Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Исламдағы тамақтану әдебі

Исламдағы тамақтану әдебі

           Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

«Ас - адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Шынында  солай, бұған ешкімнің таласы жоқ. Өйткені, ол - тәннің азығы. Сол себепті күнделікті үш мезгіл тамақтануымызды бойға қуат сыйлайтын Алланың нығметі деп білуіміз керек. 

Қасиетті Құран да Алла Тағала «Сендерге берген ризық-несібелеріміздің адалынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят),- деп әмір еткен. Мұсылман адам алдына келгенді, қолына түскенді жей алмайды. Әуелі астың адал әрі таза болуы қажет екенін Алла бізге бұйырған. 

Тамаққа отырмастан алдын және кейін қолды жуу - дініміздің тазалыққа құрылғандығын тағы да қайтара айтудың артықшылығы болмас. Олай болса, тамақтанудан алдын және кейін қолды жуу - тазалықтың және тән саулығының басты кепілі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Тамақтың берекеті ас ішуден алдын және кейін қолды жууда»,- деген.

Ас ішер алдында «Бисмиллә» сөзін айту -  әуелі мұсылман адам күнделікті өмірінде алдына ас келгенде немесе ұсынылған қандай да бір тағамды жеместен алдын «Бисмилләһир-рахманир-рахим» (Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын) деп айтуы тиіс. Ішіп-жеп болған соң «әлһамдулилләһ» (Аллаға шүкір) деп айту сүннет. Себебі ардақты Пайғамбарымыз өсірген перзенті Омар б. Әбу Сәләмәға (р.а.): «БаламБисмиллә айт. Оң қолыңмен же. Әрдайым алдыңнан же», - деп тәрбие берген.

Астан кемшілік іздемеу: адам қонаққа шақырылса, Пайғамбар хадисіне сай берілген астан кемшілік іздемей, асты таңдамау керек. Алла Елшісі аста ешқашан кемшілік іздемейтін. Тәбеті болса ішіп жейтін, тәбеті болмаса, жемейтін еді.

Асты оң қолмен жеу: шариғат бойынша мұсылман адам сол қолымен ішіп-жеуіне болмайды. Олай жасауы мәкрух. Әрине мүгедектік, науқастық секілді үзірлі жағдайдағы жанға мүмкіндігіне қарай ас ішуге рұқсат етіледі. Мұндай тыйым дені сау мұсылман үшін айтылған. Мәселеге  қатысты ардақты Пайғамбарымыз бір хадисінде былай деген:

 «Сендерден ешбірің сол қолымен ішіп-жемесін. Өйткені, шайтан сол қолымен ішіп-жейді»

Тағамды аз жеу: мұсылманға жарасатын амалдың бірі құлшылығы мен тіршілігінде сергек әрі мықты болуы үшін аз тамақтану болмақ. «Тоқ адамды ұйқы басады, аш адамнан ұйқы қашады» демекші, тоқ адамның нәпсісі жалқаулыққа, күнәға, әдепсіздікке, тәкаппарлыққа, дүниемен жарысуға итермелеуі мүмкін. Шайтан ондай жанға өте жақын болады. Егер шайтан ондай жанға үстемдік етсе, адам күнәлі істі шімірікпестен жасайтын болады. Сондықтан бабаларымыз «Аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деп бекер айтпаған. Мұсылман адам әдепке сәйкес ішіп жейтін асын тойып жемегені дұрыс.

Миқдам ибн Мағдикарибтен (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі былай деді: «Адам баласы асқазаннан да жаман бір ыдысты толтырған емес. Адам баласына белін көтеруге жетерлік бірнеше үзім ас жеткілікті. Егер қарынды тойдыру керек болса, онда үшке бөлсін: үште бірін тамақ үшін, үште бірін сусын үшін, үште бірін нәпсісіне (ауаға) қалдырсын».(Термизи)

Әнас (р.ғ) айтады: Пайғамбарымыз () тамақ жеп болысымен саусақтарын жалап, былай дейтін: «Егер біріңнің тамақтарыңнан бір түйірі түсіп қалса, қыл-қоқымын алып тастап, шайтанға қалдырмай, жеп қойсын». Және бізге ыдыстағы тамақты жалап жеп қоюға бұйырып, былай дейтін: «Шынында сендер тамақтарыңның қай жерінде береке бар екенін білмейсіңдер». (Муслим) Пайғамбарымыз () тамақты үш саусағымен жейтін еді, және, егер тамақтың бір бөлігі түсіп кетсе, оны алып, тазалап, шайтанға қалдырмай жеп қоюға бұйырды.

Тамақтан кейін дұға ету: Ардақты Пайғамбарымыз ішіп-жеп болған соң Алланың берген нығметіне, ризығына шүкірлік етіп көп дұға жасайтын. Сол себепті мұсылман баласы ас ішіп болған соң, өзіне ризық берен, ішкізіп-жегізген Аллаға шүкір етуі тиіс. Діні мен дәстүрін сабақтастыра білген бабаларымыз дастарханнан тұрмас алдын ас қайтарып, бата жасауды әдетке айналдыра білген.

 Ішіп-жеп болған соң айтылатын дұғалар қатарында мына бір дұға кеңінен тараған: «Бізді ішкізіп, жегізген және мұсылман еткен Аллаға шүкір».

Әнәс б. Маликтен (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі былай дейді: «Тамағын ішіп болған соң былай дұға еткен адамның өткен күнәлары кешіріледі: жұмсалған күш пен қуат маған тиесілі болмағанымен осы нығметті маған жегізген, маған рызық ретінде берген Аллаға мақтау болсын» (Тирмизи, Әбу Дауд)

 

Қорыта айтқанда, дініміз әмір еткен әрбір амал-әрекеттің белгілі мақсат-мүддесі бар. Сол амалды орындауда ниеттің орны айрықша. Тамақтану да сол секілді. Егер нәпсі үшін тойып тамақтансаңыз, сізге - ол зиян. Енді бойыма қуат болсын деп Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиет еткен мөлшермен жесеңіз болсаңыз, өзіңізді жеңіл, әрі еркін сезіне түсесіз. Сондықтан, тамақтанудың ең басты мақсаты - нәпсіні тойдыру емес, Аллаға деген құлшылығымызды еркін жасау үшін болғаны жөн. Алла отбасымызға амандық, денімізге саулық нәсіп еткей! Әумин.

Арман  ИСАЕВ,  

«Жылыой Мұсылмандар» аудандық

мешітінің бас имамы

Жоғарыға