Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ислам дініндегі әйел адамның орны

Қыз баланы сүйекке таңба санайтын пенделік хал асыл дініміздің діңгегі – Құранда қатаң сынға алынған. Бұл надандық дәуірінде етек алып, адамдар дүниеге келген қыз баланы өлтіріп отырған. Құран кәрім бұл туралы  «Кейбіреулері қызды болғанын естігенде ашудан жіздері түтігіп, түнеріп кетеді. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?». «Жарлы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің нашар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» (Әнғам, 151), - дейді.

Демек, Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ қыз балаларға мейіріммен, аяушылықпен қарауға шақырған. Өкінішке қарай, Ислам тарихында алғашқы шейттің де әйел кісі болғаны баршамызға мәлім. Исламды жарыса қабылдағандардың қатарында да әйелдер болған.

Алла тағала: «Әйелдермен жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген жақсылығы болуы мүмкін» (Ниса, 19) – деп отбасында ыдыс-аяқ сылдырлаған жағдайда сабырға келуге, әйелдің бір қылығы жайсыз көрінген жағдайда қатты ашуланып, қателіктерге ұрынбауға шақырады.

Әйелді ұруы былай тұрсын, күйеунің оған ренжуін де дұрыс санамаған Алла елшісі (с.ғ.с): «Мүмін ер кісі мүмін бір әйелге ашуланып ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады», - деген (Мүслім, т.ІІ, Б. 1091). Тағы бір хадисте: «Седердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», - деген  пайғамбар (с.ғ.с) әйелді қай кезде де сыйлауға, оған дөрекілік көрсетпеуге, олармен жақсы тіл табысуға шақырған. Осы тұрғыда: «Ақыретте күйеуі ұрған әйелдің жоқтаушысы мен боламын», «Күйеуіне қиындық тудырмай, баласын бағып намазын оқыған әйелдер сөз жоқ жұмаққа барады», -  деген хадистері де баршамызға ой саларлық. Ислам діні әйел баласын ана ретінде аса қадір тұтқан. «Жұмақ аналардың табанының астында», «Кімге жақсылық жасайсың?», - деген сахабаға үш рет «Анаңа» деп жауап берген хадистері осыған дәлел.

Әйел баласының киімі жайында Құранда былай делінген: «Мүмін әйелдерге де айт: өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі, қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Көркін көрсетпесін» (Нұр, 31). Қорыта айтқанда, Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған.

 

Арман Урумбаев,

«Иманғали» орталық

 

мешітінің азаншысы

Толығырақ ...

Исламдағы күлкінің орны

Қазақ үш арсыздың бірі күлкі деп есептейді. Оны төмендегі мақал-мәтелдерден де байқаймыз: «Малсызға малға балап ұйқы берер, арсызға арға балап күлкі берер», «Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас», «Санасы жоқ – ұйқышыл, ақылы жоқ – күлкішіл», «Ит мезі болса үреді, кісі мезі болса күледі», «Орыныз күлкі ұрыс шақырар», «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиренші қоздырады».

Біз осының ішінде орынымен болатын мәнді-мағналы күлкіге, яғни әр істе үмбетіне үлгі көрсеткен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өнегелі өлшемдеріне тоқталмақпыз. Еш күлмейтін адам бола ма? Оған нақты жауап беру қиын шығар, дегенмен өмірде қанша қиындық көрсе де, басқа түскеннің бәрін шын ризашылығымен қабылдап, мұң-қайғысын жүрегіне бәрін жасырып, сырт адамға еш нәрсе білдірмей, жүзінен жылылықтың табы кетпейтін, қай  кезде де жылы жымюдан танбаған ғажап  тұлғалар болған. «Дін жолында ешкім бастан кешіп көрмеген небір қиындықтарға ұшырадым» деген пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ешкім ешқашан қабағы қатулы, салқын мінез, маңайына ызғар шашатын кейіпте көрмеген. Қай кезде де пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мейрімді жүзінен нұр тамып, маңайына жылы шуақ шашып тұратын. Күлсе, езу тартып әдемі ғана жымиып, бойындағы тұнып тұрған иманның  әсемдігінен сыр ұқтыратын. Үнемі хақ тағаламен бірге болудың тілмен жеткізгісіз қуанышы мен ләззатынан болар, қашан да жүзі күлімсіріп, сүйіспеншілікке толы екенін сездіретін. Әрине, ондағы бұл керемет мінез сахабаларына да әсер етпей қоймады. Олар да жылы ғана жымиып қоюды өздеріне әдет ете бастады.

    Бұл жайында Үммү Дәрда былай деген: «Күйеуім Әбу Дәрда бір нәрсе айтпақ болса, сөзін күлімсіреп барып бастайтын. Бір күні мен оған: - Сенің мына қылығыңды көрген ел не ойлайды? - дегенде, ол Алла елшісі сөйлер алдында үнемі күлімсірейтін,- деп жауап берген еді».                

     Кісі жүзіне жылы жүзбен күлімдеп қарауды садақаға, сауапты амалға жытқызған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қалай күлгендігі жайлы жары Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Мен ол кісінің таңдайы көрінетіндей дауыстап күлгенін көрген емеспін. Ол тек күлімсірейтін».

Иә, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешқашан жөн-жосықсыз, қатты дауыстап күлмеген, қуанышты кездерінде іштей сүйсіне көзін жұмып, күлімсірейтін. Сахабалардың айтуынша, ол мінезі жібектей, кішіпейіл жан еді. Күлгеннен күлімсіреуі басым түсіп, жүзінен нұр шашып тұратын.

    Бұл жайында Әбу Құрсафа былай деген: «Мен, шешем және туыс әпкем серт беру үшін Алла елшісіне (с.ғ.с.) бардық. Қоштасып сыртқа шыққанда, шешем мен әпкем маған: - Балам, жүзі осынша жылы, киімі осыншалықты таза, сөзі соншалық жұмсақ мұндай кісіні ғұмырда көрген емеспіз. Мүбәрәк ауызынан нұр төгілгендей екен», - деп таң қалысыпты.

    Еврей ғалымдарынан Абуллаһ ибн Сәлам да пайғамбарымызды (с.ғ.с)  алғаш көргенде, қасиетті жүзіне былай қарап тұрып: «Мынандай келбеттен өтірік күту мүмкін емес», - деп, сол мезетте-ақ мұсылмандықты қабылдаған еді.

Иә, кісілік келбеттің қалыптасуында адамның әрбір іс-әрекетінің, соңың ішінде ең қарапайымы күле білудің де өз жөні бар. Алаңсыз бейғам қарқылдап күлу адамның парықсыздығын аңғартып, оны ойсыздық пен ғапылдыққа салуы мүмкін, ол уайымсыз-қайғысыз, бос кеуде пендеге ғана тән. Бұл жөнінде Құранның «Күлесіңдер, бірақ жылаайсыңдар, тым қаперсізсіңдер» деген аята көкірегі ояу жанға ой салады емес пе? Ал, сәт сайын бұл өмірде сыналу үстіндегі адамның өзін қаперсіз күйге салатын әрекеттерге бару мұсылмандыққа жараспаса керек. Оның жүрегі үнемі үміт пен үрейден   арылмайды. Өзін: өлім, қабір, қайта тірілу, есеп беру, қылкөпір секілді алда қандай қиындықтар күтіп тұрғанын білетін жан жөнсіз күлуді дерекілікке балап, оны өзіне ар санайды.

 

Мұрат Сұлтанов,

 

Бәйтерек мешітінің бас имамы

Толығырақ ...

Ислам дініндегі бала тәрбиесі

Ислам діні толымды тәрбие негізі десек, ғаламға ұстаздық жасап, бүкіл саналы ғұмырын адамзат бақытына арналға пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) балаларға қаншалықты көңіл бөлген? Бұл жөнінде үмбетіне қандай үлгі-өнеге қалдырды? Ізгілік пен мейрім жаршысы ретінде бала тәрбиесінің қай тұстарына ерекше назар аударды? Сүйікті елшінің өмірін осы тұрғыда бір көз жіберіп көрсек.

Адамзаттың таңдаулысы (с.ғ.с) бала өмірге келмей жатып-ақ, оған қамкөңілділік танытатын. Туыла салсымен мұсылмандық тәрбие нышандарын  жасайтын. Айталық, қызы Фатима (р.а.) босанып, немересі Хасанды алғаш көргенде, үстіндегі сары жаялығын шешіп, ақ жаялығын ораған. Бұл оның сәби жынысына сай түсті таңдағанын білдірсе керек.

Сәби туылғанда сүйінші бергенді ұнататын. Өзінің ұлы Ибраһим туылғанда, сүйінші сұрап келген Әбу Рафиға сый-сияпат тарту еткен. Жаңа туған сәбиді құшағында алып тұрып, игі дұға тілейтін, сосын құрманың сөлін таңдайына жағып, алғашқы дәм таттыртатын болған. Айша анамыз бұл жайды: «Пайғамбарымыз өзіне әкелінген нәрселердің әрбіріне береке тілеп, дұға оқитын», - деп еске алған.

Балаларды жүректің жемісіне (сәмәрәтүл-құлуб), көздің нұрына (құрратул-айн) теңеген мейрімін жаршысы Ардақты елші (с.ғ.с) Абдуллаһ ибн Аббасқа бала кезінде: «Иә,Алла тағалам,бұған хикмет үйрете гөр!» деп дұға жасаған. Ал, Әнәсқа (р.а.) байлығы мен бала-шағасының көп болуын тілеген. «Ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы қабыл болды», - деген пайғамбарымыз (с.ғ.с) бала тәрбиесінде Алладан тілек тілеп, дұға жасауда үлкен мән бар екенін осылай ұқтырып отырған.

Нәрселерге туыла саласымен ат қойған кездері болған. Бірақ, көбіне бұған нәресте туылғаннан кейінгі жетінші  күнді дұрыс көрген. Сәбиге азан шақырып, ат қоюды ата-ананың балаға деген алғашқы міндетінің біріне жатқызған. Сондай-ақ әрдайым балаға мағналы, жақсы ат қоюға шақырған. Бұның себебі   «сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақыртыласыңдар. Олай болса балаға әдемі есім қойыңдар», - деп түсіндірген. Ең әдемі есімдердің қатарына Абдулла (Алланың құлы) және Абдуррахман (Рахманның құлы) деген қос есімді жатқызған. Кей нашар аттарды мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды  есімдерге өзгерткен.

   Немерелері Хасан және Хұсейн (р.а) өмірге келгенде, немерелі болғанда шүкірлік білдіріп, арнайы құрбандық шалған (ақиқа). Қызы Фатимаға (р.а.) сәбилердің үлпілдек шашын алып, алынған шаштың салмағындай садақа беруді тапсырған. «Нәрестеге  берілген сүт адамның болашақ табиғаты мен мінез-құлқын қалыптастырды», - деп, адал сүтпен қоректендірудің маңызын ұқтырған. Қандай да бір себеппен баланы басқа біреу емізіген жағдайда, харамға ауыз салмайтын адал жанға табыстауға көңіл бөлген.

   Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жылаған баланы жұбатуға да ерекше көңіл бөлетін.  «Кімде-кім жылаған баланы жұбатуға тырысса, Алла тағала жанатта оған риза болатынға дейін нығметтерін үйіп төгеді» деген ол жамағатқа намаз оқытып тұрғанда, жылаған баланың дауысын естісе, намазды тезірек бітіруге тырысатын.

    Бірде таң намазын әдеттегіден жылдам оқып бітіреді. Сахабалардың бірі бұған таңданып, «Уа, рассулалла бүгін намазды неге жылдам аяқтадыңыз?», - деп сұрағанда. «Арт жақтан жылаған баланың дауысы естімедің бе?Анасы барып тезірек жұбатқанын қаладым», - деген жауап естіген.

Үйіне кіре бергенде баланың жылаған дауысын естіп, «мына бала неге жылап жатыр, көз тиюге қарсы оқытпап па едіңдер?», - деп сұрағаны да бар.

   Пайғамбарымыз балалар кіш етіп қойғанына да түсінікпен қарайтын. Бұл жайында уммул-Фадл басынан өткен мына бір оқиғаны баяндаған:

   «Мен Әлидің ұлы Хұсейнінді емізіп жатқанымда Алла елшісі (с.ғ.с.) қасыма келіп, баланы сұрады. Қолына ұстатқаным сол еді, сәби үстіне жіберіп қойды. Баланы қайта алмақ болып қолымды соза бергенімде: «Асықпа, аяқтасын. Кедергі жасама», - деді. Ал, киімнің былғанған жерін сумен тазалап жіберді». Баланың еркіне тыс болған іске қабақ шытпайтын.

  Баланы алдамауға, берген уәдені орындауға қатты көңіл бөлетін.

   Бірде Мәдинаға хижрет жасаған сахаба аналарымыздың бірі Ләйлә (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйінде отырған кезінде сыртта ойнап жүрген ұлын шақырып:

-         Балам, келе қойшы саған бір нәрсе беремін, - дейді.

Бұны естігенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу оған:

-         Ұлыңызға не бермексіз? - деп сұрайды.

Әйел: Құрма берейін деп едім, - дегенінде, - Егер балаға «бір нәрсе берем» деп шақырып, еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге «өтірік айтты» деп жазылар еді, - деп ескерткен.

    Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаға «Алла тағаланың берген сыйы» деп қарағандықтан, ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Қоғамда қыз баланы жек көрмеуге шақырып, «Егер таңдау еркі маған берілсе, қайта қыз баланы артық санар едім» деген. Өйткені, қыз баланың жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, ол ертеңгі біреудің қимас серігі, оң босағадағы қонақ деп түсіндірген. Өзі сапарға шыға қалса, ең соңынан қызы Фатимамен қоштасып,  оралғанда алдымен соған амандығын сұрап, кіріп шығатын. Қызды қор көрмеуге шақырып «Кімде кімнің үш қызы болып, ұлды олардан артық санамаса, жақсы тәрбиелесе, Алла ондай ата-анаға жұмақты нәсіп етеді» дейтін. Қыз балаға мейріммен қарауға шақырып, оның зор екенін білдіретін. Осы орайда Айша анамыз (р.а.) тілге тиек еткен мына бір әңгіме өте мәнді.

    «Бірде маған бір әйел қайыр сұрай келді. Қасына ертіп алған екі қызы бар екен. Менде бары бір тал құрма еді. Әлгі әйел мен берген құрманы екіге бөліп, екі қызының ауызына тосты. Өзіне ештеңе қалмады. Олар кетіп қалғаннан кейін пайғамбарымыз          (с.ғ.с) келді. Мен болған жайды әңгімелеп бергенімде, «Кім өмірде қыздарымен сынаса, қыздарына жақсы қараған жағдайда қыздары ата-анасы тозақтан сақтайды»деп еді.

   Баланың тентектігі ашуланбай, сабырлық танытқан. «Бала кішкене кезінде бұзық болса, бұл оның өскенде ақылды болатындығының белгісі» дейтін.

  Баланың физикалық жетілуіне де көңіл бөлетін. «Топырақ - баланың көктемі» деп, апақ-сапаққа қалмай, баланың күн жарықта ойнағанын құп көрген. Тамақтан бұрын және тамақтан кейін қол жуу, оң қолмен жеу «бисмилламен» бастау, өз алдынан жеу деген секілді тамақтанудың әдебін, бұған қоса тән мен жан тазалығын үйретумен қатар, ер балаларға күрес садақа ату, жүгіру, суда жүзуді игертуге шақырған. Жыныстық тәрбиені де назарлардан тыс қалдырмай, «Он жасқа толғанда қыз бен ұлдың төсегін бөлек салыңдар», - деген.

      Бала оң-солды ажырата бастағанна бастап, оны ұяттылыққа, имандылыққа тәрбиелеп, ненің күнә, ненің сауап екенін үйрету, мешітке үйір етіп, Алланы, пайғамбарды танысуға, Құранды үйретуге,  7-10 жасынан бастар намаз оқу секілді мұсылмандық міндеттерді орндауға баулу да сүннетте негізгі алынған.

    Қорыта келгенде, өз өмірінде Мұхаммед пайғаммбарымыз (с.ғ.с.) балаларға қатты көңіл бөліп, тәрбиеге үлкен жауапкершілікпен қараған. Баланы тәрбиелеу үшін мейірімділік танытуға, жақсы көруге, ақылмен еркелетуге, көңіл бөліп ойнатуға, адал несібемен бағып-қағуға, ұл-қыз деп алаламауға, ешқашан алдамауға, берген уәдені орындауға шақырған. Әр қылығына түсіністікпен қарап, жынысына сай тәрбие беруге көңіл аудартқан. Денесін шымырлыққа шынықтырумен қатар жасайтын иман негіздерін көрсетіп, баланы жасайтын тазалыққа, адамгершілкке, мұсылмандық әдептілікке баулуды үлгі еткен.         

 

Шалқар Дәулетханов,

 

«Бәйтерек» мешітінің наиб имамы

Толығырақ ...

Сүннет – Ислам дінінің қайнар көзі

Сүннет – Құраннан кейінгі Ислам дінінің қос қайнар көздерінің бірі. Сүннет пен хадис болмаса Исламды түсіну мүмкін емес. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с) өз сөздері, істеген істерінен құралған сүннет Алла елшісі (с.ғ.с): заманының өзінде-ақ адамдардың жүрегі мен жадында өшпестей болып сақталған еді. Сахабалар сүннетке асқан жауапкершілікпен  қарап, толықтай мойын ұсынған. Сүннетті  ұстанып, сүннетке сай өмір сүрген. Сүннетті  көздің  қарашығындай сақтап  сол  қалпында  табиғиндарға  тапсырған. Табиғиндар өз дәуірлерінде  түрлі  бүлік  пен  іріткіге  қарамастан  Исламның  қос  тірегі  Құран  мен  Сүннетке  сай  өмір  сүрген.  Осындай  ортадан  көптеген  үлкен  имам, ғұламалар  шықты. Табиғиндар да  Құран  сияқты,  сүннетті мұрты  бұзылмаған  қалпында  кейінгі  ұрпаққа  жеткізді  міне осы   үш  ұрпақ,  сахабалар, табиғиндар, табай-табиғиндар  пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтуы  бойынша  өзінен  кейін  келетін   адамдардың  ең  қайырлылары  болды.

Жарир  ибн  Абдуллаһ мынадай  хадис  жеткізеді. Алла  елшісі  (с.ғ.с):  «Сөздердің ең  қайырлысы – Алланың  кітабы  Құран  кәрім, ұстанатын  жолдардың  ең  қайырлысы  Мұхаммедтің  (с.ғ.с) сүннеті. Ең  жаман  іс – сүннетке  қайшы  келетін  кейіннен  шығарылғандар  бидғат. Әрбір  бидғат  адасушылық  деген», - деген. Осы  тұрғыда  өмірлік  ұстаным  болуға  лайық  қағидаға  тоқталайық. Алла  елшісі  (с.ғ.с) «Үмбетімнің  ішінде  жаннатқа  кірмеу  үшін  қасарысатындардан  басқаның   бәрі  жаннатқа  кіреді», - дейді. «Жаннатқа кірмеу  үшін  қасарысатындар  кімдер  уа  Алланың  елшісі», - деп  сұрағанда  Алла  елшісі  (с.ғ.с ) «Маған  бағынғандар  жаннатқа  кіреді. Маған  қарсы  шыққандар  жаннатқа  кірмеу  үшін  қасарысқандар  болмақ», - деп  жауап береді. Алла елшісі  тағы  бірде  «Үмбетім  мен  менің  жағдайым  от  жаққан  адамға  ұқсайды. Мәселен,  жан-жануарлар  мен  көбелектер  отқа  түсе  бастайды. Мен  отқа  түспеулерің  үшін  етектеріңе  жабысып, жібермей  әлекпін. Ал, сендер  отқа  түсуге  ұмтыласыңдар», - деген.

Тағы  бірде  Алла  елшісі  (с.ғ.с): «Менен  кейін  өмір  сүретіндер  талай  алауыздық  пен  бүлікті, төңкерістерді  көреді.  Сендерге  сүннетімді  және  тура  жолды  ұстанған  әділетті   халифалардың  жолын  үлгі  етемін.  Сендер  менің  сүннетіммен  Рашид  халифалардың  жолын  берік  ұстаныңдар! Абайлаңдар! Кейіннен шығарылған істерден  сақтаныңдар.  Өйткені  әрбір  кейіннен шығарылған  іс – бидғат, әрбір  бидғат  адасушылық  болып  табылады», - деген.

Имам  Мәліктің  «Муатта»  атты  кітабында  Алла  елшісі  (с.ғ.с) : «Сендерге екі  нәрсе  тастап  барамын.  Осыларды  берік  ұстансаңдар  ешқашан  адаспайсыңдар. Бұлар Алланың  кітабы  Құран  және  пайғамбарының  (с.ғ.с.) сүннеті», - дегенін  айтады.

Сүннет  Алланың  және  пайғамбарының  назарында  осынша  маңызды  саналады. Сахабалар  сүннетке  діни  қайнар көздің  бастауы,  өте  маңызды  жетекші, берекелі  Құран  тәпсірі  ретінде  қараған  болса,  одан  кейінгі  ұрпақтарда көздің қарашығындай қорғаштап кейінгі ғасырларға ұластырған.

Осы  діннің  қайнар  көзінің  бірі  болған  сүннетті  бекем  ұстану  әрбір  мұсылманның міндеті. Сүннетті ұстанып  жүруге  көңіл  бөлейік  мұсылман  бауырлар! Алла  қуат  бергей!  Тура  жолда  жүруімізді  нәсіп етсін!

 

Орынбаев Қанапия,

 

«Есенгелді Нұршайұлы мешітінің имамы

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу