ұстаз Мейіржан Рахматулла \ Мұсылманның келбеті | islam-atyrau.kz
- Бөлім: Жұма уағызы
Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен, қаладағы «Капитал Плаза» бизнес орталығының конференц-залында «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы, ҚМДБ-ның қызметкерлері, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар, облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері, облыс имамдары және мешіт ақсақалдары мен жамағаты, мейрамхана басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияда діни рәсімдердің орындалуын бірізділендіру, аталған рәсімдерді ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің XV отырысында қабылданған «Жаназа һәм жерлеу рәсімдері» пәтуасының аясында жүзеге асыру және осы ретте ҚМДБ бұйрығымен бекітілген арнайы дін мамандарының қызметіне жүгіну мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, конференция делегаттарының ортақ талқысына салынумен Ақтөбе облысына ортақ құдайы ас (садақа) мәзірі бекітілді. Соған сәйкес құдайы ас дастарханына бауырсақ, жеті нан, тары, талқан (жарма), қаймақ, сары май сынды ұлттық тағамдарымызды және одан бөлек нан, құрма, қант, кәмпит, печенье, мейіз, өрік, шай, су және ыссы тамақ есебінде ет (немесе күріш) қою ұсынылды.
Конференцияда ҚМДБ-ның «Шариғат және Пәтуа» бөлімінің меңгеруші орынбасары Шоқанов Сансызбай, Атырау облысының өкіл имамы Мансұров Батыржан қажы, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Айталы Амангелді, Ақтөбе облысының өкіл имамы Оспан Төлеби, Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің Бас имамы Әли Алмат, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетiнің президенті, ф.ғ.д. профессор Ахан Бекежан қажы, Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Низамутдинов Әлізақ баяндама жасады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
Исатай аудандық мешітінің бас имамы Қ.Бақтығұлов Х.Ерғалиев ауылының тұрғындарымен мәдениет үйінде кездесу өткізіп, халыққа есеп берді. Жиынға ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сергей Есмағанбетов бастаған ауыл ақсақалдары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Имам Қ.Бақтығұлов өз сөзінде аудан бойынша жасалып жатқан жұмыстар мен кейбір өзекті мәселелерге тоқталып, қазіргі кезде Алла үйіне ақсақалдардың келмеуі, теріс ағымның алдын алу жолдары,жастарды медресеге оқуға жіберу және жаназа мен садақадағы ысырапшылдық туралы сөз қозғады. «Аудан бойынша садақада қойылатын тағамдардың тізімін жасап отырмыз. Ысырапшылдық туралы Алла Тағала Құран Кәрімде Ағраф сүресі, 31-аятта : «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер», - деген. Біз қаза болған жерге тойдың тамағындай етіп қоямыз, тағамдардың көбі желінбейді одан да маңыздысы үй иелеріне ауыр жүк. Қарызданып тамақ алады, кредит алып жасайтындар да бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қаза болған үйде үш күн тамақ ішілмесін», -деген. Олай болса, қазалы болған үй адамдарын үйімізге шақырып, қолдау көрсетіп тамақтандыруымыз керек», - деді имам Қ.Бақтығұлов.
Қатысушы Сергей ақсақал, Роза, Қаламқас апалар да өз ойларын айтып, бұл ұсынысты қолдайтынын білдірді. Кездесу соңында ауыл имамы Қ.Хайруллин пікірін айтып, қатысушылардың осы айтылған ұсынысты қолдайтынын айтты. Ауданның бас имамы Қ.Бақтығұловтың жұмысына өте жақсы деген баға берді.
ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша
баспасөз қызметі,
Исатай аудандық мешіті
Атырау қалалық «Қ.Мұңайтпасов» мешітінің бас имамы Н.Сүндетов Ақсай ауылдық әкімшілігінде жергілікті ауыл халқымен жат ағым және оның зардаптары тақырыбында кездесу өткізді.
Ауыл жастары мен ақсақалдары бас қосқан бұл кездесуде теріс ағым идеологиясы туралы насихат айтылып, сақтық шаралары таныстырылды. Тәрбие отбасынан басталғанда ғана болашағымыздың жарқын болатыны күмәнсіз. Сананың улануы дене улануынан да қауіпті екені белгілі жай болғандықтан, ауыл ақсақалдарына мешіт қызметіне белсене араласулары туралы ұсыныс жасалды. Мектеп оқушылары мен әкімшілік қызметкерлері өздеріне қажетті сауал-жауаптарына толық қанағаттанды. Әсіресе, мектеп формасы, зиянды интернет дәрістердің қаупі, дәстүрлі дінді насихаттаудағы әлсіздіктер жайлы мазмұнды пікірлер көптің көңілінен шықты.
ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша
баспасөз қызметі,
қалалық «Қ.Мұңайтпасов» мешіті
Құрманғазы ауданында аудан ардагерлері бас қосқан жиын өтті. Жиын барысында садақаны тойға айналдырмау жөнінде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Орынғали Құмарғалиев: - Бүгінгі таңда базарлардағы мал соятын қасапханалардың санитарлық талаптарға сай тазалығын сақтап, мал союды сүннетке сай адал стандартына көшіру мәселесі қойылып отыр. Сондықтан шараға қасапханашылар мен кәсіпкерлер шақырылды. Халықтың жағдайы жақсарғанының көрінісі, қайтыс болған марқұмды соңғы сапарға шығарарда өзінің ата-ана, туыс-бауырына деген құрметі болар – өлім дастарханы той дастарханынан кем түспей жайылады. Әйтсе де әр нәрсенің өз орны бар. Садақа той емес, - дей келе, малды сүннетімізге сай бауыздау мәселесіне тоқталды. «Малдың адал стандартқа сай сойылуы үшін қасапшының мұсылман болуы, дәрет алуы, «Бисмиллаһ» деп бауыздауы керектігін жеткізді.
Аудан бойынша бас имамы Нұрлан Жарқымбаев дінімізде мүрде шыққан үйден үш күнге дейін тамақ ішпеу керектігі, ысырыпшылдыққа жол беруге болмайтынын айта келе, «дәстүр бойынша қабір басынан келгендер дастарханнан дәм татады. Көп жағдайда ысырапшылдыққа жол береміз. Бұл «байдың малын байғұс қызғанадының» кері емес. Біреулер мен де ауқатты адамнан кем қалмаймын деп несие алады. Бұлай шығынданудың қажеті не? Біріншіден, мұны ретке келтіруіміз керек. Қолымызда садақада қойылатын тағамдар жазылған тізім бар. Соны көпшілікке ұсыныс ретінде таратсақ деп отырмыз. Екіншіден, экстремизмге қарсы күшейту мақсатында молдаларға садақаларда жат ағымдардың зиянын айту міндеттеліп отыр. Себебі, олар жастарымызбен жеке жұмыс жасайды, көбінесе мешіттен тыс, интернет арқылы ақпарат таратады. Елге белгілі адамдар да солардың жетегінде кетіп жатыр. Молдалар бізге келсе, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететін едік. Ал, бұл дұрыстап қолға алса, нәтижелі болатын жұмыс, - деді.
Ардагерлерден ысырапшылдыққа жол бермеуді, тероризммен күресті күшейту үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді Өмірзақ Қажымғалиев, Сәркен Нұрғожина, Жексенбай Сариев, Зайр Хидуллин, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров, Кудряшов ауылдық округінің молдасы Ғалымжан Құспанов қолдап, өз пікірлерін айтты. Ақсақалдарымыз әр жұма сайын бес адамнан кем емес мөлшерде мешітке барып, намазға қатысып тұратын болып келісті.
ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша
баспасөз қызметі,
Құрманғазы аудандық
«Темірәлі» мешіті
Алашорда қозғалысының 100 жылдығы және ҚР Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай 1-қалалық батагөй ардагерлер сайысы болып өтті. Қала ардагерлері арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілдігі, «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Ардақ Жұмабекұлы барып қатысып қайтты.
Сайыс нәтижесі бойынша шешендік пен көрегенділіктің, тектілік пен имандылықтың үздік үлгісін көрсеткен Батырхайыр Ақмырза ақсақал байқаудың «Бас жүлдесіне» ие болды. Сондай-ақ, жүлделі орындарды қанжығасына байлап, арнайы марапаттарды иеленген ақсақалдар бойынан халық мұрасына деген зор сүйіспеншілік байқалып тұрды.
Айта кету керек, қасиет-кие дарыған сөз өнерінің қазақ халқы барда ешқашан өлмейтінін әйгілеген бұл сайыс қазақ мәдениетінің өміршеңдігін көрсетті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, ұлт тұтастығының діңгегіне айналған сөз тәрбиесін қайта жандандыру қанда бар тектілік пен намыстың қайрағы екенін ескерсек, мәңгілік елдігіміздің баянды болары хақ.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі