Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұлылығы мен кемелдігі жайлы сөз қозғағанда, кім-кімге де үлгі-өнеге болатын, ол кісінің бойындағы ерекше қасиеттерінің бірі – көркем мінезі туралы айтпай кету мүмкін емес. Ол туралы Құран Кәрімде: «Шын мәнінде, сен ұлы (көркем) мінезге иесің», – деген аятта ашық баян етілген (Қалам, 4). Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек сөз жағынан Құранды үйреткен ұстаз емес, ондағы иләһи бұйрықтарды өз бойына сіңіріп, өміріне енгізген, Құранның жанды үлгісі бола білген қасиетті жан.Жоғарыдағы аят жөнінде Қатада (р.а.) мынадай дерек келтіреді: Сағид бин Һишам, Айша анамыздан (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінез-құлқы жайлы сұрайды. Анамыз: «Құран оқыған емессің бе?», – деді. Ол: «Оқимын», – деді. Анамыз: «Расында, Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінезі Құран болатын», – деп жауап берген.Пайғамбар (с.ғ.с.) басқа бір хадистерінде : «Алла тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді», – деген.( Муатта 904; Бәйхаки, әс-Сунәнул Кубра Х, 192)
Көркем мінездің келесі бір бұтағы – қарапайымдылық. Айша (р.а.) анамыз: «Алла елшісіндей көркем мінезді жан жоқ еді. Оны сахабаларының бірі немесе отбасының бірі шақыратын болса «ләббай» деп жауап беретін еді», – дейді. Артық сөз сөйлемей, әрбір сөйлеген сөзі даналық пен үгіт-насихатқа толы еді. Оның киелі аузынан ешқашан өсек,яки,бос сөз шыққан емес-ті. Қарсы алдында тұрған адамның түсінігіне қарай сөйлеп қарым-қатынас жасайтын. Ол әрқашанда сыпайы, кішіпейілдіжәне жайдары болатын. Тіпті оның тарқылдап күлгенін көрген жан жоқ еді.Оныкенеттенкөріпқалған адам именіп қалатын, ал онымен сұхбаттасқанадам,оған шын жүрегімен ғашық болыпсүйетін-ді.Зиялы қауым өкілдеріне де, олардың мәртебелерінеде үлкен құрмет көрсететін. Туған-туысқандарына ерекше көңіл бөліп, оларға да құрметпен қарайтын. Өз отбасына сондай-ақ, ардақты сахабаларына да жақсы қарым-қатынаста мәміле жасайтын. Мінез-құлқы мен ақылдылығы, парасаттылығы тұрғысынан барлық адамзаттан үстем әрі ұлы мақтауға лайық еді.Қысқаша айтар болсақ,дене бітімі әдемі, жаратылысыкәміл, теңдесі жоқ киелі жан болатын.
Аллаһ елшісінің саналы ғұмыры негізінен көркем мінезді дәріптеуге арналды. «Көркем мінез» жайлы білмек болған бір кісіге пайғамбарымыз (с.а.с.): «(Ей, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер»,( Ағраф,199) деген аятты оқып:
- Көркем мінез - туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, - деп қорытқан.
Және бір жерде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал - Аллаһтан қорқу мен көркем мінез»,- деген ( Тирмизи, Бирр).
Бір кісі Пайғамбарымызға келіп:
- Дін деген не? - деп сұрағанда:
- Ол - көркем мінез, - деп жауап қатқаны тағы бар.
Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да Пайғамбарымыздан «Көркем мінез» деген жауапты алған.
- Іс-амалдардың қайсысы жақсы? - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз:
- Көркем мінез, - деген. Тағы басқа бірнеше хадистерінде:
- Аллаһ бұл дінді өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер;
- Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдісі - мінез-құлқы ең жақсы болғаны;(Әбу Дауд, Суннат, 14; Тирмизи, Рада, 11).
- Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз - ең көркем мінезділеріңіз.- деген, (Тирмизи, Бирр, )
- Сірке балды қалай бұзса, жаман мінез-құлық та сол секілді ізгі амалдарды бұзады (жарамсыз етеді);
- Қайда болсаңдар да Аллаһ Тағаладан қорқыңдар! Жамандық жасасаңдар, артынша дереу оны жуып-шаятын жақсылық жасаңдар. Елмен қарым-қатынаста көркем мінезді болыңдар!- деген, (Тирмизи, Бирр)бұның маңыздылығына үмбетінің назарын ерекше аудартқан. Ал басқа бір хәдистерінің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.с): «Таразыға ең алғаш тартылатын нәрсе - көркем мінез»,- (әл-Һинди, Канзуль-уммаль фи сунәниль-ақуаль уәль-афаль, Бейрут, 3.т, номері 5160 хадис),- деген хадисі - кемелдік жолын іздеген әрбір адам үшін бағдаршам іспетті. Ешкімді сөзімен және қылығымен ренжітпей, таспен атқанды аспен ата білу де - көркем мінез бен парасаттылықтың белгісі. Жақсымен жақсы қарым-қатынас жасау кім-кімнің болса да қолынан келеді. Алайда, жақсылықтан үрке қашатын жандармен де жақсы қатынас жасай білу - екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Әбу Усама (радияллаһу анһу) былай деген екен: «Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан сөзі Құран еді. Көп зікір салатын, Хұтпасын қысқа қайырып, намазын болса ұзақ оқитын-ды. Жарлы-бейшараға көмек көрсету үшін онымен бірге жүруге намыстанбайтын, керісінше ондай істерді қуана отырып орындайтын». Сондықтан игі амал жасауға, көркем мінез-құлыққа ие болу үшін, сондай-ақ оған ие болғаннан кейін де оларды өз қалпында сақтап қалудың бірден бір жолы – көңіліміздің орны Кағбамызда Хазіреті Пайғамбарды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзімізге имам тұтып, Ұлы Раббымызға шын көңілімізбен құлшылық жасау. Яғни, жүрегімізбен һәм іс-қимылымызбен Расулұллаһпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге бола білу.
Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұлы есімі көк пен жерде қалып, көңілімізде мәңгілік жасай береді. Сондықтан жүрегімізге дүниелік патшалар мен олардың сән-салтанаттарының атақ-абыройын емес, мәңгіліктің тағында отырған Аллаһтың сүйікті де теңдесі жоқ құлы – Хазіреті Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) есімі мен даңқын өшпес махаббат жазуымен нақыштауымыз керек. Рухани құндылығымызды сонда ғана сақтай аламыз. Құран Кәрімде Аллаһ Тағала: «(Ей, Расулым!) Сен олардың арасында жүргеніңде, Аллаһ оларға азап етуші емес» (Әнфал сүресі 33-аят) деген аятын мүшріктерге сілтеген еді. Бұл аяттың астарлы мағынасында Пайғамбарының қасиетті сипаттарын өз жүрегі мен көңіліне ұялатқан мүмин жандар үшін сүйіншілер мен үлкен сыйлықтар бар деген сөз. Демек, мүмин құлдың жүрегі неғұрлым Расулұллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген махаббатқа толса, соғұрлым Құдайдың кәріне ұшыраудан алыстаған болар еді. Ұлы Аллаһ Хазіреті Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген махаббатымыз бен оның көркем мінез-құлқын бойымызға сіңірсек, бізді өз азабына душар болудан қорғайды. Тіпті осы жалған дүние бастан-аяқ тұзақ болып, тауқыметке толы болса да біз үшін түк емес. Ал ішкі жан дүниеміз одан қалыс қалса, құрдымға кеткеніміз.
Ұлы Раббымыз, біздерді оған асқан махаббатпен қарайтын лайықты үммет қылғайсың! Мейірімділік аспанындағы «ұлы жаратылыс күнінің» сәулесінен жарық алып, жүрегіміз бен жүзімізді толған айдай жап-жарық қылғайсың! Әмин.
Арман Исаев,
«Жылыой мұсылмандар» мешітінің
бас имамы