, білім амалға асырылмайтын болса, онда ол, иесі үшін ауыр жүкке айналады» («Таһзибу иқтида әл-ғилм» 6).

Қазіргі уақытта ер кісілер көбінесе өздерінің ұлы хақылары жайлы айтылған хадистерді айрықша пайдаланып, алайда өздері әйелдерінің алдындағы тиісті міндеттерін орындамайтыны және мұсылман әйелдер де тек өздеріне қатысты күйеулерінің жақсы қарым-қатынас жасап, сабырлық танытуға ынталандыратын хадистерді ғана пайдаланып, алайда өздерінің күйеулеріне қатысты орындаулары тиісті болған міндеттерді атқарудан қашқақтайтындығы да өте жие кездеседі!

Сондықтан Алла Тағала бізді мұндай селқостықтан сақтап, ақиқатты ести салысымен соған қарай ілесетін және соны жүзеге асыру үшін, өзінің нәпсісі қалауларымен күресетін мүмін мұсылмандардан етсін!

Адалдық пен арамдық жайлы терең ілімі бар сахаба – Мұғаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) былай деген: «Қалағандарыңша білім үйреніңдер, алайда сол білімге сай, амал етілмейінше, Алла Тағала сендерге ол білімнен еш пайда бермейді!» (Ибн әл-Мубарак «әз-Зуһд» 21, Абу Дауд «әз-Зуһд» 196.

Сөз соңында әлемдердің Раббысы – Алла Тағалағаға мақтау-мадақтар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ), оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және оларға ықыласты түрде ерген барша мұсылмандарға Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Алла Тағала дін Исламға қуат, халқымызға амандық, елімізге тыныштық, қоғамымызға салиқалылықты нәсіп етіп, мемлекетіміздің тұғырын биік, тәуелсіздігімізді баянды қылғай!
Толығырақ ...