Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ұстаз Мәди Ахмедов орталық "Иманғали" мешітінде жастар жамағатына уағыз айтты

   іslam-atyrau.kz/14 ақпан, 2020 жыл.  Республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Мәди Ахмедовтің Атырау өңіріне  жұмыс сапары орталық "Иманғали" мешітінде жалғасты.

Жергілікті жамағатпен жүздескен ұстаз Мәди Ахметов ата-ананың қадірі, ауызбіршілік, мұсылмандарға пайдалы болу тақырыптарында уағыз айтты. "Алла Тағала Құран Кәрімде: "Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: "Түһ" деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: "Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!",-де», - деп жазылған. Яғни, ата-анаға  құрмет   көрсету  парыз  әрі    шексіз   сауап.    Сондай-ақ,   ата-ананы  бұл  дүниеде  құрметтеп қана  өткен соң  да,  оларды еске  түсіріп, айтқан  өсиеттерін  бұлжытпай  орындау  керек. Олар үшін Алла Тағаладан  кешірім тілеп,  артынан дұға жасап тұру перзенттік борышымыз" деп атап өтті өз сөзінде ұстаз Мәди Ахметов.

Жастар жамағатымен арада болған еркін форматтағы кездесу аясында Атырау облысының Бас  имамы Алтынбек Ұтысханұлы ниеттің маңыздылығы туралы уағыз айтты. 

"Алла разылығы үшін істелінген амалдар ғибадат болады. Ғұламаларымыздан сонау ықылым заманнан қалған сөз бар. Яғни, Алла үшін жасалған амалдар қабыл болады, Алла үшін болмағандар – һәуәс, яғни жаман қалаулар дегені. 

Ниет – бәрінен де маңызды. Пайғамбарымыз алейһиссалам: "Барлық істің нәтижесі маңызды" және "Бүкіл амалдар ниетке байланысты болады" деп, ниет тазалығын кейінгі үмметіне аманат етіп қалдырды" деп атап өтті өз сөзінде ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Атырауға келген республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Мәди Ахмедов жергілікті жастармен жүздесті

   іslam-atyrau.kz/14 ақпан, 2020 жыл.   Атырауға республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Мәди Ахмедов жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол  Атырау мұнай және газ университетіне арнайы барып, жастармен кездесті. 

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастап апарған жиында ғылым мен білімнің маңыздылығы хақында сұхбат өрбіді.

"Бұл кездесу әлемге мәшһүр Абай атамыздың 175 жылдық мерейлі датасы аясында өтіп отыр. Қасиетті Құранның өзі "Оқы!" деп басталады. Яғни, білім алу - ерге де, әйелге де парыз" деп атап өтті өз сөзінде республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Мәди Ахмедов.

Іс шара аясында ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы жастар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беріп, тәуелсіз еліміздің болашағы жастарымыздың білім деңгейіне, санасына, имандылығына тікелей байланысты" деп қорытындылады сұхбатты Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Мақат ауданының бас имамы ысырапшылдықтан тыйылуға үндеді

  іslam-atyrau.kz/13 ақпан, 2020 жыл.  Мақат ауданында "Жаназа және жерлеу рәсімдері" тақырыбында дәріс өтті.

Жергілікті жамағат арасында құлшылық үйінде өткен іс-шара аясында Мақат аудандық орталық мешітінің бас  имамы Біләл Сағындықов марқұмның жаназасын шығарып, ақтық сапарға аттандыру хақындағы шариғи заңдылықтар туралы әңгімеледі.

"Тіршілік бар жерде өлім бар. Мұсылман баласы мұсылманға қашан да бауыр. Десе де, соңғы кездері қоғамда қаралы жағдайлардың өзін салтанатқа айналдыру үрдісі белең алып келеді.

Шариғатымыз қашан да қарапайымдылықты талап етеді. Демек, марқұмды ақтық сапарға аттандыру, жерлеу, садақа дастарханын жаюдың өзі арнайы тәртіп бойынша жүзеге асуы тиіс. Осыдан біраз жыл бұрын мүфтият садақа мәзірін дайындаған болатын. Қарапайымдылық, ислам дініндегі жаназа үкімі тақырыптары қараша халық арасында кеңінен насихатталуы тиіс" деп атап өтті өз сөзінде Мақат аудандық орталық мешітінің бас  имамы Біләл Сағындықов. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Жылыой ауданында кәсіпкерлер үшін халал стандарт тақырыбында дәріс өтті

 іslam-atyrau.kz/13 ақпан, 2020 жыл.   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан ашылған «Халал стандарттау» бөлімінің ел өңірлері бойынша филиалдары  ашылған болатын. 

         Қазіргі таңда шариғат тыйым салған тағамдардан арылып, халқымыздың адал асқа деген сұранысы артып келеді.

          Атырау облысының Бас имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлының тапсырмасы бойынша Атырау облысы бойынша «Халал стандарттау» саласына жауапты, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров   Жылыой ауданына арнайы іс-сапармен келді.  

         Осы шара аясында халал сертификат алудың талаптарын, қажетті құжаттар тізімі,  бақылау ережесі  және тараптар жауапкершілігі  туралы түсінік берілді. 

        «Мәселен, мал  союдың өзіндік шариғи ережесі бар. Әрбір қасапшы осы талаптарға мұқият болуы керек. Бүгінгі таңда халал ет  ең көп тұтынылатын өнімге айналып келеді. Өйткені, халық таза тағамның адам денсаулығана пайдалы екенін түсінді. Ғалымдардың өзі шариғат талабымен сойылған еттің адам ағзасына пайдасы көп екенін дәлелдеп келеді. Сондықтан, мал сою ісіне асқан жауап кершілікпен қарау қажет»,-деді Эммат Ғұмаров.

         Халал стандарт бөлімінің өкілі аталған бөлімнің тыныс-тіршілігі, бағыт-бағдары жөнінде мағлұмат берді. Кәсіпкерлер тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап берілді.

 

 

 

Жылыой аудандық мешітінің   баспасөз - қызметі.

Толығырақ ...

БАС МҮФТИ ЕРЖАН ҚАЖЫМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

  іslam-atyrau.kz/13 ақпан, 2020 жыл.  Алғашқы жұмыс сапарын Алматыдан бастаған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарманың бұрынғы төрағасы, Нұр-Мүбарак университеті ректорының кеңесшісі Ержан қажы Малғажыұлымен арнайы кездесті.

Жүздесу барысында Діни басқарманың биылғы 30 жылдық мерейтойында атқарылатын игі шаралардың бірсыпырасы таныстырылды. Ержан қажы Малғажыұлы ойға алған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, өзінің ағалық кеңесін қосты.

«Еліміздегі мұсылман жамағатының талабы күшті. Сондықтан имамдарымыздың білімі соған сай болу керек. Имамдарға қойылар міндет те – жоғары. Дінді насихаттау – елдік, ортақ жұмыс. Алайда бірінші орында бауырмалдық қасиет тұруы тиіс. «Жас келсе – іске» дейді. Өзіңе әрқашан да тілектеспін. Алла осы кезеңді дамытуға лайық деп таныпты. Ендігі қолға алар істерің табысты болсын» деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Сондай-ақ Бас мүфтидің ұсынысымен құрылатын Ақсақалдар алқасы құрамына Ержан қажы да кіретінін мәлімдеді. Кездесу соңында алдағы уақытта Діни басқарма аясында атқарылар ортақ шаруаларға үлес қосатынын айтты.

Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ержан Малғажыұлының асыл дінімізге, оның ішінде мүфтиятқа сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, сый-құрмет ретінде иығына шапан жауып, Діни басқарманың естелік бұйымын табыстады.

Толығырақ ...

БАС МҮФТИ ҰСТАЗЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ (ФОТО)

  іslam-atyrau.kz/13 ақпан, 2020 жыл.  ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыға іссапар аясында өзінің ұлағатты ұстазы, Діни басқарманың тұңғыш тізгінін ұстаған Рәтбек қажы Нысанбайұлына арнайы барып сәлем берді.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы шәкіртін ілтипатпен қарсы алды. Екеуара кездесу барысында тоқсаныншы жылдардағы еліміздегі Ислам мектебінің қайта қалыптасу кезеңі, жаңа мыңжылдықтағы өзгерістер мен бүгінгі бет бейнесі әңгімеге арқау болды.

«Ештеңе оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның әр жерінде жаңа мешіт ашумен қатар, елді діни сауаттандыру жұмыстары да қиынға соқты. Бірақ имамдарымыз сол бір ауыр жолдың азабын бірге көтерді. Өзіңді білім алып келген соң, шәкіртім деп қабылдап қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың арасына жібердім. Артқан үмітті ақтадың. Енді міне, Алланың қалауымен биікке жеттің. Осы қызметте де абыройлы бол!» деп ағынан жарылған Рәтбек қажы Наурызбай қажы Тағанұлына ақ батасын берді.

Бас мүфти ұсынысымен Діни басқарма жанынан құрылатын Ақсақалдар алқасына Рәтбек қажы да мүше боп қосылатынын жеткізді.

Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы ұстазына құрметі үшін алғыс айтып, қазақтың дәстүріне сай сый-сияпат көрсетті. Рәтбек қажының иығына шапан жауып, Діни басқарманың 30 жылдығына орай дайындалған кәдесый тарту етті.

Толығырақ ...

БАС МҮФТИ ӘБСАТТАР ҚАЖЫНЫҢ БАТАСЫН АЛДЫ (ФОТО)

  іslam-atyrau.kz/13 ақпан, 2020 жыл. Алматыға арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлімен кездесті.

Әбсаттар Бағысбайұлы Наурызбай қажы Тағанұлын жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Діни басқармада 10 жылдан аса қызмет атқарған бұрынғы мүфти жаңа мүфтиге бата беріп, ізгі ниетін жеткізді.

«Елге қызмет етуде аянбаңдар. Діни салаға өзіңдей білікті басшы, діндар азаматтың көмегі қашан да керек. Сондықтан өзіңе әрдайым тілектеспін» деді Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы: «Бізге бағыт-бағдар беріп, дін жолында үлгі болып, көрсеткен күш-жігер, ағалық ақылыңыз үшін алғыс айтамын» деді. Сондай-ақ Бас мүфти ұсынысымен Діни басқарма жанынан құрылатын Ақсақалдар алқасына мүшелікке өтуге Әбсаттар қажы қуана келісімін берді.

Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Әбсаттар қажының иығына шапан жауып, Діни басқарманың 30 жылдығына орай жасалған кәде-сыйды тарту етті.

Толығырақ ...

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВПЕН СҰХБАТТАСТЫ (ФОТО)

  іslam-atyrau.kz/13 ақпан, 2020 жыл. Бүгін Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі түрколог- ғалым Мырзатай Жолдасбековпен сұхбаттасты.

Кездесуде мүфтият жанынан Ақсақалдар кеңесін құру, жастарды дәстүрлі құндылықтарға тәрбиелеу, Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында бірлескен шараларды жүзеге асыру, имамдардың білімі мен тәжірибесін арттыру сынды бірқатар мәселелер талқыланды.

Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтаған Мырзатай Жолдасбеков: «Алла әрқашан абыройыңды арттырып, мерейіңді үстем етсін. Жаңа қызметіңде жақсылықтарға жете бер. Еліміздің еңсесі биік болғай. Дін қызметінде жүрген ұжымыңа, барша имамға Алланың берекетін тілеймін. Білімді болыңдар. Сол білімді халыққа жайыңдар. Халық аман, жұрт тыныш болсын» деген жүрекжарды лебізін жеткізді.

Абыз ақсақалға алғысын білдірген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ жанынан Ақсақалдар кеңесі ашылатынын тілге тиек етті.

«Сіз өмірде көргеніңіз бен түйгеніңіз көп қазыналы тұлғалардың бірісіз. Біз сіздің кеңесіңізді тыңдап, оны діни салада жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз. Дін қызметкерлеріне ғибратты дәріс оқып берсеңіз деген тілегіміз бар. Сонымен қатар, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесі жұмысына белсене араласып, ақсақалдық ақылыңыз бен кеңесіңізді айтып отырсаңыз. Алла сізге де күш-қуат берсін!» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында ғалым өзінің «Кісілік келбеті», «Ойтолғау», «Ұлы дала әдебиеті» сынды 30-ға жуық кітабын Бас мүфтиге сыйға тартты. Өз кезегінде ҚМДБ Төрағасы да ақсақалға кәде-сый ұсынды.

Толығырақ ...

Жылыойда діни бірізділік мәселесі талқыланды

 іslam-atyrau.kz/13 ақпан, 2020 жыл.   Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінен бастама алған «Қаралы үйдегі ас мәзірі және жаназа рәсімдері» атты іс-шара аясында Жылыой аудандық мешітінде алқалы жиын өтті.

Жиынға Атырау қалалық Құспан молла  мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров, аудан бойынша қызмет атқарып жүрген имам-молдалар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қажылар қауымдастық төрағасы, беделді ақсақалдар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

- Жаназа мәселесіне келгенде, әр өңірде әртүрлі рәсімдер орындалып жүргені белгілі. Жаназа намазы – пенденің дүниедегі өзгелерден талап етер соңғы ақысы. Жаназасын шығару мұсылмандар үшін парыз кифая. Өліге құрмет көрсету, арулап аттандыру – шариғат талап еткен іс. Қазіргі қоғам-дағы өзекті мәселені ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселелердің жөн-жосығын көрсетіп, нақтылы пікір, пәтуалы сөз жеткізуді жөн санады,- деді Эммат Ғұмаров.

Аудан ақсақалдары мәзірде көрсетілген әрбір мәселені мұқият зерттеп талқылады. Аудандық «Жылыой мұсылмандар» мешіті жергілікті БАҚ беттеріне жаназа және жерлеу рәсімдері бойынша түсіндірме жүргізу қажеттігін айтты. Ұсыныс ақсақалдар тарапынан қолдауын тапты. 

Осылайша, сауапты іс Жылыой жұртшылығына жол тартты.

Жиынға қатысушыларға «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы сыйға тартылды.

 

Толығырақ ...