Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қасиетті Қадір түніндегі Құран сайысы

Атырау  қалалық «Қ.Мұңайтпасов»  мешітінде  шәкірттер  арасында Қасиетті Құранды жатқа оқу және мәнерлеп көркем оқудан сайыс өткізілді. Сайысқа қатысушы шәкірттер арасында жас ерекшелігіне қарамастан ұзақ сүрені қатесіз оқып, күрең дауыстарымен тәнті еткен бүлдіршіндер көңілден шығып жатты.

Мәнерлеп оқудан Сүндетов Мұхаммедрасул 1-орынды  иеленсе, 2-орын Малика есімді жалғыз қыз бала шәкіртімізге бұйырды. 3-орынды Божанов жалғас пен Оразов Мейрамбек, Азамат есімді жігіттер қанжығасына байлады. Жатқа оқу барысында Камалов Аманғали 1-орын, Вахитов Нұрлан 2-орынды иеленді. Сайысқа қатысушыларға арнайы сый-сыяпаттар мен ақшалай жүлделер таратылды. Сайысымыз  кешкі ауызашардан кейін, қадір түніне ұйымдастырылған сира мен ахлақ сабақтарынан, жамағаттар арасында сұрақ-жауап сайысына ұласты. Қадір түнін құштарлықпен өткізген жамағат арнайы жайылған дастарханнан сәре ішіп, таң намазын оқып тарасты. Жамағаттарға қадір түнінің құрметіне тандыр нан таратылды.

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы

бойынша баспасөз қызметі,                                                                          

 «Қ.Мұңайтпасов» мешіті

Толығырақ ...

Мешітте ауыз ашар берілді

23-маусым күні Атырау облысы Индер аудандық Жарсуат ауылдық мешітінде ауыл тұрғыны Жанай Құспановтың демеушілігімен ауыз ашар берілді.

Ауыл жамағаттарына арнайы жайылған ауыз ашар дастарханын мешіт имамы Құраш Зинелұлы Құран оқып, бата берді. Уағыз-насихат айтты.

Мұрат Ахмедияров, Ғалия Муханғазина, Зоя Тынысбаева және тағы да басқа ораза ұстаушы ауыл тұрғындары сөз сөйлеп, ауыз аштырушы жандарға алғыстарын айтып, ауылда иманды жастардың көбейгенімен көңілімізді қуаныш кернейді дегендей ізгі тілектерін білдірді.

 Ауыз ашарға 50 ге жуық жамағат қатысты.  

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы

бойынша баспасөз қызметі,                                                                           

Жарсуат ауылдық мешіті

Толығырақ ...

Нұр шашқан Рамазан айы

Қасиетті Рамазан айына байланысты «Жылыой мұсылмандар орталық» мешітінде, Құран оқудан жарыс өткен болатын. «Нұр Мүбарак» университеті мен «Әбу Ханифа» медресе колледжінде білім алып жүрген жастарымыз бір ай Рамазанда сауат ашу курсын өткізіп дәріс берді.

Рамазан айының аяқталуына орай курс та өз мәресіне жетіп, сайыстар   ұйымдастырылды. Курсқа қабылданған 40 шәкірттен емтихан алынып, бас жүлде алған Абдуллаев Ислам мен Теміржан Ахмадқа аяқ арбасы табысталды. Өзге де қатысушы шәкірттерге сертификаттар табыс етіліп, сыйлықтармен марапатталды.

Бас имам Арман Исаев: «Ұстаздарымыз азды-көпті балаларыңызға діни білім беріп үйретті. Енді, әрі қарай осы балалардың тура жолдан адаспауы сіздерге байланысты», - деп, ата-аналарға құлақ қағыс ретінде жиі-жиі балаларыңызды мешітке әкеліп тұрыңыздар деді.

Ата-аналарда өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы

бойынша баспасөз қызметі,                                                                              

Жылыой аудандық мешіті

Толығырақ ...

Ауыл азаматы ауызашар берді

Қасиетті Рамазан айын барша мұсылман баласының асыға күтіп, қимастықпен шығарып салары айдан анық. Себебі, Алла Тағала Рамазан айының сансыз сауабын жауып-жасырып қойған.Әрине, Ұлы Рахманның бұл сый-сыяпатынан ешбір мұсылманның құралақан қалғысы келмейді.

Маусым айының 19-шы жұлдызында Атырау қаласы, Алғабас ауылында орналасқан «Ақ-айна» мейрамханасының қожайыны, жеке кәсіпкер, ауыл азаматы Нұрлан Аманжолұлы Бәймішев, ауылдық «Мәулімберген» мешітінің ұжымына және ауыл тұрғындарына  арнайы ауызашар берді. Дастархан басында әулеттің үлкендері  Аманжол ағай мен Мәрия апай, Нұрлан  бауырымыз ақжарма тілектерін ақтарды.Мешіт имамы  Мақсот Бағытжанов бастаған мешіт қызметкерлері  де өз ризашылықтарын білдіріп,береке-бірлік пен толағай табыстар тілеп, жақсы көңіл-күймен тарқасты.

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша

өкілдігінің баспасөз қызметі,

 

Алғабас ауылдық «Мәулімберген» мешіті

Толығырақ ...

Сауат ашу курсында Құран жарысы өтті

Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қаратон елді-мекеніндегі  «Нұрқас-Сатыбалды» мешітінде мешіт имамы А.Сарсекеевтың ұйымдастыруымен Қасиетті Рамазан айындағы жазғы сауат ашу курсында Құран кәрім жарысы өтті. 

Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Сендердің ең ізгілерің – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің», – деп өсиет айтады. Осы бір ұлағатты сөзді жүзеге асырып, жемісті еңбек етіп жатқан «Нұрқас-Сатыбалды» мешіті ашылғалы бері қаншама жанның діни сауатын ашып, арабша хат танытып келеді. Мешіт ұстаздарынан құралған әділқазылар алқасының шешімімен І орын ,ІІ орын, ІІІ орын алғандар жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы

бойынша баспасөз қызметі,                                                                           Жылыой аудандық мешіті

Толығырақ ...

Жастарды талпындырған талапты ойлар

Атырау қалалық «Қ.Мұңайтпасов» мешітінде «Жас Өрен» жастар қоғамдық бірлестігі қоры ауызашар  берді.

Мешітіміздің бас имамы Н.Сүндетовтың бастауымен мерекелік дастархан ашылып, жастарға уағыз-насихат айтылды. Дастархан басында  «Шапағат»  деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек» қоры ҚҚ-ы теологы, белгілі дінтанушы Серікжан Еншібайұлы жамағатты ауызбіршілікке шақырып, қазіргі қоғамдағы дерт мұсылмандардың өздерінің бір-бірін айдап салу тақырыбын кеңінен қозғады.

Құптан намазының алдында «Жас Өрен» жастар қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен діни-шариғи викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, жамағаттар белсене атсалысты.Қасиетті Рамазан айындағы хайырлы істері сауапқа жазғай.

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша

баспасөз қызметі, қалалық

«Қ.Мұңайтпасов» мешіті

Толығырақ ...

«Әт-Тақуа» мешітіндегі Айт намазы дүбірлі мерекеге ұласты

24-маусым – Ораза Айт күні қалалық «Әт-Тақуа» мешітінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де Айт намазы оқылды.

Айт намазының алдында мешіттің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы таң атысымен мешітке қарай ағылған барша жамағатты Ораза Айт мейрамымен құттықтап, Айт намазының оқылу тәртібін түсіндірді. Және Ораза Айттың дініміздегі үкімі, қадір-қасиеті мен ерекшеліктерінен сыр шертетін пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті, хикметі мол Құран, тағылымды Ислам тарихынан сөз қозғап, өнегелі уағыз айтты.

Мешіттің іші-сыртын лық толтырған жамағат Ораза Айт мерекесінің мән-мағынасын аят, хадистермен айшықтаған әсерлі уағыздан соң, имамға ұйып, Айт намазын оқыды.

Намаз бітісімен отыз күн ораза – Рамазан айын шығарып салып, Айтқа аман жеткен ағайын бірін-бірі құшақтаса құттықтап жатты. Кейінгі ұрпақтың дін-Исламға келіп, осы күнге жеткеніне іштей шүкіршілік айтқан ақсақалдар алқасы мешіттегі Жастар ұйымы жайған ақ дастарханнан дәм ауыз тиді. Аға буынның өкілдері ретінде ізгі тілектерін жолдап, баталарын берді.

Бір қуанарлығы – биылғы жылы «Әт-Тақуа»мешітінде басталған Ораза Айт мейрамы жергілікті халық тарапынан кең қолдау тауып, игі дәстүрге жол ашылғандай. Айта кету керек, қонақжай еліміздің салтымен Алланың үйінде жайылған ақ дастархан Жұмыскер мөлтекауданында жалғасын тауып, «Сарықамыс» мектебінің ауласына құрылған киіз үйлерде мешіт жамағатына құрмет көрсетілді. Балалар батуттарда ойын қызығына батып, өзді-өзі мәре-сәре боп жатты. Міне, ұлттық рухыңды асқақтатар осынау мерекелік көрініс Алла Тағаланың рақымы түскен Ораза Айт мерекесінің жас пен кәріні түгел қуанышқа бөлер қасиетті мереке екенін аңғарта түскендей.

Алла Тағала Рамазаннан Рамазанға, айттан айтқа аман жетуімізді нәсіп еткей!

 

ҚМДБ-ның Атырау

облысы бойынша баспасөз қызметі,

қалалық «Әт-Тақуа» мешіті

Толығырақ ...

Қосшағыл ауылында Ораза айт намазы оқылды

Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл ауылдық мешітінде Айт намазы оқылды. Айт намазын «Қосшағыл» ауылы мешітінің  имамы Теңел Айдарбекұлы жүргізді.

Айт намазынан соң айт мерекесі басталып, барлық мұсылман қауым бір-бірін шын ниетімен құттықтасып, елге, халыққа амандық саулық тілесті. Мешіт ауласындағы жайылған айттық дастарханға шақырылды.  Мереке құрметіне орай кір көтеру, арқан тартыс, қазақша күрес, қол күрестері өтті. Жүлдегер жеңімпаздар арнайы диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бүлдіршіндерге батут құрылып, ойыншықтар, балмұздақ, сусындар таратылып жүздеріне күлкі сыйлады.

Ораза Айт – мейірім-шапағат, рақымшылық, достық, татулық  сезімдерін тудыратын күн. Бұл күндері мұсылман баласының рухы шаттанып, көңілдері бір серпіліп қалады.   

 Баршамыздың ұстаған оразаларымыз, дұға-тілектеріміз бен құлшылықтарымыз қабыл болып, Алла Тағала Рамазаннан Рамазанға аман-есен жете беруімізді нәсіп етсін!  

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша

баспасөз қызметі,

Қосшағыл ауылдық мешіті

Толығырақ ...

Жылыой аудандық орталық мешітінде айт намазы оқылды

Күллі мұсылман қауымы сағына күткен қасиетті Рамазан айы да аяқталды. Таң қылаң берісімен құлшылық ордаларына қарай ағылған халықтың қарасы жылдан-жылға артып келе жатқаны байқалады.

Жылой орталық мешітінде өткен айт намазына аудан әкімі М.Шафиқұлы  қатысып, жамағатты Ораза айт мерекесімен құттықтады.

«Жылыой мұсылмандар» орталық мешітіне келген жамағат іші тұрмақ, сыртқы ауласынан әрең орын тауып, сап түзеді. Мешіт ұстазы Б.Сағындықовтың дәстүр бойынша, айт намазын қасиетті Құран Кәрімді оқумен бастады, мешіттің ұстазы Д. Сулейменов жамағатқа қасиетті Рамазан айы мен Ораза айт мерекесі жайлы уағыз айтты. Мешіттің бас имамы Арман Исаев жамағатқа Айт намазының оқылу ретін түсіндіріп, жамағат имамға ұйыды.. Намаз соңында 98 жастағы ақсақал Абдулла қажы бата берді.

Айт намазын оқып болғаннан соң келген жамағатқа жайылған айт дастарханда бас қосты. Сондай-ақ спорт сүйер қауымға қазақша күрес, қол күрестер ұйымдастырылып жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бүлдіршіндерге батуттар құрылып, тәттілер таратылды.

 

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша

баспасөз қызметі,

Жылыой орталық мешіті

Толығырақ ...

Өкіл имам волейболдан өткен қалалық біріншілікке қатысты

24-маусым күні қаладағы «Жайық» спорт кешенінде «EXPO-2017 Астана» халықаралық көрмесі және Ораза Айт мерекесіне орай волейболдан бауырластық кездесуі өтті.

40-тан асқан ересектер арасында өткен бұл қалалық ашық біріншіліктің өтуіне «Иманғали» орталық мешіті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, сондай-ақ, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұжымдары ұйытқы болды.

Аталған біріншілікке ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы қатысып, облыстық «Білім-иннвовациялық лицейі» ата-аналар құрама командасында бақ сынады.

Қаладағы жоғары оқу орындары мен түрлі мекеме командалары қатысқан сайыстың шарты бойынша команда құрамында 8 ойыншы мен 1 уәкілдің болуы талап етілді.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынға қала әкімшілігі атынан қатысқан Еркінқала жамағаттары ие болса, жүлделі 2-орынға Ардагерлер қоғамы табан тіреді. Ал, «Білім-иннвовациялық лицейі» ата-аналар құрама командасы жүлделі 3-орын биігінен көрінді.

Жеңімпаз командалар сайыс кубогы, медаль және мақтау қағаздарымен марапатталды.  

 

«Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...