Наурыз – ұлттық мереке. «Қанына тартпағанның қары сынсын», - деп туған ұрпағына тектілік пен өрлікті, кісілік пен кішілікті аманат еткен, түбін тартсаң, батырлық пен ерліктің исі аңқитын сонау түркіден жеткен арда халқымыздың жаңа жылы.
Абай атамыз айтқандай кешегі кәрлі қыстың сызын ұмытып, "күннің де ата-анадай елжірейтін" кезі. Осындай уақытта қазақ даласындағы тіршілік келбеті қандай десеңіз, оның бейнелі суретін хакімнің "Жазғытұры" өлеңінен таба аламыз:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Ал, енді адамзат әлемінен сәл арырақ барсаңыз, қазақ қорасының да - у да шу жаңару, жаңғыру үстінде екенін байқайсыз.
Түйе боздап, қой қоздап, қорада шу,
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.
Міне, табиғат жаратылысымен үндескен жаңа жыл дегеніміз осындай болса керек. Мұны қазақ "жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер" шағы деп, атайды. Яғни, қыстай өлі шөп жеп, тұралаған малдың көкке ілінгенше азып, арықтайтын тұсы. Жаңа жылдың жері бусанып, көгі қаулай шығатын жаңа өмір-тіршілігін асыға күткен халықтың үкілі үміті.
Наурыздың жыл басы ретінде шығыс халықтары арасында ерекше құрметке ие болу себебі Аллаға мойынсұнып, оның жаратылысына құрмет білдіруден туындаса керек. Оның дәлелін наурыз сөзінің парсы тілінен шығу тарихы көрсетеді. Наурыз парсы тілінде "нау" жаңа, "руз" күн сөздерінің бірігуінен жасалып, жаңа күн деген мағынаны білдіреді.
Қоршаған ортаны, табиғатты қадірлеп, одан үлгі алып, керек десеңіз үйрену де - Алла Тағаланың әмірі. Бұл туралы Құран Кәрімнің "Ғашия" сүресінің 17-20 аяттарында "Олар түйеге қарамай ма, қалай жаратылған? Аспанға қарамай ма, қалай көтерілген? Тауларға қарамай ма? Қалайша қадалған? Жерге қарамай ма, қайтып төселген?" делінген. Ендеше, халқымыздың наурыз айын жыл басы ретінде қадірлеп, мерекеге айналдыруы - Алла Тағаланың бергегіне шүкіршілік еткен шынайы мұсылмандығының да айғағы.
Ұлыстың ұлы күні – көгіндегі көк аспанындай өр, жеріндегі кең жазира даласындай дарқан ұлтымыздың ұлттық болмыс-бітімінің айғағы. Сол себепті халқымыз Наурыз тойында таң атқаннан кеш батқанға дейін ұрпағым ұмытпасын, мәңгілік ұлықтасын деп ұлттық салт-дәстүр жоралғыларын жасаған. Айталық, наурыз айы басталысымен тойланатын халықтың салтындағы мерекелердің барлығы да Ислам шариғатымен астасып жатыр. Біздің дініміз сәлемінің өзінде-ақ амандықты үгіттеп, бірлікке, кешірімді болуға шақырады десек, бір ғана көрісу дәстүрі осының барлығын қамтып жатыр. Мәселен, еліміздің батыс өңірінде күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан «Көрісу» дәстүрі бар. «Көрісу» наурыздың 14-де тойланады. Аталған дәстүр бойынша қыс көзі қырауда, шаруа жайымен жүріп қалған ағайын көктем шыға малдың аузы көкке тиіп, алды-арты кеңейгеннен кейін амандық-саулық сұрасып, бір-біріне сәлемдесе барады.
Жасы кішілер үлкендердің үйі-отбасына қарай ағылып, құшақтасып көріседі. Және сол шаңырақ дайындап қойған дастарханнан дәм ауыз тиіп, туыстық, қандастық қарым-қатынасты арттыратын игі тілектерін жолдайды. Ақсақалдар жастарға ақ батасын беріп, емен-жарқын қоштасады. Осы ретпен ауылдың ішінде бір-бірімен көріспеген адам қалмайды. Ал, алыстағы ағайын, құда-жекжат көрісу үшін ат сабылтып, амандаса келеді. Көрісу дәстүрі әсіресе, еліміздің батыс өңірінде сақталған. Ал, ол еліміздің өзге де өңірлеріне үлгі болып, жылдан-жылға елдік дәрежеде аталып келеді.
Наурыз мейрамында наурыз көже жасалып, ұлттық ойындар назардан тыс қалмайды. "Күрес", "Көкпар", "Арқан тартыс", "Аударыспақ", "Жамбы ату", "Теңге ілу", "Бағанға өрмелеп, жүлде алу" секілді ұлттық ойындардың осы мерекеде ойналуы тегін емес. Оның қайсының да достықты арттыруда атқарар маңызы зор.
Тіптен, наурыз көженің шығу тарихы Ислам дінінде жатыр десек, оның түпнегізі сонау Нұх (ғ.с.) заманына тіреледі. Нұх (ғ.с.) топан су тартылып, қауымымен кемеден жерге түскен кезде қалған-құтқан дақылдарды пісіріп, "Ашура тәттісін" жасаған екен. Бұл кейін мұсылмандардың "Ашура" күндері бір-бірін "Ашура тәттісімен" қонақ ету дәстүріне айналған. Міне, әдет-ғұрпы Ислам дінімен біте қайнасқан халық салтындағы наурыз көже пісіру дәстүрі де осыған ұқсайды. Яғни, халқымыз наурыз мерекесінде қыстан қалған дорба түбіндегі дәнді-дақылдар мен сүр еттен (қазы) көже дайындап, бір-біріне дәм таттырады. Наурыз көже дайындау дәстүрінің бір шаңырақтан түлеп ұшқан ағайындармен қатар, тума-туыс, көрші-қолаңға дәм таттырып, ризық берген Алла Тағаланы еске алып, шүкір ету. Жаңа жылда ақтың мол болуын, ризық-берекенің сарқылмауын тілеу.
Міне, көктем мерекесімен бірге халықтың қонақжай, бауырмалдық та қасиеттері көрініс тауып, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болуда. Осы ретте наурыз мерекесінің тәлім-тәрбиелік мәнінің зор екенін атап өту керек. Әрине, наурыз діни мерекеміз емес. Дегенмен, Ислам шариғатымен астасқан ұлттық мереке десек, артық айтпағанымыз. Яғни, наурыз мерекесінің тойлаудың мәні Ислам діні, пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен мұра болған кешірім ету, туыстық қарым-қатынасты нығайту, бауырмалдық таныту, үлкенді құрметтеп, ізгі тілектер (дұға) тілеу сияқты адамдық қасиеттерді қамтып жатыр. Сондай-ақ, наурыз мейрамындағы көрісіп сәлемдесу, бұлақтың қөзін ашып, тал егу, ас пісіріп, қонаққа ұсыну, ат шаптырып, күресу т.б. мұның барлығы шариғатқа қайшы дүниелер емес.
Олай болса, ұлтты ұйыстыратын халықтық мерекелерімізге, ділімізге, тарихымызға, әдет-ғұрпымызға қарсы тұрмауымыз керек. Наурыз мерекесін тойлаудың дінде жоқтығын желеу етіп, Исламға жат (бидғат) санап жүрген кейбір жандарға айтылар уәжіміз – осы. Себебі, Алла Тағала қасиетті Құранда «Бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін сендерді ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят), - деп, ұлт болып өмір сүрудің Ислам қағидасына қайшы келмейтінін ескерткен.
Еліміз Наурыз мерекесінде отты жағуды үрдістен шығарып тастаған. Себебі, дініміз бойынша отқа табыну Аллаға серік қосу болып табылатын үлкен күнә. Қазіргі таңда Наурыз мейрамы діни мереке емес, ұлттық мереке ретінде тойланады. Бұл қыстан аман-есен шыққан елдің көгеріп, көктей бастаған табиғатпен бірге еніп келе жатқан жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде құшақтасып көрісу, игі тілек айту салты кеңінен орын алады.
Наурыз тойын парсы жұртындай тойлау Исламға қайшы. Халқымыз Ислам дінін Қарахан мемлекеті кезінде қабылдаған. Наурыз мерекесі қазақ елімен біте қайнасқан мереке ретінде шариғатқа қайшы келмейді. Ұлыстың ұлы күнін тойлау – ежелден түркі жұртында бар дәстүр.
«Әдет-ғұрып» фиқһ қағидасы бойынша, елдің бұрынғы салт-дәстүрлері Ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады. Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің Исламға ешқандай алабөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алушылық дәстүрімізден әлдеқашан шығарылып тасталған.
Қазіргі қазақ қауымының тойлап жүрген Наурыз мерекесінде қыстан күйзеліп шыққан елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар тартып, ат шаптырып, балуандар күресін өткізіп, ән-жыр, айтыс-терме ұйымдастырылып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Амалдар ниетке байланысты», – деп айтылған. Біздің ниетіміз отқа табыну емес, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу», - делінген.
Ардақ ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
Қ. Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы. Атырау қаласы, Жұлдыз елдімекені.