Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ағабек Қонарбайұлы имамдарға шеберлік сағатын өткізді

 

Бүгін, 15-мамыр ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілдігі, «Иманғали» орталық мешіті жанындағы медреседе  ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы «Аудиторияға әсер етудегі психологиялық әдіс-тәсілдер», «Көркем насихат және шешендік өнер» тақырыптарында шеберлік сағатын өткізді.

 

Қала имамдары қатысқан шарада А.Қонарбайұлы уағыз-насихаттың мән-маңызы, қоғамдағы орны туралы аз-кем тоқталып, шаршысөз барысында сөйлеуші шешен адам қолданатын психологиялық әдіс-тәсілдер мен жүйелі де мағыналы сөз сабақтай білу өнерінің қыр-сырларымен бөлісті.

 

 

 

«Иманғали» орталық

 

мешітінің баспасөз қызметі

 

Толығырақ ...

«Ұл» көркем фильмінің тұсаукесері өтті

Бүгін қаламыздағы «Құрманғазы» мәдениет үйінде Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы» Қоғамдық қоры түсірген «Ұл» қысқаметражды көркем фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталған көркем фильмнің негізгі идеясы – ата дәстүрімізге жат, теріс ниетті жат ағымдардың кесірінен қазіргі кейбір қазақ отбасыларының іштей іріп,  бірлік пен берекеден айырылуы, ұлт қауіпсіздігіне төнген қатер қасіретін кино жанры арқылы сомдау. Фильмнің экстремизм мен радикалды ағымдардың алдын-алып, ұлт тұтастығы мен ел бірегейлігін сақтауға зор үлес қосары сөзсіз.

Туындының тұсау кесер салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы құттықтау сөз сөйлеп, фильмнің режиссері Амандық  Есқалиев пен кейіпкер Сәбиттің рөлін сомдаған актер Қанат Ізетке алғыс сезімін білдірді. Сондай-ақ, көркем фильмді түсіру ісіне белсене атсалысқан ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы мен «Құспан молда» мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаровтарды «Алғыс хатпен» марапаттады.

Аталмыш көркем фильм алдағы уақытта «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан көрсетілетін болады.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Имамдар біліктілігін арттыруға арналған семинар басталды

15-мамыр күні «Иманғали» мешіті жанындағы медреседе «Қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды нығайтудың оңтайлы әдіс-тәсілдері» атты мешіт қызметкерлері мен имамдарға арналған үш күндік курстың (семинар) ашылу салтанаты өтті.

Семинарды ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы ашып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Өкіл имам имамдардың біліктілігін арттыру жұмысының қашан да өзекті екенін айтып, «Имамдар – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін жамағатқа насихаттап, көркем мінез-құлқымен (ахлақ) жамағатқа үлгі болып жүрген қадірлі мамандық иелері. Имам болу – аса жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Сондықтан имамдардың біліктілігін арттыру қашан да өзекті мәселе», – деді бас имам өз сөзінде.

Шара барысында Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Кушкалиев Қайролла Дүйсешұлы «Зайырлы мемлекеттегі діннің рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Бас мүфти: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, 

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти 

 

 

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.

Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» –деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан.

Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

 

Қадірлі жамағат!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай.   

Ендеше, рақым айы – рамазан құтты болсын! Ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!

Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!

 

(Ескерту: 2017 жылдың 27-мамыры – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!)

Толығырақ ...

Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа ҮНДЕУІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ

қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа

 

ҮНДЕУІ

 

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Құрметті отандастар!

Баршаңызға қасиетті рамазан айының қарсаңында жыл сайынғы дәстүрлі үндеуімді жолдаймын!

Өздеріңізге белгілі, еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы отандастарымыз айтып келмейтін табиғи су тасқынынан едәуір зардап шекті. Қаншама бауырларымыздың үйі су астында қалып, материалдық шығынға ұшырады. Осыған орай, жомарт жандар мен қайырымды кәсіпкерлер табиғи апаттан үй-күйсіз шарасыз қалған тұрғындарға қолдау көрсетіп, көмегін аямауда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да жанашыр жамағаттың демеушілігімен «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жеткізді. Кәсіпкер азаматтарды осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарға белсене атсалысуға шақырамын.

 

Қадірлі бауырлар!

Асыл дініміз Исламда «садақа жа­рия» деген қасиетті ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді, атап айтқанда, мешіт-медресе, аурухана, бала-бақша, спорт кешендерін тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауыл­дарға су тартып, құдық қаздырту, т.б игі амалдарды «са­дақа жария» деп атаймыз. Міне, бұл ізгі іс-шаралар халықтың игілігі үшін жасалған са­уап­ты амалдар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстарда «Қайырымдылық мекемесін» ашып, жергілікті жас буынға діни һәм зайырлы білім беріп, имандылыққа тәрбиелеумен қатар тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетуде.

Меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды жалпы жұршылыққа қажетті нысандарды тұрғызу жұмысына белсене араласып, жанашырлық танытуға шақырамын. Өйткені, рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.

Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бай-дәулетті азаматтарды жағдайы төмен тұрғындарға көмек көрсетуге үндеді. Мемлекет басшысының бұл бастамасына үн қосу баршамыздың азаматтық борышымызға айналуы қажет деп есептеймін.  

 

Құрметті қазақстандықтар!

Қоғамда кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азаматтар арасындағы қатыгездік жағдайлар, арақ-шарапқа тәуелділік, отбасындағы келіспеушілік, террорлық оқиғалар сынды жалпы адамгершілік құндылықтарға жат әрекеттер көрініс табуда. Пендені рухани тұрғыдан аздырып, елдің тыныштығын бұзып, қоршаған орта мен бүкіл қоғамның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман әрекеттерге жұрт болып жұмылып қарсы күресуіміз керек. Бүгінгідей бірлігіміздің арқасында мұндай жағымсыз, жаман оқиғалардың жолын кесе аламыз.

 

Ардақты ағайын!

Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын.

Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады. 

Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. Осынау жақсы амалдар рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса нұр үстіне нұр.

Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті рамазанда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, әрбір игі бастамаларымыз баянды болғай! Әумин!

 

Ескерту: 2017 жылдың 27-мамыры – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!

 

 

Толығырақ ...