Ислам дінінің таралуына ең көп кедергі келтіріп, зиянын тигізген – христиан әлемі. Себебі, христиандардың тарихтағы ең үлкен орталықтарының үшеуі (Құддыс, Ескендерия, Антакия) мұсылмандардың қолына өткен. Бұл олардың жүрегінде кек болып қалып кеткен секілді. Сондықтан да оларға шындықты түсіндіру қиын. Сонда да бір-екі мысалмен Исламның адамзатқа тек бейбітшілік әкелгендігін, адамдардың еркін түрде бұл дінді ұнатып қабылдағанын түсіндіруге тырысайық.
Ислам діні Алла тағаланың адамзат баласын бұл дүниеде сынақ үшін жаратқанын, сол себепті оған ақыл мен ерік бергендігін айтады. Ал, иман – осы екі қабілеттің беретін жемісі. Адам бұл дүниеде ақылымен ойланып, іздестіріп, еркімен шешім қабылдайды да ақыретте сол таңдауының есебін беретін болады. Олай болса, әр адам өзінің иманы арқылы сыналатындықтан, оған ешқандай зорлық көрсетілмеуі тиіс. Мұны адамдар мәжбүрлей алмайды. Алланың өзі де иманға зорлықтың жоқтығын Құранда айтылады: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Егер Раббың қаласа, әрине жер бетіндегілердің барлығы түгелдей иман келтірер еді. Адамдарды иман келтіруге сен зорлайсың ба?(Юнус, 99); Мүминдер аңғармады ма? Алла егер қаласа, адамдарды түгелдей тура жолға салар еді (Рағыд, 31); Пайғамбарлардың міндеті жеткізу ғана, Алла ашық істегендеріңді де, жасырғандарыңды да біледі (Мәида, 99); Негізінде сенің міндетің жеткізу ғана, есебі бізге тән (Рағыд, 40).
Сондықтан пайғамбарлар және пайғамбар үмметінің міндеті – тек дінді тарату оны өмірімізге енгізуімізбен үлгі болу. Одан арғысы біздің жұмысымыз емес. Дегенмен, тарих бойы таблиғ міндетімен келген әрбір пайғамбардың алдынан жаулар шығып, оларға кедергі болуға тырысқан. «Осылайша әр пайғамбарға адамдардың және жындардың шайтандарынан дұшпан жасап бердік» (Әнғам, 112).
Сондықтан пайғамбарлар Алла тағаланың өздеріне жүктеген міндетін орындау үшін соғысуға мәжбүр болған кездері болған. Әрине, олар бас салып соғысқан емес. Әуелі бейбіт түрде ымыраға келудің барлық жолдарын сынап көргеннен кейін, амалсыз соғысуға бел буған. Және мұндай соғыстар билік пен байлық үшін болмаған.
Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) 23 жылдық таблиғ өмірінің алғашқы 13 жылында соғысу жайында мүлде ойламаған. Әйтпесе, сол жылдары оның нағыз соғысуы керек кездері еді. Себебі, осы жылдары көрмеген жапасы және зұлымдығы қалмаған, бірақ сабырынан таймады.
Ислами таблиғты пайғамбарымыз (с.ғ.с) тек Құран бойынша жасаған (Фурқан, 52). Жиһад Алла тағаланың Құрандағы әмірлерінің бірі. Бірақ аят-хадистердегі малмен және жанмен жиһад ету тек қана соғысу деген сөз емес. Жиһадтың негізгі мақсаты жерлерді жаулау емес, көңілдерді жаулап алу. Міне, осындай кезде жиһад екі бөлімге бөлінеді: Бірінші, кіріспе бөлімі – аймақты жаулап алу; екінші, негізгі бөлім – көңілдерді жаулап алу.
Мекке кезеңінде надан адамдардың қаншама рет дөрекілік көрсетіп, шабуыл жасаса да олар қана табандылықпен уағыз-насихаттарын жүргізді. Құран Кәрімде олардың бұл әрекеттері «Үлкен жиһад» деп аталады. «Сен кәпірлерге бағынба. Олармен Құран арқылы ұлы күрес жаса!» (Фурқан, 52)
Мысалы, адам төзгісіз ауыр қиындықтарға тап болған Мекке кезеңі, барлық қиыншылықтарға қарамастан көп адамның Исламды қабылдауына куә болды. Ол адамдар бастарына келген барлық бәлелерге қарамастан сандары жылдам өсіп, осы жолда үйлерін, жұмыстарын барлық дүние-мүліктерін тастап Меккеден көшуге дейін барған. Мұндай жан пида қадамдарға ол кісілерді ешкім қинаған жоқ. Керісінше оларды Исламнан қайтаруға тырысқан залым да аяусыз күштер бар еді. Осыларға қарамастан Исламның негізі Меккеде қаланды. Һәм ешқандай қылышсыз-ақ.
Меккеде осындай жағдай жалғасқан соң Мәдина қаласынан адамдар Меккеге келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оларға Құран аяттарын оқып беріп, Исламды түсіндірді. Олар бір-біріне: «Жолдастар, Уаллаһи, бұл кісі яһудилердің «келеді» деп күтіп жүрген пайғамбарының дәл өзі. Яһудилер бізден бұрын иман келтіріп қоймасын!» - деп, сол арада мұсылман болады (Ибн Хишам, ІІ, 38; Хәйсами, VI, 40). Сосын олар бір жылдан соң 12 адам болып келіп, мұғалім сұрайды. Расулұллаһ (с.ғ.с) Мусаб бин Умайрды және жаңа мұсылман болған Абдуллаһ бин Умму Мәктумды Мәдинаға Құран үйретуге жібереді (Бұхари, Манақибуль ансар, 46).
Сол себепті Расулұллаһ (с.ғ.с): «(Осы күнге дейін) өлкелер қылышпен жаулап алынушы еді, бірақ Мәдина Құранмен жаулап алынды», - деген (Бәззар, Муснәд, №1180; Хәйсами, 5776).
Араға бір жыл салып Мәдиналықтар 75 адам болып келіп пайғамбарымызға бейат етеді де оны Мәдина Мунәууәраға шақырады. Алланың Расулы және қасындағы мұсылмандар туған-туыстарын, мал-мүліктерімен қоса, өмірлік естеліктерін тастап, Алла жолында Мәдинаға көшіп кете барады. Олар кетісімен үй-жайлары талан-таражға түсті (Ибн Хишам, ІІ, 79; Әзрақи, Ахбару Мәккә, ІІ, 244, 255).
Меккедегі Мүшріктер Расулұллаһтың анасынан және жұбайынан қалған екі үйіне де қол салады. Кейіннен, Мекке алынған кезде Расулұллаһтың шатырда түнегенін көргендер: «Уа, Расулаллаһ! Үйіңізге бармайсыз ба?» - деп сұрайды. Сонда пайғамбар: «Ақил бин Аби Талиб бізге үй қалдырды ма!» - деп жауап береді. Осылайша жеңімпаз қолбасшы әрі пайғамбар бола тұра, сатылып кеткен өз үйін қайтаруға тырыспаған.
Содан тура 14 жыл өткен соң мұсылмандарға өздерін қорғау үшін соғысуға рұқсат ететін аяттар түсті. Бірақ мынаны естен шығармаған жөн. Құран Кәрімде адамдарды тура жолға шақыру жолында «Алла жолында жиһад етуге» байланысты көптеген жерлерде айтылған аяттардың тек аз ғана бөлігі соғыс болып табылатын «қитал» жайлы айтылады. Бұл аяттардың соншама кеш түсуі, тек мәжбүр болған жағдайларда ең соңғы шара ретінде қолданылуы керектігін меңзейді.
Алла Расулінің ғазауаттары жалпылама қорғану соғыстары болған. Бәдір өңіріне барудағы пайғамбарымыздың ниеті соғысу емес, мұсылмандардан тартып алынған мүлік арқылы өздерін бай санап, пайда тауып келе жатқан керуенді тоқтату болған. Сонда олар керуен жолын өзгертіп құтылып кетеді. Бірақ керуенді қорғау сылтауымен Меккеден шығып 400 км жол жүріп, Мәдинаның маңайына келіп қонақтаған мүшрік әскері бейбіт келісімге келуден бас тартқан соң лажсыз соғысуға тура келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әуелі мүшріктерге хазіреті Омарды елші ретінде жіберіп: «Кері қайтыңдар!» дейді. Алайда Әбу Жәһил «Өшімізді алмай кері қайтпаймыз! Олардың сыбағасын береміз!» - деп, мүшріктерді соғысқа қайрайды. Ақырында мұсылмандар жеңіске жетеді. (Уақиди, І, 61-65).
Ухуд пен Хәндәк соғыстары Мәдинада болды. Мүшріктер шабуыл жасап, мұсылмандарды түп-тамырымен жоқ қылып жіберу мақсатымен Мәдинаға оң қанаттан және сол қанаттан әскер жіберген. Алла Расулы қорғану қамдарын жасап, Мәдинаның айналасын қоршай ор қаздырып тастады. Бұл соғыста да мұсылмандар шығынсыз жеңіп шығады.
Кейінірек хазіреті пайғамбарымыз (с.ғ.с) Умра ниетімен Меккеге жолға шығады. Мүшріктер Қағбаға келген кісілерге бөгет жасау әдеттері жоқ болса да, мұсылмандарды Меккеге жолатпай, кіргізбей қояды. Алла Расулы елшілер арқылы былай хабар жолдайды: «Біз соғысу үшін келген жоқпыз. Бар ниетіміз Бәйтулланы зиярат ету. Құрайыш соғысудан шаршаған, залал көрген болар. Қаласа белгілі бір мерзімге келісім жасайық. Келісім бойынша олар менімен адамдардың арасына араласпасын...» (Бухари, Шурут, 15).
Меккеліктер мұны қабылдамай, Қағбаны тауаф етуге рұқсат етпейді. Бұған мұсылмандар қатты ашуланып, соғысқылары келеді. Бірақ Алланың Елшісі (с.ғ.с) оларды сабырмен бір жыл тағы күтуге шақырады. Әйтеуір мың бір машақатпен Расулұллаһ (с.ғ.с) мүшріктермен сол Худайбия жерінде бейбіт келісімге көнеді. Дегенмен келісім шартта жазылған барлық тармақтар мұсылмандарға қарсы сияқты көрінеді. Сахабалардың бұл келісімге разы болмай, көнбей жатқан-ды. Бірақ Алла және Оның Елшісі бейбітшіліктің өзі әрдайым қайырлы екендігін және үлкен жеңіс болып табылатынын айтты (Фатх, 1; Халеби, ІІ, 715).
Осы Худайбия келісімінен кейін екі жыл ішінде мұсылман болғандардың саны Худайбияға дейінгі 19-жылдағыдан есе-есе артады. Расулұллаһ (с.ғ.с) Худайбияға барарда 1400 кісімен жолға шыққан болса, бұдан екі жылдан кейін Меккенің алынуына қатысқан мұсылмандар саны жолдан қосылғандармен бірге 12 000-ға жетті (Хейсеми, VI, 170; Ибн Хишам, ІІІ, 372).
Осы бейбітшілік кезеңінде Алла Расулі (с.ғ.с) айналадағы елдердің билеушілеріне хаттар жолдап, оларды Исламға шақырды. Олардың ішінен Хабешистан билеушісі Нежами, Бахрайн патшасы Мунзир бин Сауа, Иемен басшысы Харис әл-Хилмери және Оман патшасы Жүлендилер мұсылман болды. Жүленди пайғамбарымыздың өмірі мен мінез-құлқымен танысқаннан кейін: «Алла маған бір Умми пайғамбармен танысуды нәсіп етті. Ол әрбір игілікті алдымен өзі орындайды, сосын басқаларға оны орындауға әмір етеді. Жамандықтардан аулақ жүріп, басқаларды өз басының үлгісімен жамандықтан тыйылуға шақырады. Ол келісімге, сөзіне берік. Менің ешбір күмәнім жоқ. Ол шынымен пайғамбар адам», – деген (Ибн Хажар, әл-Исабап, І, 262).
Иә, Ислам негізінде осы бейбітшілік кезеңінде жайылды деуге болады. Көңілдерді жаулап алғандықтан Ислам барған жерінде ғасырлар бойы қалды, әлі де бар. Қылышпен жайылған болса, осыншама әсерлі болар ма еді? Мысалы, хазіреті пайғамбарға (с.ғ.с) Меккені бейбіт жолмен алуға көп қам жасады. «Өздеріңе қылыш көтерілмесе, сендер де көтермеңдер!», – дей отырып қан төгілуді қаламады. Үйінен шықпаған Меккеліктерге амандық кепілдігін берді (Ибн Хишам, IV, 14, 22, 28; Ибн Саад, ІІ, 134; Хамидуллаһ, Ислам пайғамбары, І, 264-265).
Бүкіл әлем сұлтаны хазіреті пайғамбар (с.ғ.с) тек қана Меккенің алынуында емес, басқа жорықтарының барлығында да дәл осылай барынша зиянсыз жол ұстанған. Мұның барлығы оның соғыс пен араздықты қаншалықты жек көргендігін, негізгі мақсаты бейбітшілік болғандығын айқын көрсетеді (Уақиди, І, 9-10; ІІ, 573; Ибн Саад, ІІ, 6).
Ислам соғыстарының негізгі мақсаты адамдарды өлтіру, олжа табу, жер бетін талқандау және өш алу емес, керісінше зұлымдықты жою, сенім бостандығын орнату, адамдарды тура жолға шақыру және әділетсіздікті жоғалту болды. Исламда өзін қорғау үшін және тәблиғ мақсатынан басқа мақсатта соғыс жоқ. Тек жер жаулап алу үшін жасалған соғыстар барып тұрған зұлымдық!
Сондай-ақ, Алла Расулі (с.ғ.с) жаулап алған мекендерде өз әскеріне шектен шықпауды, келісімді бұзбауды, қажетсіз қан төкпеуді, әсіресе құлдарға, әйел-бала, кәрілерге, басқа дін өкілдерінің қасиетті мекендеріне, ғибадатханаларына, табиғатқа және баспаналарына тимеуді қатаң ескерткен (Муслим, Жиһад, 3; Тирмизи, Сияр, 48; Уақиди, ІІ, 561, 757-758, 778).
Тіпті, Османлы империясы алған жерлеріне мұсылмандарды орналастырып, ондағы адамдардың Исламды жақыннан тануына жағдай жасап отырған. Осының нәтижесінде мұсылман саны жылдам өсіп отырған. Ал, Исламды қаламағандарға ешқандай басым көрсетілмегендіктен, олар 500 жыл бойы өз діндерін сақтап қалған. Осман Империясы құлаған кезде оның 40%-ы басқа дін өкілдері-тұғын. Егер мұсылмандар қылыш пен күш қолданғанда 500 жыл ішінде ол 40%-дан 1-%-ы да қалмасы ақиқат еді. Мұсылман болмаса да, олардың кедейлері мұсылмандардың жәрдемдерімен жағдайларын түзеген. Ал, хазіреті Омардың қарт яһуди кісіге төлемақы жазғаны ел аузында әлі жүр...
Ясин Серік,
Жылыой орталық мешітінің
наиб имамы